Мәдениет қайраткерін еске алды

Мәдениет қайраткерін еске алды

Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында «Торғайдың ерке қызы» атты еске алу кеші өтіп, өнер саңлағы, ҚР Мәдениет қайраткері Отаркүл Мұқатованың рухына құрмет көрсетілді.

Тағылымды іс-шарада марқұмның өмір жолынан әріптестері, театр және өнер тарландары естеліктерін бөліскен бейнебаян көрсетіліп, сахна төрінде жүрген ізбасарлары қайраткердің репертуарында болған, атақты әншінің сүйіп шырқаған әндерін орындады.

Айтыскер ақын Батырлан Сағынтаев арнау жырын айтты.

 

Отаркүл Оразбайқызы 1971 жылы сол кездегі ел астанасы Алматыға арман қуып барып, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түседі. Қазақстанда тұңғыш ашылған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрылуына ұйытқы болды. Ұзақ жылдар бойы Арқалықтағы театрды абыроймен басқарды. Құдай қосқан қосағы Сайлау Ордабаев та есімі ел есінде сақталған өнер жамозы еді.

Еске алу кешінде ағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Нағашыбай Мұқатов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тойған Ізім, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Төлешқызы, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, ҚР Мәдениет қайраткерлері Бөлтірік Молдашев, Рая Байкөбен естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

Бүгінде ата-ана жолын қуып, өнердің биік сатысына көтеріліп келе жатқан баласы Шах – Мұрат Ордабаев және сүйікті немерелері ән-күйлерін әуелетті.

Театр басшысы Нұрлыбек Сапабекұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Көңіл айту» хатын оқып берді.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                      Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу