Динара Құтжолова: “Талпынған адамға мүмкіндік шексіз”

Динара Құтжолова: “Талпынған адамға мүмкіндік шексіз”

Ерекше қажеттілігі бола тұра көпке үлгі етуге тұрарлық азаматтар айналамызда аз емес. Олар қиындықтан шыңдалып, жігерін жани түсіп, алға ұмтылады, биікке талпынады. Сондай қайсар жандардың бірі – Қостанай ауданының тұрғыны Динара Құтжолова. Көру қабілетінен айырылған ол бүгінде тігін цехын басқарып отыр. Әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген.

Динара Жәзитқызы кәсібін осыдан бес жыл бұрын қолға алған. Бірақ жоспары бірден орындала қоймады. Біршама қиындықты еңсеруіне тура келді. 2022 жылы ғана әлеуметтік реестрге алынып, ісі оңғарыла бастады. Мемлекеттік арнаулы бағдарламаның 1-деңгейі аясында жұмыс орындарын ашты. Сөйтіп, шағын цехына мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдарды қабылдады.

            «Біз секілді адамдарға жұмыс табу, кез келген қызметте істеу оңай емес. Өзім де 1-топ мүгедегімін. Көзім көрмейді. Көп нәрсеге машығу керек, ерік-жігер қажет. Бірақ мемлекетіміз әртүрлі қолдау бағдарламаларын іске қосты. Соның игілігін көріп отырмыз. Мысалы, менде жұмыс істейтін адамдар үш ай бойы осы жерде оқытудан өтті, жан-жақты үйренді. Үкімет оларға минимал жалақы төледі. Кейін келісім-шарт жасастық. Бұл да болса үлкен көмек қой», – дейді ол.

Қазір цехта он адам жұмыс істеп жатыр. Оның үшеуінен басқасы жоғарыда аталған деңгейлерге жататын азаматтар. Динара бір емес, бірнеше бағдарламаға қатысқан. Солардың бірі – әлеуметтік жұмыс орны. Нақ осыған таңдау жасауының себебі бар: өзі сияқты ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа тартып, цехқа керекті құрал-жабдықтарды сатып алса, тиісті құжаттарды көрсетіп, жұмсалған қаржыны Мансап орталығы арқылы өзіне қайтарады. Ал жұмысшыларға үш жыл бойы пайыздап жалақы төленеді. Айталық, алғашқы жылы үкіметтен айлықтың 70 пайызы берілсе, екінші жылы 60, соңында 50 пайызы бөлініп отырады. Кәсібін енді ғана дөңгелентіп келе жатқан жұмыс берушіге бұл тәп-тәуір жәрдем. Құрылғылар да түгелдей өзінде қалады.

            «Әуел баста меншігімде бір ғана тігін машинасы болған. Оның өзі қолмен істейтін ескілеу техника еді. Одан бері бес жыл өтті, қазір екі бірдей цехым бар. Бірі – пішу, екіншісі – кестелеу, дизайн жасау бөлмесі. Техниканың бәрі грантқа алынды. «Бастау бизнес» жобасы тұңғыш басталғанда грант сомасы 125 500 теңге болды. Қазіргісі 1,4 млн теңге ғой. Бірақ алғашқы сома қолыма тигенде мәз-мәйрам болғаным есімде. Түктен-түгім жоқ мен сөйтіп бірінші машинаны сатып алып едім», – дейді Динара.

Ол қолына сол тігін машинасы тиісімен бар күшін салып, бүкіл уақытын жұмсап, дамыл білмей жұмыс істеді. Мақсат – цехқа қажетті неше түрлі зат сатып алуға ақша жинау. Осылайша, діттеген бағытынан жаңылмай, ілгерілей берді. Ниет болса, алынбайтын қамал жоқ. Бірер жылдан кейін Динара екінші грантқа ілікті.

            «Ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының 5 млн теңгелік гранты еді. Осы қаражатқа кестелеу техникасын, түрлі заманауи тігін машинасын, соған арналған сан түрлі қосымша құрылғылар сатып алдым. Шүкір, ақырындап кәсібім кеңейіп келеді», – деп отыр кәсіпкер.

Динара қазіргі тігін бөлмелерін де оңайлықпен таппағанын айтады. Жалға алар қуыс іздеп, табанынан таусылып, талай табалдырық тоздырған. Айтуынша, Затобол, Заречный кенттерінен мұндай бөлме табу қиынның қиыны. Табылған күннің өзінде құны облыс орталығындағыдай.

            «Алғаш кәсіп ашқанда бүкіл Затоболды араладым. Ол кезде екі балам кішкентай еді. Солармен жүріп, басымды тауға да, тасқа да соғып, кәсібімді орналастыратын жер іздедім. Заречныйда да бармаған жерім жоқ. Ол кезде мен жалғыз басты ана ретінде АӘК алатын едім. Не керек, бір күні осы жерді тауып алдым. Шеттеуіректе болса да, ғимараттың екінші қабаты бұйырса да осыған шүкір дедім. «Smf-system» фабрикасының басшысы Марат Фазылжанұлы алғаш сөйлескенімізден-ақ қиын жағдайда жүргенімді түсінді. «Жарайды, Динара, маған ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Ақырындап жұмысыңды істей бер» деп кішкентай бөлмені берді. Кейін техника алған соң «Кешірерсіз, әрине, бірақ бізге шамалы үлкенірек бөлме қажет еді» деп өтініш айттым. Тағы бір бөлме қосып берді. Бұл кісі маңымдағы адамдардың ерекше мұқтаждығы бар екенін көріп, жәрдемін аямады. Алғысымыз шексіз, Алладан қайтсын», – дейді кәсіпкер.

