Мұнда берілген тәрбие мен білім баланың табиғи мінезін, ұлттық өнегенің ең асылын, қарым-қабілетін қалыптастырады. Балабақшаның бұл жерде алар орны ерекше.
Келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, ізгілік пен адамгерлішіке баулитын мекен. Осы талаптардың үдесінен шығып отырған Рудный қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін №15 балабақшасы.
Алғаш рет былтырдан бастап барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негіздеген саясаты көрініс тапқан “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы енгізілді.
Бағдарламаның көздегені балаларды тәбиелеуде білім беру ұйымы мен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту. Кеншілер қаласындағы №15 балабақша аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істеп келеді.
“Біртұтас тәрбие” бағдарламасы негізінде біздің балабақша төрт бағыты бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі. Алғашқысы “Әділдік және жауапкершілік” бағытында ұлттық ойындарды дамытамыз. Ересек “Балапан” тобында жүзеге асады. Өздеріңіз көргендей, тоғызқұмалақ, арқан тартыс деген сынды көптеген ұлттық ойындарды ойнатамыз. Балалардың да ерекшеліктеріне сай ойындарды енгіздік. Екінші бағыт “Жасампаздық және жанашылдық”. Ол бағытта “Ботақан” тобында ұлттық аспаптар арқылы балаларды ұлтжандықлыққа тәрбиелейді. Музыкалық талғамдарын дамытады. Келесі “Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік” бағытында зергерлік бұйымдарды таныстырып, жасалу жолын үйренеді. Соңғы бағыт “Бірлік және ынтымақтық” бағытында “Гүлдер” тобы ою-өрнектермен танысып, пішіп үйренеді”, – дейді балабақша меңгерушісі Жанна Күзембаева.
Ересек “Балапан” тобында 25 тәрбиеленуші бар. Бүлдіршіндердің тәрбиешілері Мәдина Қайралапова мен Ажар Игубаева “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы шеңберінде “Әділдік пен жауапкершілік” бағыты бойынша ұлттық ойындарды дәріптейді.
“Балаларға ұлттық ойын түрлерін насихаттаймыз. Яғни, 4-5 жасар бала тозызқұмалақ ойының толық білмесе де, тарихын айтып береміз. Ал күнделікті сабақ барысында шертпе, бестемше ойындарын ойнайды. Күн жылыда серуенге шыққанда арқан тартысады. Асықтан да көп ойын түрлерін ойнатуға болады. Балалар халқымыздың ұлттық ойындарының шығу тарихымен жақсы таныс. Топтағы арнайы бұрышта үлгілері жасалған. Мерекелік іс-шараларда қыз қуу ұйымдастырамыз. Әр мерекеде ұлттық ойындарымыз ескерусіз қалмайды”, – дейді тәрбиеші Мәдина Қайралапова.
Ал мектепалды даярлық “Гүлдер” тобы “Біртұтас тәрбие” бағдарламасындағы “Бірлік пен ынтымақтастық” бағыты бойынша жұмыс істейді. Тәрбиешілер Люся Отеева мен Эльфира Мырхиева балаларға ою-өрнектің түрлерін үйретіп, тарихымен таныстырады.
“Мектеп алды даярлық тобында 25 бала. Бағытымыз бойынша ою-өрнектерді қолдана отырып, бірлік пен ынтымақтастыққа, ұлтжандылыққа, құндылықтарды сыйлап, дәріптеуге баулимыз. Балаларды оюлардың түрлерімен таныстырып, таным көкжиектерін кеңейтіп, қол моторикасын дамытамыз. Балалар қолдан ойып жасаған оюларын қағаз бетіне, сандықтың сыртына, көрпешелерге жабыстырады” – дейді тәрбиеші Люся Отеева.
Ересек “Құлпынай” тобы “Еңбекқорлық және кәсіби білік” бағытында жұмыс істеп жатыр. Тәрбиешілері Дәмдігүл Сұлтан мен Ақмарал Қамбарова тәрбиеленушілерді кәсіпке баулып үйретеді.
