Жанкелдин ауданының Сужарған ауылында Республика күніне орай бірнеше жаңа нысан ашылды.
Мерекеге орай Қанапия Қайдосов атындағы жалпы білім беретін мектеп жанынан спорт зал және асхана ашылды. Бұлардың құрылысына “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында 658 млн 79 мың теңге жұмсалған. Рәсімге аудан басшылығы қатысып, ауылдықтарға құттықтау лебізін жолдады. Осы ауылдың іргесін қалап, тұңғыш кеңшар директоры болған Қабыкен Манановқа көше беріліп, ұрпақтары көшесінің екі бетіне 1,6 шақырымдық еврошарбақ сатып әперіп, оны ауыл жастары орналастырып жатыр. Рәсім аясында ауылды абаттандыруға үлес қосқан жергілікті азаматтарға Алғыс хат табыс етілді.