Рудный қаласында “Алтын бөбек” балабақшасы ашылды

Рудный қаласында “Алтын бөбек” балабақшасы ашылды

Рудный қаласында Республика күнінде “Алтын бөбек” балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аталмыш балабақшаның құрылысы өткен жылы басталған еді.

Кәсіпкер 192 орындық жаңа балабақшаның құрылысына 250 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Балабақша жекеменшік, бірақ білім беру тапсырысын орындайтын болады. Яғни ата-аналар тек балаларының тамағына ғана ақы төлейді. Бөбекжайдың ашылу салтанатына қала әкімі Виктор Ионенко арнайы қатысты.

“Балаларды дамыту және оқыту үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасаймыз. Ол үшін қаламызда балабақша ғимараттарын күрделі жөндеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзінде 17 білім беру ұйымы қамтылды. Енді Республика күніне орай жаңа тағы да бір балабақша пайдалануға беріліп отыр. Бұл балабақшаның құрылысы басталып, кейін тұралап қалған еді. Жаңа инвестор табылып, істі аяғына дейін жеткізді. Бастамасын қолдап, қажетті көмегімізді бердік. Енді бүлдіршіндеріміз өз уақыттарын тамаша өткізіп, мектепке дайындалатын болады”, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Инвестрдың айтуынша нысанда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. «Образовательный партнер» ЖШС директоры Евгений Корганбаевтің айтуынша, балабақша мен орталықта балаларды әлеуметтендіруге және мектепке нәтижиелі даярлау үшін заманауи тәсілдер қолданылмақ.

“Серіктесім екеуіміз мұнда екі жыл бұрын аяқталмаған ғимаратты сатып алдық. Сол уақыт аралығында жобаны аяғына дейін жүзеге асырдық. Нәтижиесін көріп  тұрсыздар. Рудный қаласының білім беру нарығын зерттеп, қалада әлеуметтік жобаларды жақсы жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздік. Кеншілер қаласында білім беру саласындағы бұл алғашқы жобамыз. Балабақша базасында, жеке ғимаратта 6 жасқа дейінгі балаларға арналған толық емес күндік “BabyTime” балалар білім беру орталығы жұмыс істейтін болады. Онда мектепке дайындыққа баса назар аударылады. Біз бастапқыда толық мемлекеттік тілде топтарды ашамыз деп жоспарлаған едік. Кейін жағдайды бақылау келе, екі тілде топ қажет екенін түсіндік. Жалпы алғанда 60-та 40 деп жоспарлаймыз. Бірақ бұл да нақты шешім емес. Яғни, сұранысқа назар аударатын боламыз”, – дейді кәсіпкер Евгений Корганбаев.

Серіктестік иесі білім беру жүйесінде екі тілде қатар жүретінін айтады. Мысалы, орыс тілінде оқытылатын топта балалар қазақ тілінде сөйлеуді үйренеді. Сонымен қатар, ағылшын тілі қосымша болмақ. Қажет болған жағдайда қосымша сабақтарды да енгізуді жоспарлап отыр. Қазір балабақшаға қаббылдау жүріп жатыр. Ата-аналар “INDIGO” автоматтандырылған қызметі арқылы өтініш бере алады. Сегіз топтың бесеуі қазақ және үш топ орыс тілінде оқытылмақ.

“Жаңа балабақшаның қызметкерлері жасақталып жатыр. Тәрбиешілерді, тәрбиешінің көмекшілерін, мейірбике қабылдаймыз. Қазір кезде орыс тілінде білім алатын топтар үшін тәрбиешілер қажет. Жуық арада толық қызметкерлерді жұмысқа қабылдаймыз деген сенімдемін. Олардың жалақылары да жақсы”, – дейді балабақша меңгерушісі Багатжамал Буздакова.

Арна Райымова жас маман. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің түлегі. Биыл оқуын аяқтап, “Алтын бөбек” балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа қабылданған.

“Топтағы бүлдіршіндер жақсы. Ата-аналары әрқашан қолдау білдіріп келеді. Жаңа ашылғандықтан, барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Яғни, баланың дамуына, оқып, білуіне қажетті әдістемелік құралдар бар. Оқу-материалдары жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, жаңа қалыптасып келе жатқан балаға тәрбие, білім қалай берілу керек болса, барлығы талапқа сай. Балаларды жан-жақты дамыта аламыз”, – дейді жас маман Арна Райымова.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Теміржан Жайлыбаевтің айтуынша, қалада алты жасқа дейін 2095 бала балабақша кезегінде тұр. Кеншілер қаласында 2-3 жастағы балаларға арналған топтарға қажеттілік бар.

“Қалада 16 мемлекеттік балабақша, алты жекеменшік бөбекжай бар. Республика күні “Алтын бөбек” бақшасы ашылды. Тағы бір балабақша құрылысы жүріп жатыр. Егер ол да ашылар болса, кезекте тұрған бала сана қысқарады. Осы жылы балабақшалардан 9 қазақ тобы ашылды. Рудный қаласында балабақшаға қазақ тобына баратындардың көрсеткіші 24 пайыз. Жылдан жылға артып келеді”, – дейді Рудный қаласы әкімдігінің білім беру бөлімінің басшысы Теміржан Жайлыбаев.

Кеншілер қаласында балабақша мен мектеп ашу ісі тоқтамайды. Оның бір дәлелі қаланың 11-ші шағын ауданында “Самұрық-Қазына” АҚ тапсырысымен “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы шеңберінде 900 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Мұның сыртында ERG қаражаты есебінен 1200 орындық мектеп салынуда. Балабақша мәселесіне келер болса, тағы бір бөбекжай өзінің тәрбиеленушілеріне есігін айқара ашпақ. Қаладағы балабақшаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТОВ

Жаңалықтармен бөлісу