Сексеннен асып қамшы өрген…

Сексеннен асып қамшы өрген…

Дархандығы даладай, көңілі баладай қадірменді қарияларымыздың жүріп өткен жолы қашанда жастарға үлгі, өнеге. Өмірдің сан салалы соқпақтарын басып, ыстық-суықты бір кісідей көрген ақсақалдарымыздың бірі – Арқалық қаласы, Родина ауылының тұрғыны Қалдыбек Тасмағанбет ата.

Қария жасы сексеннен асса да құдай берген денсаулығының арқасында қартайдым деп қарап отырмай қолы қалт еткенде қамшы өріп, ісмерлікпен айналысады.

Өзінің айтуынша Қалдыбек ата Қайыңды кеңшарының Алуа деген жерінде туып өскен. Осы өңірдегі «Аққошқар» деген жерде әкесі малшы болыпты.

Өткен өміріне көз жібергенде сонау бір шақта Игілік Абдуллин деген директор келіп, алпысты алқымдаған әкесіне «Ақсақал зейнет жасына жетіпсіз. Қазір орныңызға қоятын адамның реті жоқ. Мына балаңызға құрығыңызды ұстатсаңыз» деп қолқа салады. Қалдыбек ата ол шақтанебары 14 жаста еді. Содан бері қарай сонау сексенінші жылдарға дейін әке құрығын ұстап, мал бақты.

Кейін тоқырау жылдарында мал бағудың қиюы кеткесін қалаға балаларының жанына көшіп келді. Азын-аулақ малынан күні бүгінге дейін қол үзген жоқ. Жұбайымен екеуі жеті баланы тәрбиелеп өсірді.

“Құдайға шүкір жаман емеспіз. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жүріп жатырмыз. Ұлдан бесеу, қыздан 15 немере-жиендерім бар”, – дейді тоқмейіл қария.

Атаның өмір жолынан сыр суыртпақтап әңгімеге тарттық. Әсіресе бізді қызықтырғаны өрімшілдігі.

“Қамшы өретінім бар. Қолқа салғандар болса көңілдерін жықпай істеп беремін. Үлкен қалаларға барғанда базардан қайыс сатып аламын. Дайын құлақбаулар болады. Қамшы жасамас бұрын алдымен қайысты тіліп дайындаймын. Жонып қалыпқа келтіремін. Ермек қылып, уақытымды өткіземін. Сабын тобылғыдан жасаймын. Көбіне сегіз таспалы қамшы істеймін. Қамшының қасиеттері көп. Қазақтың «төріңде қамшы болсын» дейтіні үйде жын-шайтан болмасын деген ниеті. Нәресте сүйе алмай жүрген жұбайлар ырым қылады. Баланың бесігіне шошымасын деп пышақ, қамшы қояды.Батырлар серттескенде, дат айтқанда қолданады. Үлкен кісілер қонаққа барған үйіне қалдырып кетеді. Үй иесі бұл емеурінді түсініп, омыртқасын асып қонақасысын береді.  Тобылғыны арнайы барып, кешегі өзімнің мал баққан жерлерімнен, далада өсіп тұрған жерінен таңдап, кесіп әкелемін. Түп түзу тобылғы табыла бермейді. Отқа қыздырып, май жағып, түзеймін. Қамшының үлкені 32 өрімнен басталады. Содан кейін 16 және 8 өрім болады. Қамшы жасауды ертеде ауылдағы ағайындарымнан көріп үйрендім. Шахман деген ағамыз, Тәтіғұл деген жылқышылар қамшы істейтін. Бір қарағанда оп оңай сияқты болып көрінгенімен қамшының жасалу жолдары өте күрделі. Көбісі өруін өргенмен қамшының топшысын шығара алмайды”, –дейді Қалдыбек ата.

Қалдыбек атаның қолынан шыққан қамшысының алды Алматы қаласына асқан. Інілерінің бірі ағасына аттай қалап жасатып, құдасының мерейтойына тарту етті.

“Ақ қайысты «шикі қайыс» дейді. Бояғанын құрым дейді. Құрыммен етік, мәсі тігеді. Етікке қалыңы, мәске жұқасы дұрыс. Мен қамшы өруге сиырдың терісінен жасалған қайысты тұтынамын. Өгіздің терісі қалың, төзімді болғандықтан ауыр ат әбзелдерін жасауға пайдаланады. Қайыс деген өте құнды. Қамшы қазақтың төрінде тұрады. «Абай атамыз айтып кеткен үйіңде домбыраң мен қамшың тұрсын деп»,  – деп әңгімесін бір шиырды шебер ата.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                      Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу