Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырудың маңызы зор pixabay.com

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырудың маңызы зор

Қостанай қалалық әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдері қоғамдағы осы маңызды мәселені көтерді.

Қай жерге барса да олар үшін ыңғайлы жағдай болуға тиіс. Бұл  – баршаға ортақ іс. Жағдайды тек мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі деп қарауға болмайды. Қазір көптеген мекемеде кедергісіз жағдай жасалуы керек десек те кейбір нысандар салыну барысында-ақ осы жайды ескере беремейді екен.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2015 жылы қаладағы адам көп баратын 140 нысанды тексерген. Қай нысанда да халықтың мобильділігі төмен топтары үшін, оның ішінде мүгедектігі бар жандар үшін кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасаулары тиісті. 2015-2021 жылдар кезеңінде 140 нысанның алдымен 78-і бейімделсе, кейінгі жылдары 62-і ішінара қолжетімді деп танылған. Қалалық бөлім олардың жұмысын толық талапқа сай болғанға дейін тексере бермек.

Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып отырады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды арнайы да тапсырған еді. Осыған сай қаладағы барлық әлеуметтік нысан сай болуы тиісті. Олар салынып жатқанда ең алдымен ыңғайлы жағын ұмытпағаны жөн. Бұған арнайы қаражат та бөлінеді. Бірақ бұл қағаз жүзінде ыңғайлы болса да, іс жүзіне келгенде ақсап тұратыны бар. Қомақты қаржы мен уақытты талап ететін жұмыстарды қоғам болып бірлесе атқаруымыз керек. Бөлім қызметкерлері бірнеше жерге хат жолдаған. Алынған жауаптар негізінде 27 нысанда қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қолға алына бастады.

Баланс ұстаушылар ұсынған жоспар бойынша объектілер жұмыстарды шілдеден ерте бастауға және жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауға тиіс болды. Барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерге оларды 2024 жылғы бейімдеу жоспарына енгізу туралы жазбаша хабарламалар жіберілді, сондай-ақ халықтың белгілі бір топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін бағалау критерийлері ұсынылды, алайда жөндеу жүргізу кезінде жұмыстың барлық түрлері ескерілмеген.

– Осыған сәйкес біз денсаулық сақтау және білім басқармасына жұмыстың аяқталу мерзімі көрсетілген хаттарды жібердік. 13 білім беру және 2 денсаулық сақтау орнынан жауап хат келді. Жыл аяғына дейін әлі де уақыт бар. Барынша күш салып, баршаға ыңғайлы болатындай етіп, жұмысты аяқтау қажет. Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес және баршаға ортақ іс. Жағдайды тек мүмкіндігі шектеулі жандардың немесе өзгелердің мәселесі деп қарауға болмайды. Қазір көптеген мекемеде кедергісіз жағдай жасалуы тиіс, – деді бөлім басшысы А.Манатова.

Бөлім қызметкерлері арнайы деклорацияға сай ғимараттарды қол жетімділіктерін тексеру бойынша жұмыс жүргізуде. Кедергісіз орта құру бағытында бірқатар проблемалық мәселелердің бар екенін айтқан бөлім басшысы ғимараттарда мүгедектерге арналған нысандардың стандартқа сай жабдықталмай жатса да бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін ескерді.

  – Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 80 кәсіпорын мен ұйым декларациямен келісуге өтініш берді, 72 кәсіпорын келісілді де қалғаны әлі қаралу үстінде. Ғимаратты ыңғайлы етіп жасақтап беруден қашпау керек. Қолжетімді ортаны ұйымдастыру бойынша кеңес алып жатқандар да бар. Азаматтық жауапкершілігін сезіну қоғамның үлгісі. Сондықтан басқа да кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдарды бізді қолдауға шақырамыз, – дейді А.Манатова.

Осы айтылған, тексерістерге құлақ аспай, аттап өтетіндер болса олар заң аясында жауап береді. Оларға белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Ғимараттың кіре берісінен бастап бейімдеу – ауқымды жұмыс. Сондықтан ғимаратты салу барысында-ақ осыны ескеріп, айыппұл арқаламауды ойлау керек.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу