Биыл Қостанайда жылыту қазандықтардың дайындығына  2,9 млрд теңге бөлінді

Биыл Қостанайда жылыту қазандықтардың дайындығына 2,9 млрд теңге бөлінді

Биылғы жылыту маусымы облыс көлемінде 1 қазаннан басталды. Қыстан аман шығу үшін облыстық әкімдік 18 жобаны қолға алып, жүзеге асырған. Оған 17 млрд теңге қаражат бөлінген. Тозығы жеткен жылу құбырларының 47 пайызы дұрысталған.

Қазір әлеуметтік ғимараттардың ішінде орналасқан 124 қазандық сыртқа шығарылып, бөлек орналастырылған. Бұл қандай да бір төтенше жағдайдың туындауына жол бермейді. Ал биыл 13 мектептің қазандығы сыртқа орналастырылды. Десе де екі мектеп әлі де болса электр энергиясымен жылытылады. Енді олар да қазандыққа ауыспақшы.

Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров облыс әкіміне атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

Жылу электр стансалары мен қазандықтардың дайындығына биыл 2,9 млрд теңге бөлініп, игерілген. Электр станцияларында 2024 жылға арналған жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесіне сәйкес 13 бу және 12 ыстық су қазандығына, сондай-ақ 4 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, жылыту маусымының басында көрсетілмеген 3 резервтік қазандықтар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 «Қосалқы бөлшектерді ауыстыру және іргетастарды нығайту бойынша барлық жұмыстар толық көлемде аяқталды. Алайда, 2024 жылы №1 турбогенераторға кеңейтілген ағымдағы жөндеу жоспарланып, екі рет мемлекеттік сатып алу жарияланды, бірақ екеуінде де жеткізушілердің болмауына байланысты сатып алулар өткізілмеді. Сондай-ақ, №2 бу қазандығының ағымдағы жұмысына мемлекеттік сатып алу жарияланды. Жөндеу жұмыстары 2025 жылға шегерілді. №2 ыстық су қазандығын ағымдағы жөндеуге конкурс қорытындысы бойынша қол қоюға «Оңтүстік Мегаполис» ЖШС мердігер ұйымы Шымкент қаласы таңдалды, келісім-шарт бойынша сомасы 125,4 млн.теңге. Жұмыстар екі ай ішінде аяқталуы тиісті», – дейді Дәурен Асқаров.

Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша халықтың көрсетілген коммуналдық қызметтерге берешегі 1067,1 млн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 936,9 млн теңгеге жоғары. Көрсетілген коммуналдық қызметтер үшін қарызды азайту бойынша жұмысты күшейту қажет, бұл кәсіпорындарға энергия ресурстары үшін төлемдерді уақтылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін тағы да еске салды.

Аудан, қала әкімдері жұмыс істеу керек екенін ескерткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқара ауданындағы қайғылы жағдайды да тілге тиек етті.

«Енді осындай жағдай болмасы үшін тұрғындар пеш жаққанда абай болса екен. Пеш мұржалаларын тексеріп, төтенше жағдайлар қызметі дабыл қаққыш орнату керек. Қажеттілік болса, оған қаражат бөлінетін болады», – деді облыс әкімі.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу