Қостанайда Мәуліт мерекесінің қорытынды жиыны өтті

Қостанайда Мәуліт мерекесінің қорытынды жиыны өтті

Еліміз 18 қазанда Рухани келісім күнін атап өтеді. Ол мезет биыл Мәуліт мерекесінің қортындысымен тұспа-тұс келіп отыр.

Осыған байланысты Қостанайдағы Жайлаубай ата мешітінде Arsenal-R и Жүк құрылыс компаниясының өкілдері Анарбек Мерген бауырларымен қазақы дастархан жайып, Мәуліт шарифын оқытты. Мешіт имамы Шоқан қажы Ғазизұлы жиналған жамағатқа алғысын білдірді.

“Мәуліт мерекесі басталғалы атсалысып жатсыздар. Бұған дейін Эльбрус Богданұлы бастаған шешен диаспорасы дастархан жайып, Мәуліт оқытты. Мирзо Халим, Фато қажы Тәжік диаспорасының атынан достық туын жалғады. Ол жақтан екі қариын алдырды. Бұл жақта еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отырған Қырғыз ағайындардың ілтипатына да ие болдық. Мәулітке атсалысқан Уран Тоқтоболұлы бастаған жігіттерге алғысымыз шексіз. Әзірбайжан диаспорасы мен Рафаель Дурсуноғлының жолын жалғап Ғафар Шахваладоғлы қошеметке бөледі. Рухани іс-шараға Ахмед Сабырұлы бастаған Түрік ағайындар да қалыс қалған жоқ”, – деді Шоқан қажы Ғазизұлы.

Қазіргі қоғамда қажетті болып отырған нәрсе кешірім. Бұл туралы уағыз айтқан облыстық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәли жамағатты кешірімді болуға шақырды.

“Бұған дейінгі кездесулерімізде де айтып өттік. Негізі Мәуліт мерекесінің мақсаты – пайғамбарымыздың асыл қасиеттерін, көркем мінезін бойымызға сіңіру. Ұстанған сабырлығын, кешірімділігін бойымызға жинайтын болсақ, Мәуліт мерекесінің жемісі болмақ. Пайғамбарымыздың өмірбаяны тұнып тұрған мәдениетке, тазалыққа толы екенін түсінеміз”, – деді Бектұрсын қажы Уәли.

Қазір жасыратыны жоқ, әсіресе, жастар жағы бір-біріне дұшпандық көзқараста. Бірін-бірі аямайды, қамқорлық деген жоқ. Пайғамбарымыздың адал жары Айша анамызға да кезінде жала жабу болғаны жайында сүреде жазылды. Пайғамбардың сүйікті сахабаларының бірі Әбубәкір Мустах деген кісіге үнемі жәрдем беріп отырады. Айша анаға жала жапқандардың ішінде Мустах деген адамның бар екенін білгеннен кейін ол отбасыға демеушілік жасауды қойыпты. Сөйтіп Мустах қатты қиналады. Осы жағдайды пайғамбарымыз естиді. Әбубәкір сахабасына: “Сен Алланың кешірімін қаламайсың ба, рақымына кенелуді қаламайсың ба?!” – дейді.
Міне, адам кешірімді болған сайын жүрегіне иман ұялайды. Қашанда жақсылыққа, айналасына нұрын шаша бермек. Мәуліт мерекесіне жиналған жамағаттың көздегені де осы рухани ынтымақ.

Жаңалықтармен бөлісу