Пешті газ алмастырмақ

Пешті газ алмастырмақ

Диев ауылдық округі  облыстағы шаруашылығы өрге домалаған елді мекендердің бірі. Мұнда күні бүгін 1700-ге жуық адам тұрады. Қоскөл, Үшқарасу, Қосағал, Тұрғымбаев тәрізді төрт бөлімшесі бар. Осының бәріне мал бағып, егін өсіріп отырған «Диев агрофирмасы» ЖШС иелік етіп отыр.

Округте мектеп, бала-бақша, медпункт, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандар жұмыс істейді.  Елді мекен тұрғындарының басым бөлігі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Ыстық, суық су келіп тұр. Соңғы екі жылда мұнда алты көшеге асфальт төселді. Түнемелік шамдар самаладай жарқырап тұрады.  Тек, газ ғана жетіспейтін. Енді бұл мәселе де шешімін таппақ.

Осыдан екі жыл бұрын «Диев агрофирмасы» ЖШС-нің Бас директоры Олег Даниленко ауылға көгілдер отын құбырын тарту жөнінде бастама көтерген. Шаруашылық басшысы мәселе жерде қалмасы үшін құжаттарын арқалап, облыстан бастап республикаға дейін, түрлі инстанциялардың есігін қағып шықты. Билік тарапы агрофирма директорының сөзін құптағанмен, дәл сол кезде қаржы мәселесі алдан шықты.

– Негізі,  ауылға газ тарту үшін 2,5 млрд теңгеге өтінім берген едік. Ол жолы жолымыз болмады. Кейін облысқа тағы хат жолданды. Сол кездегі облыс басшылығы ұсынысымызды қолдағанмен, бюджет тапшылығы тағы алдан шықты. Бар ақша алдын-ала басқа салаларға бөлініп қойған.  Құмар Ақсақалов облысқа әкім болып тағайындалғанда, ол кісіге де мәселені төтесінен қойдық. Обалы кәне, бірден құптады. Өйткені, көгілдір отын бізге ауадай қажет еді. Ауылда жас мамандарға, кәсіпорын жұмысшыларына жаңа үйлер салынып жатты. Оның үстіне бұрынғы орталықтандырылған жылу жүйесі тоза бастаған. Оны қайта жаңартқаннан газ құбырын тарту әлдеқайдатиімді. Күні бүгін Әулиекөл кенті жағынан он алты шақырымды құбыр салынды. Ауылдың өз ішіндегі үйлерге он екі шақырымдық желі тартылды. Қысқасы, жұмыстың 50% – і аяқталды. Егер тиістиі қаражат бөлінсе, келесі жылы  ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмек,– дейді «Диев агрофирмасы» ЖШС директорының орынбасары Олег Даниленко.

Құрылғанына сексен жыл толған шаруашылық басынан талай қиындықты өткерсе де, мойыған жоқ. Қайта түлей түсті. Мал санын көбейтті, сапалы егін өсіреді. Ауыл тұрғындарының бос отырғаны жоқ. Бәрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға лайықты жағдай жасауды шаруашылық басшысы өз мойнына алған. Жыл сайын жол жөндеу, көшелерді абанттандыру, жаңа нысандарды іске қосу күн тәртібінен түсіп көрген емес. Сондықтан, Диев ауылынан ешкім сыртқа көшкен жоқ.

– Мен өзім осы жерде туып-өстім. Жастайымнан еңбекке араластым. Кезінде шаруашылықтың бас агрономы, атқарушы директоры болып қызмет еттім. Жасым жетпістен асса да әлі туған жеріме еңбек етуден жақыққан емеспін. Көп ауылдан халық  үдере көшіп кеткенде, біздің ауылдың «мұрты бұзылған жоқ». Өйткені, агрофирма директоры ең алдымен тұрғындардың мұң-мұқтажын шешіп берді. Біздің ауылда газ мәселесінен бөтен проблема жоққа тән. Ақыры осы мәселені біржақты ету үшін Олег Владировичтің «бармаған жері, баспаған тауы» қалмады. Міне, енді бұл мәселе де іске асқалы тұр. Облыс басшыларына рахмет, құрылыс жұмыстарын бастауға 600 млн теңгедей бөлді. Енді қалған қажетті қаржыны тауып берсе, келесі жылы көгілдір отынның игілігін көреміз бе деп отырмыз. Қазірдің өзінде біраз жұмыс енсерілді, – дейді Төленді Оспанов.

