Алты күнге межеленген бай бағдарламаның жерлестеріміз үшін рухани қорегі мол тарту болғаны сөзсіз. Танымал әртістер, таңдаулы туындылар Тобыл жұртын таң-тамаша етті. Алатау баурайынан шеру тартып келген сахна мерекесі өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болып есте қалды.
Биыл Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 99 жыл. Ғасыр белесіне қадам басқан қарашаңырақ осы жылғы маусымды «Гастроль маусымы» деп атапты. Елдің әр өңіріне сапарлап шыққан өнер керуені Тобыл-Торғай топырағына 9-14 қазан аралығында аялдады. Бұл ұлттық театрдың облысымызға 12 жылдан кейін оралуы екен. Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастап келген театр турнесінің құрамында жалпақ жұртқа есімі белгілі көптеген театр және кино саңлақтары бар.
Бұған дейін де жазғанымыздай, апталықтың шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасымен ашылды. Алматылық ұжым қостанайлық көрерменді ә дегеннен-ақ баурап алған сыңайлы: алғашқы күннен бастап, қорытынды қойылымға дейін зал үнемі лық толы болды. 10 қазанда А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» атты драмасы қойылды.
Бұл туындыны дарынды режиссер Асхат Маемиров аударып, сахнаға лайықтаған. Келесі күні жерлестеріміздің назарына жазушы Сәуле Досжанованың «Махаббат пен қасірет» атты драмасы ұсынылды. 12 қазанда қойылған, ұлы Абайдың қара сөздерінен желі тартатын «Қара» спектаклінің де тұрпаты ерекше. Әйгілі Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» комедиясынан да халық көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Ал 14 қазан күнгі қорытынды қойылым – «Таңсұлу» драмасының жөні бір бөлек болғандай. Ғарифулла Есім шығармасының сахналық нұсқасы өте жоғары деңгейде. Жаугершілік замандардан көрініс беретін әпсана, дала мистикасы, өзіне шырмап алатын тылсым атмосфера, сахналық көркем шешімдер, мазмұнға бояу қоса түсетін әсерлі әуен, оның үстіне әртістердің асқан шеберлігі, қимыл-қозғалыс, ым-ишара – бәрі-бәрін сөзбен сипаттап отыру қиынырақ. Оны көру керек! Таңсұлу-тағдырға қаныққан көрермен сол күні театрға барғанына еш өкінбеген шығар деген ойдамыз. Көбі қойылымдардан біраздан бері мұндай әсер алмағанын айтып та жатты… Қысқасы, апталық шынайы қошеметке лайықты туындымен түйінделді.
Қорытынды қойылымнан кейін Қостанай жұртшылығының атынан Әкемтеатр ұжымына облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали ықылас-лебізін жеткізді.
«Тобыл төріне ұлттық театр келіп, бәрімізді бір апта бойы керемет туындылармен сусындатты. Халықтың сіздерге деген құрмет-қошеметін күн сайын көрермен залында ине шаншар жердің болмауымен дәлелдеуге болатын тәрізді. Санаулы күнде қаншама жауһар туынды көрдік. Қаншама театр және кино өнерінің әртістері біздің сахнамызда өнерлерін паш етті. Барлығыңызға көптен-көп рахмет! Осы бір тамаша үрдіс болашақта жалғасын тапса деген ізгі тілегіміз бар. Ұлттық театр ұжымын алдағы ғасыр тойымен шын жүректен құттықтаймыз!», – деді Ринат Зәкиұлы.
М.Әуезов театрының басшылығы да сөз алып, Қостанайдағы гастрольдік сапардың өздері ойлағаннан әлдеқайда жоғары деңгейде өткенін айтты. Өнер сүйер халыққа иіліп алғыс айтып, ризашылығын жеткізді.
«Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрдың 100 жылдығы аясындағы турне Қостанайда да дүркіреп өтті. Әне-міне дегенше осы өңірдегі гастрольдік сапарымыздың соңғы күніне де жетіппіз. Көрерменге айтар алғысымыз шексіз. Бірінші күннен залда бір орын бос болмады, күн сайын лық толтырып отырды. Мұны театрымызға, әртістерге деген қолдау, ыстық ықыластарыңыз деп білеміз. Қостанай жұртына рахметтен басқа айтарымыз жоқ! Лайым өнер мерекесінде кездесе беруге жазсын», – деп ағынан жарылды Әкемтеатрдың шығармашылық жөніндегі директорының орынбасары Елік Нұрсұлтан.
Ол бұдан соң гастрольдің сәтті өтуіне, жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, өңір басшысының Ринат Зәкиұлына зор алғысын білдірді. Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов пен І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының басшысы Асхат Зауатбектің ықпалдастығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ олбыстық Мәдениет басқармасына және облыстық театр ұжымына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбектің Алғыс хаты табыс етілді.
Бұл апталық «хас сұлудың көз жасындай сұлу өнерге» деген көрерменнің, әсіресе, жастар қауымының қызығушылығын арттырып, ұғым-түсінігін бір сатыға биіктете білді ғой деп ойлаймыз. Тәжірибелі ұжымның дегдар өнері Тобыл сахнагерлеріне де серпін сыйлай түссе қане!
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