Қостанайда 10 айлық бала жұмбақ жағдайда бақилық болды Фото: envato

Қостанайда 10 айлық бала жұмбақ жағдайда бақилық болды

Қостанай облыстық балалар ауруханасына ентігу белгілерімен түскен сәби  сол жерде қайтыс болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Анасының айтуынша, 1 қарашада бала аздап ентігумен Қостанай облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Пневмонияны анықтау үшін тексеру мен рентгенге түсіру мақсатында баланы ауруханада қалдырған. Алайда, келесі күні баланың жағдайы нашарлап, жан сақтау бөліміне ауыстырылды.

«Сағат 13:30-да дәрігерлер мені реанимацияға шақырды, бұл маған біртүрлі көрінді, өйткені бұған дейін рұқсат бермеген еді. Реаниматолог: «Өкінішке қарай, ұлыңыздан 13:00-де айырылып қалдық» деді. Мен бұл сөздерді өмірімде ешқашан ұмытпаймын» деп», – жазды Ақгүл Бердімұрат.

Ата-ана полицияға арыз жазды.

«Бұл дәрігерлердің кінәсі! Жұмадан дүйсенбіге дейін баламның азап шеккенін көріп, ештеңе істемегендердің бәрі кінәлі! Бұл — олардың немқұрайлылығы!» – деп есептейді қайтыс болған баланың анасы.

Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме берді.

«Денсаулық сақтау басқармасы Қостанай облыстық балалар ауруханасында қайтыс болған баланың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Осы жағдайға байланысты Денсаулық сақтау басқармасы ішкі тексеру жүргізеді. Сондай-ақ, оқиға фактісі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп мәлімдеді ведомство.

Аиша Алдаяр

Жаңалықтармен бөлісу