Тігін цехына түсетін тапсырыс та аз емес. «Айқайлатып» жарнама беріп жатпаса да клиент базасы қалыптасқан. Ал негізгі тапсырыс тендер арқылы мемлекеттік сатыпалымнан түседі. Оның сыртында мекеме-ұйымдардан түрлі мереке қарсаңында сұраныс артады. Сәйкесінше, жұмыс ауқымы да кеңейіп келеді.

            «Қазір тағы бір дайын жұмыс орны бар. Дизайнер іздеп жатырмыз. Әуелі цехта оқытамыз, сосын қатарымызға қабылдаймыз. Бірақ, неге екенін білмеймін, Затоболда адамдар тігіншілік жұмысқа тұрғысы келмейтін сияқты. Сол баяғы сатушы немесе еден жуушы болып жүре бергенді жөн көреді. Басқа мамандыққа ұмтылудан жасқанады, тәуекелден қашады. Ал мүгедектігі бар адамдар ше, олар қорықпайды, кез келген іске талпынады. Кейде солардан үлгі алу керек сияқты», – дегенді айтады қайсар қыз.

Динараның алға құрған жоспары көп. Солардың бірі – болашақта осы цехтан қазақстандық бренд жасап шығару. Ерекше өнім шығару әлден-ақ Динараның көкейінде жүр. Жобасы мен нобайы дайын деуге де болады. Бірақ оны әзірге жасырын қалдыра тұрғанды жөн көреді. Алдағы уақытта ойдағысы сәтті жүзеге асып жатса, меншікті брендті танымал ету үшін smm-менеджерге штат ашуды көздейді. Ал цехты кеңейте түсудегі мақсаты – толайым табысқа кенелу ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды неғұрлым көбірек қамқорына алып, қолдау-демеуін көрсету, жұмыспен қамту.

            «Қоғамдағы бүкіл адам бірдей болса, бәріне тең мүмкіндік жасалса дейсің. Көп жұмысты өз бетімізбен істемек түгілі кейбіреуімізге жүріп-тұруымыздың өзі қиын. Бірақ үйде отырып, іштен тынып, тұйықталып, қоғамнан бөлініп қалу одан да қиын. Ол неше түрлі ауруға апарады, қайғылы жағдайға итермелейтін жайттар да кездесіп жатады. Ал олар бір мезгіл жұмыс істесе, бірнеше сағат болса да социумға кірсе, ой-саналары ширай түсер еді. Өз мүмкіндіктерін сынға салса, өз-өздерімен күресіп, тырысып, талпынып көрсе, еңсерілмес қиындық жоқ. Мысалы, кейбіреу «көзі көрмейтін адам қалай киім тігеді, мүмкін емес сияқты» деп таңданып жатады. Көзі көрсе де, он екі мүшесі сау болса да қол қусырып үйде отыратын адамдар аз емес қой. Менен де мықты мүгедек адамдар бар. Мәселе мақсатқа жету жолында қайсарлық таныта білуде. Талпынған адамға мүмкіндік шексіз», – деп ой түйіндейді ол.

Динара екі баланың анасы. Қызы 11 жаста, ұлы 9-ға енді толады. Н.Наушабаев атындағы мектепте білім алып жүр. Озат оқушылар. Аналарының қолғанаты.

            «Балаларымды мақтан тұтамын. Өйткені оларға да оңай емес. Жалғыз аналарының көзі көрмейді, сондықтан жас күндерінен оны-мұны шаруаны өздігінен істеуге дағдыланған. Керісінше, көп жағдайда маған көмектесіп отырады. Үнемі жанымда, солардың жетегінде жүремін. Екеуін көзімнің нұры көремін», – деп тебіренеді ана.

Айтқандай, Динара Жәзитқызы – елге парадзюдошы ретінде де таныла бастаған жан. Татамиде жүргеніне 1,5 жылдай ғана уақыт. Сөйте тұра Қазақстан құрамасының мүшесі. Азия ойындарында, Гран Прилерде, Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Былтыр ғана әлемдік додадан «қола» жүлдемен оралған еді. Биылғы паралимпиадаға сәл ғана сәттілік жетіспей қалыпты.

            «Қазір әлемдік рейтингте 9-орында тұрмын. Ал менің категориямда сегіз адамға ғана жолдама берілді. Бірақ келесі жылы әлем чемпионаты болады. Соған дайындалып, қатысып, 1-орын алуға күш саламын. Жұмыс пен спортты қатар алып жүру кейде қиындау соғып жатады. Дегенмен қос саланың да тізгінін тең ұстауға тырысып келемін. Бір жағынан, жұмысшыларым да мұнымды жақсы түсініп, қолдау білдіріп отырады», – дейді ол.

  Динара спортқа барамын деп ешқашан ойлап та көрмеген екен. Бір күні қызы «Инстаграм» желісін ақтарып отырып: «Мама, парадзюдо деген не?» – сұрапты. «Не деп жазыпты?» – деп сұраған анасына ол: «Көзі көрмейтін, көру қабілеті нашар адамдарға мүмкіндік» деп жазылыпты», – дегенді айтып, анасын спорт залына баруға болмай жүріп көндірсе керек. Әуелі ермек көріп, енді өмір салтына айналдырған дзюдоның биігіне шығу – Динараның тағы бір арманы…

Жаңалықтармен бөлісу