Жағымды жаңалықты күнделікті естіп, біліп отырған ауыл тұрғындары бұған аса қуанышты. Әсіресе, үлкен кісілер жағы газдың келуін тағатсыздана күтіп жүр. Хайролла Әбжанов  Диев ауылында жиырма бес жылдан бері тұрады. Зайыбы екеуі жергілікті агрофирма да ұзақ жыл еңбек етті. Қазір бейнеттерінің зейнетін көріп отыр.

– Кенже ұлымызбен тірге тұрамыз. Қолымызда немерелерім бар. Мына істеліп жатқан  жұмыстың бәрі солардың игілігі үшін. Негізі,  біздің үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Зейнеткер ретінде жыл ақысының 70%-ін ғана төлейміз. Яғни, айы сайын қатамыздан 15 мың теңгедей ғана шығады. Ыстық, суық суымыз ағып тұр. Ваннан, туалет, су жылытатын «Арестон» қондырғысын орнатып алғанбыз. Енді газ берілсе, ақшамызды да үнемдейтін болдық, – дейді ауыл тұрғыны.

Биыл ауылға газ құбырын тарту жұмыстары басталғанда мұнда үш бригада жұмыс істеген. Қазір бір бригада қалып, құбыр тартып жатыр. Қалай болғанда да жұмыс бәр сәтке де тоқтамақ емес.  Ауылда пеш жағатын отбасылар да бар. Олар да көп ұзамай көмір тасып, отын жағудан құтылатынына бек сенімді.

– Бір қыста он бір тоннадай көмір жағамыз. Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 19 мың теңге тұрады, есептей беріңіз.  Қазір  ауыл адамының өздері күйелеш-күйелеш болып от жаққысы жоқ. Менің қолымда үш немерем бар. Солар тоңбасын деп таңғы жетіден бастап пеш жағамын. Кешкі он бірлер шамасында тағы бір шелек көмір салып қоямын. Балалар үйде жеңіл-желпі жүреді. Газ қосса, осы бейнеттен мүлде құтылар едік,– жейді ауыл имамы Серәлі Қарабасов.

Мұнда газ құбырын тиарту жұмыстарын қостанайлық фирма қолға алған Шаруашылық басшыларыфның сөзінше, бүгінге текті қыруар жұмыс аяқталыпты. Ауыл үйлеріне дейін құбырлар  тартылып, дайын тұр. Тек, аудан орталығымен арадағы қалған қырық шақырымдық желі іске қосылса болғаны.

– Біздің ауылдық округтің жағдайы өзге елді мекендерге қарағанда көп-көріп жақсы. Жұрт бәз-баяғысынша малын бағып, егін егіп мамыражай өмір сүріп жатыр.  Шаруашылық жұмыскерлердің жағдайын жасап қойған. Жыл сайын оларға арнап жаңа үйлер салады. Әлеуметтік нысандар бір күн жұмысын тоқтатқан емес. Содан шығар, біздің ауылға көшіп келушілердің қатары артты. Енді көгілдір отын келсе, халық саны одан әрі өсе түседі ғой деп ойлаймын. Өйткені, ауылда ең бастысы бос отырған адам жоқ. Жалақы бір күн кешіктірілмейді. Маусымдық жұмыстар кезінде бір механизатор үш млн теңгеге дейін табыс табады.Қызмет бабымен болмаса, мұндай жерден ешкім көшпесі анық, – дейді ауылдық округтиің әкімі Мейрамхан Досмурзин.

Қысқасы, Диев ауылының тұрғындарының қуанышқа кенелер сәті алыс емес. Біз әңгімеге тартқан ауыл тұрғындарының облыс басшылығына айтар алғыстары алабөтен.  Олар Президенттің ауылдарды көркейтіп, онда тұрып жатқан халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты айтқан уәлі сөзін қолдайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Ерасыл Талғатов

Әулиекөл ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу