Аудан тұрғындарының өзекті мәселелері тыңдалды

Аудан тұрғындарының өзекті мәселелері тыңдалды

Бүгін Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов Тобыл қаласында Азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Тұрғындар толғандырған мәселелерімен жүгініп, басшылық өкілдерінен сұрақтарына жауап алды.

Қабылдау қаладағы «Алтын дән» мәдениет үйінде таңғы сағат 10-да басталып, 16.00-ге дейін жалғасты. Аудан әкімі мұндай іс-шараның ел ішіндегі ең өзекті мәселелердің тамырын басуға тиімді екенін айтады.

«Бұл – аудан халқы үшін өзекті түйткілдерді жүйелі шешуге аса қолайлы тәсіл. Мұны өткен жылдың тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмыз. Статистикаға қарасақ, ең өзекті деген мәселелердің көбі шешімін тапқан. Айталық, былтыр жер қатынастарына қатысты сауал көп қойылды. Жер кезегінде тұрған адамдар, қосалқы шаруашылық иелері арыз-тілекпен көбірек жүгінді. Кейін осы проблема сараптала келе, тыңғылықты жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде ол толықтай дерлік оң жолға қойылды деуге болады. Бүгін де қай бағыттарға басымдық беруіміз керек екенін анықтап аларымыз сөзсіз», – дейді Берік Таңжарықов.

Тұрғындар алға тартқан мәселе алуан, көтерілген сауал сан түрлі. Оларды біріктіретін бір ғана фактор – жайлы да сайлы тұрмыс. Бірі тұрғын үй жағдайын жайластырғысы келеді, енді басқаларын инфрақұрылым, жол, газ, абаттандыру проблемалары алаңдатады. Мәселен, Алтынсарин ауылының зейнеткері Қасым Нұрсейіт есімді 86 жастағы ақсақал көрші-көлемінің аманатымен келіпті. Қарияның айтуынша, он бес жыл от жағып отырған Новостройка және Новая көшелеріне биыл тамыз айында газ тарту жұмыстары басталған. Құбыр үйді-үйге тартылып қойғанымен, көгілдір отынның қосылып қуантар түрі жоқ. Қыбыр еткен тіршілік нышаны білінбегелі екі апта өтіпті. Ештеңе істелмей отырған көрінеді.

«Көптеген үй газ келеді деп, пештерін бұзып алып тастаған. Енді қазірдің өзінде тоңып-жаурап отырғаны. Солардың бірі өзіммін. Жалпы, ауылда біз тұратын екі көшеден басқасында газ бар ғой. От жағу бейнетінен биыл құтыламыз ба деп қуанып едік. Қыс болса қыр астында. Ал енді газ өткіземіз дегендер қайда кетті? Неге аяқсыз қалды? Қашан қосады? Қар түскенін күтіп отыр ма? Соның себебін білуге келіп едім», – деді Қасым ақсақал.

Аудан әкімі бұл жағдайдан хабардар екен. Көгілдір отын апта көлемінде берілетінін айтып, аталған көше тұрғындарының қиындықта қалмайтынына уәде етті. Осыған ұқсас мәселемен жүгінген ауыл тұрғындары аз болмады. Дей тұрғанмен сауалдар тұрғын үй, баспана жайына байланысты жиірек қойылды. Б.Таңжарықов барлық түйткіл ескеріліп, күрделілігіне қарамастан, жедел шешу жолдары қарастырылатынын айтып отыр.

Толығырақ газеттен оқи аласыздар.

Ж.Жүсіпбек

Суреттерді түсірген – Рабиға Атуллина

Жаңалықтармен бөлісу