“Қостанай-Әулиекөл-Сұрған” автожолының 184 шақырымында Қарасу ауданының Дружба кентінің маңында Chevrolet Cobalt және тіркемесімен болған Audi автокөліктері соқтығысты деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Екі көлік те Астанаға қарай бағыт алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, Audi жүргізушісі рөлге ие бола алмай оның көлігі жол ортасына көлдеңінен тұрып қалған. Ізімен келе жатқан Chevrolet Cobalt жүргізушісі айналып өтуге үлгере алмай, соққыдан кюветке аударылып, өртеніп кетті. Оқиға салдарынан Chevrolet жолаушысы алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды. Екі көліктен екі жүргізуші мен екі жолаушы әртүрлі жарақаттармен медициналық пунктке жеткізілді. Жергілікті жерде жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. ЖКО-ның барлық мән-жайы анықталуда.