Республика күнінде Жітіқара ауданында мерекелік концерт өтті

Республика күнінде Жітіқара ауданында мерекелік концерт өтті

Жітіқара ауданында елімздің басты ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған концерт өтті. Іс-шараға Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев, жергілікті билік өкілдері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласының қызметкерлері, кәсіпорын қызметкерлері мен марапатталған азаматтар  және тұрғындар қатысты.     

            Салтанатты жиын алдымен сахналық көрістен басталды. Алаш қайраткерлерінің кейпіндегі жергілікті өнерпаздар арыстардың өлеңдерін оқып, аманат сөздерін жиынғандарға айтып берді. Мерекелік концерттің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сахнаға алып шығып, ән ұран шырқаумен басталды. Одан кейін аудан әкімі сөз алып, барша жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.

            “Еліміздің әрбір азаматы үшін ерекеше мереке – Республика күнімен құттықтаймын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы дербес мемлекет болып жарияланды. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Жітіқаралықтар да елдің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Бізідң кен кәсіпорындары тұрақты жұмыс істейді. Қалада абаттандыру жұмыстары жүйелі. Жол жөндеу мәселесі басты назарда. Балалар және спорт алаңдары ашылуда. Әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінген. Мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Милютен ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы алғанда білім беру нысандарының материалдық базасы жаңартылып жатыр. Ауданымызды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғаса бермек. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсы. Жітіқаралықтар жетістікке жете берсін”, – деді Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев.

Республика күні өткен салтанатты жиында адал еңбегі, кәсіби білігі үшін, бірқатар сала мамандарына марапат табысталды. Дәл сондай марапат “Жітіқара қаласына 85 жыл” төсбелгісі ұстаз, 35 жыл мұғалім болып қызмет етіп келе жатқан Әсия Сергазиноваға да бұйырды.

            “Мұса Шожанов атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Республика күнінде марапат алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Биыл ұстаздық салада қызмет етіп жүргеніме 35 жыл. Еңбегімді елеп, төс белгі тақты. Рахмет айтамын. Барша жітіқаралықтарды мерекемен құттықтаймын”, – дейді ұстаз Әсия Сергазинова.

Марапат алғандар қатарында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілі, республикалық мемлекеттік мекемесінің өрт автомобильдерінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау прапорщигі  Иван Богурян бар.

            “Бұл салада жиырма жылдан артық жұмыс істеп келеміз. Қызмет оңай емес. Түрлі оқыс жағдай орын алады. Адам өміріне қауіп төнгенде тәуекелге бел бууыңа тура келеді. Ең жақсы сезім, яғни қандай да бір апаттың алдын алып, адам өмірін сақтап қалған сәтің үшін ерекше қуанасың. Республика күнімен баршаңызды құттықтағым келеді. Бейбітшілік болсын елімізде”, – дейді азаматтық қорғау прапорщигі  Иван Богурян.

Салтанатты жиынға Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің  Қостанай облыстық филиалының төрағасы Светлана Күлжанова қатысты. Ол Жітіқара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедоваға “Ерен еңбегі үшін” төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ, аудандық кітапхананың бөлім меңгерушісі Виктория Тулубаеваны алғыс хатпен марапаттады.

Мәдениет үйіне адам лық толды. Тұрғындардың жүзінде күлкі, көптен көрмеген таныстар бір-бірін мерекелік концертте кездестіріп, арқа-жарқа болысты. Аудан тұрғыны Сәбира Меңдібаева да көппен бірге мерекелік концертті тамашалауға кегендердің бірі.

            “Еліміз үшін ерекше күн. Республика күнінің мәні зор деп білемін. Немерелеріме әркез қазақ елінің ұлық мерекелері жайлы айтып отырамын. Концерт өте қатты ұнады. Патриоттық әндер шырқалды. Жастар осындай іс-шаралардан қалмауы керек деп санаймын. Өзім ұрпақ тәрбиесіне қатты мән беремін. Қазір зейнеткермін. Сол себепті уақытымызды тиімді өткізу үшін осындай мерекелік іс-шаралардан қалмаймын”, – дейді аудан тұрғыны Сәбира Меңдібаева.

Мереке күні мәдениет үйінің фойесінде көрме ұйымдастырылды. Аудандағы алпауыт кәсіпорын “Коморов тау-кен кәсіпорны” өкілдері жер қыртыстарында кездесетін минералдардың бөлшектерін алып келіпті. Сондай-ақ, кәсіпорындағы арнайы техникалардың көшірмесін келуші назарына ұсынды. Айта кету керек, кәсіпорында 600-ден аса техника бар. Сонымен қатар, Жітіқара политехникалық колледжінің студенттері өз қолдарымен жасаған темір бұйымдарды көрсетті. Олардың қатарында, облыстық, республикалық WorldSkills байқауында үздік деп талынған бұйымдар да бар.

            “Көрмеге студенттеріміздің қолынан шыққан темір бұйымдарды алып келдік. Көрменің атауы “Жұмысшы мамандығы – беделді!” деп аталады. Біздің коледжде дәнекерлеуші, тау-кен электромеханикасы сынды мамандықтар оқытылады. Студенттеріміз түрлі жарыстарда топ жарып, колледж атын шығарып жүр”, – дейді Жітіқара политехникалық колледжінің әдіскері Юлия Виноградова.

            Концерт барысы әнмен өріліп, бимен көмкерілді. Көрермендердің жергілікті өнерпаздарға деген ыстық ықалсын соғылған шапалақтан-ақ сезуге болады. Мерекелік концерт соңында “Атамекен” әні орындалып, барлығы орындарын тұрап әншілермен бірге шырқады.

 Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТОВ

Жаңалықтармен бөлісу