Жобаларға үн қосып отыру маңызды

Жобаларға үн қосып отыру маңызды

Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән беру керек. Бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Ауыл шаруашығында жұмыс істеп келемін. Бұл – экономикаға тікелей ықпалды сала. Сондықтан, өзіме жақын салада оң өзгерістер болып жатқанын қазір де көріп отырмын. Иә, әлі де жетілдірер тұстар бар. Сол үшін де жаңадан бюджет және салық кодекстері әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысы сол құжаттарда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс екенін айтты.

«Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн», – деді Президент. Жобаларды талқылауға депутаттарды қатыстыру өте дұрыс шешім болар еді. Өзім мәслихат депутаты болдым, оның маңызды екенін жақсы білемін. Себебі халықтың алдына барғанда айтылған әңгімелер сол жобаларда ескерілуі керек.

Президенттің: «Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет», – деген сөзін де көңілге тоқып қалдық.

Жауапкершілікті ешқашан естен шығармау керек. Мемлекет басшысы айтқан сөздің бір мәні осы міндетке саяды. Депутаттар тек сессия кездерінде атқарушы биліктің жобаларын мақұлдаушы ғана емес, өзінің ой-пікір қоса алатын, ел-жерінің мәселесін жақсы білетін азамат болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде халық қалаулыларына артылар міндет пен айтылар сын аз болмасы анық. Сондықтан, мәслихат депутаттары форумынан «Ел мүддесі жолында аянбай жұмыс істейік» деген үндеуді де естігендеймін.

Нұркелген ӨТЕУЛИН,
«Ауыл» партиясы
Қостанай облыстық
филиалының төрағасы

Жаңалықтармен бөлісу