“Балалар ересек, олармен еркін бір бағыт бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бағытымыз бойынша кәсіпке баулып, еңбекқорлыққа үретіп жатырмыз. Зергерлік бұйымдар жасауды қолға алдық. Балалар өз қолдарымен сырға, білезік, сақина сынды бұйымдарды жасайды. Әзірге тек үлгілерін салып, тарихымен танысып жатыр. Оның сыртында қыздар кесте тоқып, қалдық бұйымдардан шаштарына тағатын буғыш баулар жасап алады. Зергерлікке қажетті құралдарға тапсырыс беріп қойдық. Төс пен балға келсе, ұл балалар зергерлік бұйымдарды жасап үйренеді. Ал қазіргі уақытта ер балалар қамшы өріп жатыр. Қосымша ата-аналарымен бірге орындауға үйге тапсырма беріледі. “Алтын күз” мерекесіне орай бұйымдар жасауға тапсырма берілді. Жасап әкелген бұйымдарын өздері таныстырып, қандай дүниелер қолданғанын айтып берулері керек. Бұл әдіс те балалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады”, – дейді Дәмдігүл Сұлтан.
Ортаңғы “Ботақан” тобы болса “Жасампаздық пен жаңашылдық” бағытында қазақтың ұлттық өнерін бойларына сіңіріп жатыр. Топ жетекшілері Гүлшат Абжанова мен Мөлдір Сұлтанбаева 25 баладан оркестр жасақтаған. Бір бала барабан ұстаса, енді бірі сылдырмақта, ендігісі асатаяқта ойнайды.
Және де әр бала күй ойнағанда өзінің аспаптарын қай жерінде ойнаулары керек екенін біліп, әуенге ырғалып, қалыс қалмайды. Көзбен көрген адамға құдды бір кәсіби ұжым күй орындап жатқан тәрізді сезім қалдырады.
“Топ балаларымен биыл “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы негізінде жұмысты бастап кеттік. Қазақтың ұлттық өнерін, құндылылықтарын бойларына сіңіре отырып, ұлттық аспаптарды балаларға таныстырып қана қоймай, үйретіп жатырмыз. Есте сақтау және кішкентай қолдарымен қол моторикасын дамытудамыз. Халқымызда “Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра!” дегендей, бүлдіршіндеріміз болашақта өнерлі, ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына тәрбие беріп жатырмыз. Балалар қазір келіншек күйін үйреніп жатыр. Бүлдіршіндердің тыңдау қабілеттері өте жақсы. Балалар күйді ойнай отыра, қарқынға түсіп, ілесіп отырады”, – дейді тәрбиеші Гүлшат Абжанова.
Дариха Искакованың немерелері осы балабақшаның тәрбиеленушісі. Сондай-ақ, ол кісі “Ботақан” тобынның жанынан құрылған ата-аналар комитетінің төрағасы. Балабақша ата-аналары да ұжыммен тығыз жұмыс істейтінін айтады.
“Екі немерем екі топта тәрбиеленіп жатыр. Балабақша тәрбиешілері көңілімізден шығады. Жалпы балабақшаға барған бала өзгеше болады. Дамуын үйге келгенде байқаймыз. Күнде бір жаңашылдық үйреніп келеді. Өзім балабақшамен тығыз байланыстамын. Ата-аналарды балабақшаның іс-шарасына ұйымдастырып, қажетті көмегімізді аямаймыз. Тәрбиешілер де білікті, білімді. Тәрбие тал бесіктен дейді ғой. Қазақ болған соң артымыздан ерген ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскенін қалмаймыз. Мұнда балалар қазақы нақышта тәрбиеленіп жатыр”, – дейді Дариха Искакова.
Балабақшада әкелер және әжелер клубы құрылған. Жобаның ауқымы кең. Өзіндік жылдық жоспары бар. Айына екі рет әжелермен кездесу өтеді. Ол отырыста қазақ отбасындағы салт-дәстүр, құндылықтар дәріптеледі.
“Әр отырыс сайын ұмыт болып бара жатқан құндылықтар айтылады. Балалар көпті көрген үлкендерден ата-аналарымен бірге құлақ асып тыңдап, мағлұмат алып қайтады. Ата-аналар арасында жас отбасылар бар. Ол кісілерге де жақсы, білмеген тұстарын біліп қайтады. Әкелер мен аталар клубын біріктірдік. Балабақшадағы ер балалар әке, аталарымен бірлесе жұмыстар істеп, еңбеке үйренеді. Жақында сандық көрмесін ұйымдастырдық. Балалар темірден, ағаштан, матадан басқа да түрлі матералдардан сандықтар жасап әкелді. Бұл да әкем мен бала арасында тағыз байланыс орнатуға сеп болды”, – дейді балабақша меңгерушісі Жанна Күзембаева.
Балабақшада 100 бала тәрбиеленіп жатыр. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы негізінде алған бағыттары жолға қойылған. Бүлдіршіндердің тәлім-тәрбиесімен 10 педагог айналысып жүр. Бәрі да жоғары білікті, жаңашыл мамандар.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТОВ
Рудный қаласы