Өңірде бидай алқаптары 130 мың гектарға азайған

Өңірде бидай алқаптары 130 мың гектарға азайған

Астықты өңірде биыл біраз жұмыс еңсерілді. Шаруалар мол өнім жинап алды, мал басы түгел. Жем-шөп тасылды. Ала жаздай ауыр жұмыстан арылмаған диқандардың енді арқаны кеңге салуына әбден болады. Оның үстіне, тауар өндірушілердің төл мерекесі алыс емес.

Қараша айының үшінші он күндігі елімізде тамақ және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Соның алдында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы  диқандарды дөңгелек стол басына жинап, жылды қорытты. Келесі жылдың жоспары талқыланды.  Алқалы басқосуда сөз алған басқарма жетекшісі  Ибрагим Бекмұхамедов жиналғандарды егін орағының нәтижесінен хабардар етті.

            «Жалпы алғанда, біз жылды жақсы нәтижелермен аяқтап отырмыз. Облыс бойынша 5 млн 973 мың тонна астық жиналды. Орташа өнімділік бір гектарға шаққанда 14 центнерден айналды. Майлы дақылдардың да үлесі олқы емес. Бүгінгі таңда 691,4 мың гектар алқаптың  97,3%-і жиналды. 450,5 мың тонна май тұқымы бастырылды. Мұның сыртында 111,7 мың тонна картоп, 30 мың тонна көкөніс қорын жасап алдық. Биыл  егіннен астық қабылдау кәсіпорындарына 1 млн 642 мың тонна өнім түсті. Қазіргі уақытта элеваторлардың жүктемесі 49%-ке тең. Қабылдау пункттеріне түскен бидайдың басым бөлігі 3 класқа жатады. Күзгі егіс жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген бағамен 83 мың тонна дизель отынын сатып алды. Сондай-ақ астықты кептіруге 13,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл өнімді  кептіру үшін толығымен жетеді», – деді Ибраһим Бекмұхамедов.

Оның айтуынша, облыста  барлығы 403 астық кептіру агрегаты бар көрінеді. Оның 105-і астық қабылдау кәсіпорындарына тиесілі. Қалғаны – ауыл шаруашылығы құрылымдарының меншігі.  Олар  сағатына 13,2 мың тонна өнімді кептіруге қауқарлы.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы форвардтық сатып алу міндеттемелерін өтей бастаған. Диқандар 165 мың тонна өнімнің 109 мың тоннасын немесе  77,7%-ін  тапсырды. Сондай-ақ өткен жылдан бергі мерзімі ұзартылған 2,9 млрд теңге қарыздың 2,2 млрд теңгесі қайтарылды. Аудан әкімдіктері ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлесіп, қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін орындауда тиісті шараларды қолға алды. Нәтижесі жаман емес.

            «Диқандар келесі жылға қажетті 514 мың тонна тұқымды қамбаға құйып алды. Сондай-ақ 818,8 мың гектар пар дайын. Олар үш-төрт мәрте механикалық және химиялық тәсілмен өңделді. Мұның сыртында 1 млн 337 мың гектар алқапқа  күзгі  өңдеу жүргізілді. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері 2025 жылға арналған егіс алқаптарының құрылымын нақтылау жұмыстарын қолға алды. Алдын ала жоспарлағаныыздай, келесі жылы да 5,1 млн гектарға дән сіңіріледі. Оның ішінде дәнді дақылдар 4 млн 203,7 мың гектарға бидай,  757,7 мың гектарға майлы дақылдар себілмек», – дейді басқарма басшысы.

Мемлекет басшысының 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есеге дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға қатысты облыста «Жол картасы» түзілді. Осыған байланысты астықтың өңірде  биыл майлы дақылдардың үлесі біршама артты. Керісінше, бидай алқаптары 130 мың гектарға азайған. Бұл – үлкен көрсеткіш.

            Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу