Облыс орталығындағы жаппай сенбілік таңғы сағат 10:00-де басталды. Қала тұрғындары мен барлық мекеме-ұжым қызметкерлері алдын ала белгіленген жерлерді қоқыс-қалдықтан тазалады. Сағат 14:00-де сенбілік Жеңіс саябағында қыза түсті.
Саябақтағы тазалық жұмыстарына облыс әкімі Құмар Ақсақалов, қала басшысы Марат Жүндібаев және басқа да жергілікті билік өкілдері келіп қатысты. Қолдарына айыр-тырма алып, бірлікті іске білек сыбана кірісті.
“Сенбілік біздің қалада ғана емес, облыстағы барлық өңірде өтіп жатыр. Өзім де үнемі осындай қоғамдық жұмыстарға көппен бірге қатысып тұруға тырысамын. Бұл, біріншіден, өскелең буынға үлгі-өнеге, екінші жағынан, тазалық пен жинақылықтың болғаны қай-қайсымызға да қажет. Тазалық бар жерде тәртіп те бар. Ал тәртіп бар жерде қашанда табысқа тезірек жетуге жол ашық болады. Жалпы, барлық елді мекеннің алдында көктемгі және жазғы абаттандыру жұмыстары күтіп тұр. Осыған бүкіл тұрғынды бір кісідей атсалысуға шақырамын. Мұның еш қиындығы жоқ, тек жақсы ниет, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік болса жеткілікті”, – деді облыс әкімі.
Билік өкілдері мұның ешқандай популизм емес екенін, бар болғаны, бас болып, сүйікті қаламызға жанашырлықпен қараудың үлгісі екенін айтты. “Қазір қолы бос ешкім жоқ, бірақ бірер сағат уақытын бөліп, көшелі іске үлес қосуға шыққанда тұрған ештеңе жоқ” дейді олар.Тазалық – жиналған жерде емес, шашылмаған жерде. Әркім өз ауласын таза ұстаса, бүкіл қала таза болар еді. Ортақ үйге ұқыппен, қамқорлықпен қарау қашанда маңызды. Сенбілікке келген еріктілердің қай-қайсы да осындай пікірде…
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