“Тобыл” алғашқы кездесуде “Каспийге” жол берді

“Тобыл” алғашқы кездесуде “Каспийге” жол берді

“Тобыл” баскетбол клубы жаңа маусымын Ақтаудың “Каспий” командасына қарсы ашты. Тимур Сұлтанов шәкірттері алғашқы ойында басымдық байқата алмады.

Кездесу тең дәрежеде өрбіді. Дей тұрғанмен, команданың аяқ алысы мен ойын жүйесі ана жылдарға қарағанда біршама өзгергенін көруге болады.

“Биылғы маусымға тыңғылықты дайындалдық. Жаңадан ойыншылар келді. Алғашқы қарсыластың қорғанысы мығым, қимылы да ширақ. Оны былтырғы ойындарына да қарап айтып отырмын. Құрамы көп өзгере қоймаған. Кездесу алдында бір-бірімізді зерттеп алдық”, – дейді бас бапкер.

Тимур Сұлтановтың айтқаны ойын барысында да дәл келгендей. “Каспий” расымен ширақ қимылдады. “Тобыл” әдеттегідей, ұзақ пастар мен себетке қысқа қашықтыққа лақтыру әдісіне сүйенді. Нәтижесінде ойын есебі 74: 83 болып қонақтардың пайдасына шешілді. Тобыл сапынан 23 ұпаймен Антонт Быков көш бастады. Тобылға жаңадан келген Василий Петришинец пен Максим Калюжныйлардың қоржынында 12, 9 ұпайдан бар.

“Каспиймен” қарымта кездесу бүгін кешке жоспарланып отыр.

Жаңалықтармен бөлісу