Қостанайдағы Назарбаева зияткерлік мектебінің оқушылары “Тики дрон” бағдарламасын іске асырды. Дәлірек айтсақ, заманауи дронның көмегімен 1 гектар алқапқа ағаш еккен.
“Бұл қондырғы жасанды интеллект күшімен басқарылады. Қолданушы қойған картадан қайда отырғызу керектігін тауып, капсулаға салынған өсімдік тұқымдарын себуге қабілетті”, – дейді жобаның мүшесі София Ыбыраева.
Құрылғыға көлемі төрт литр контейнер орнатылған. Диспенсері бірнеше шнекпен жұмыс істеп, әрқайсысы бір-бір механизм атқарады. Жылдамдықты оқушылар өздері бақылап отырады.
Оқу орнының оқушылары Kostanay digital day- 2024 форумына бұдан бөлек төрт жоба ұсынды.
“Біздің оқушылар таныстырылымға бес жоба алып келді. Оның екеуі тұрмыс қалдықтарын кәдеге жаратуға бағытталды”, – дейді оқу орнының физика пәні мұғалімі Мейірхан Исмағұлов.
Мәселен, оқушылар темекі қалдықтарынан ойыншық жасауды ойлап тапты. Абитуренттерге келешекке жол сілтеп, кеңес те бере алады. “Ұстаз” бағдарламасы арқылы өзге ұлттың балаларын қазақ тіліне баулуды бастап кетті.
“Осы жобаны қазақ тілін жаңа үйреніп жүрген балаларға арнадық. Бағдарламаға жпти мен ейпиай қостық. Олар бір-бірімен жұмыс істеп, қазақ тілін жеңіл оқуға мүмкіндік берді”, – жобаның мүшесі Бауыржан Әмірғалиев.
Осы форумның алдында ғана ҚИнЭУ -дің жас ғалымдары бағдарламашыларды оқытудың сегіз грантын ұтып алды.
Ең алдымен бұлар “Астана хаб-тың” резиденті болды.
Аккредиттеуден өтіп, ниет танытқан болашақ мамандарға тегін білім алу мүмкіндігін сыйлап отыр.
“”Астана хаб-тың” ұйымдастыруымен алғашқы рет өңірде бағдарлама мектебін аштық. Онда 18-45 жасқа дейінгілер білім ала алады. Курстың мерзімі жарты жыл. Оқытушыларымыздың барлығы халықаралық мектептерде білім алған. Алғашқы алгоритмінен бастап, телеграм бот құра алатындай, банкоматтағы карточка бағларламасын жаза алатындай болып шығады”, – “Дулат код” аити мектебінің оқытушысы Нұргүл Үдербаева.
Айбек ЖҮЗБАЙ,
Суреттерді НЗМ баспасөз қызметі ұсынды.