Редакциямызға «Қостанай таңы» ұйымдастырған ұтыс ойынының науырзымдық жеңімпазы Махмет Алдажұмановтың баласы Батырхан мен келіні Айнұр Хасенқызы келді. Газеттің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы демеушілердің ұсынған қос конфорлы плита сыйлығын табыс етті.
Махмет Қисықұлының еңбек жолы Науырзым өңірінде өткен. Аграном, одан бас маман болды. Бүгінде оқырманымыздың жасы сексен сегізде. Қазір тоғыз баласының қызығын көріп, шөпшегінің қолынан су ішкелі отыр.
«Әкеміздің жасы тоқсанға жақындады. Өз аяғымен жүріп-тұрады. Газет-журналды көп оқиды. Осы уақытқа дейін ел тынысын айғақтайтын біршама газет-журнал жаздырып алып отырамыз. Солардың ішінде “Қостанай таңын” жинап отырады. «Бұл жерде біздің өңірдің тынысы хатқа басылып тұр. Оны жоғалтуға болмайды» деп үнемі айтып отырады», – дейді баласы Батырхан.
Батырхан Махметұлы үйіндегі тоғыз ағайындының кенжесі. Басында жеке кәсібі бар. Мал шаруашылығымен айналысады. Жолдасы Айнұр мектепте мұғалім.
«Қостанай таңының» ұтыс ойыны екінші жыл ұйымдастырылуда. 2025 жылдың оқырмандары үшін де жалғасады. Республика күніне орай өткізіліп жүрген іс-шараның бас демеушісі – «Сосновый бор» шипажайы. «Тобыл» футбол клубы, «Аllur» компаниясы, «Аманат», «Ауыл» партиялары, «Еуразиялық банк» АҚ, «Емшан» сауда үйі мен облыстың басқа да кәсіпкерлері қолдау көрсетті. Ұтыс ойынына қатысу үшін 2025 жылға 6 айдан 12 айға жазылу керек. Сонда сіз автоматты түрде ұтыс ойынына қатысушы атанасыз. Осылайша сыйлық иегері атануыңыз мүмкін.