Бұған дейін дәл мұндай ауқымды жиын бұл төңіректе болып көрген жоқ. Қазақтың кең даласының түкпір-түкпірінен шұбатылып жеткен көш ежелгі Бозоқ қалашығына табан тіреп, ат басын ірікті.
Дәл осы маңда дүниежүзілік көшпенділердің ойыны болады деп сауын айтылғалы бар жүгін теңдеп, тиеп, “түйесіне артып,” ат сабылтып жеткен ағайын көшпенділік салт пен отырықшы мәдениетті қатар қалыптастырған халқымыздың ежелгі мол мұрасын жер-жаһанға көрсетті.
Бұл бір жағы Қазақ даласында тұрып жатқан ұлт өкілдерінің достық пен татулыққа, бірлікке негізделген бас қосуы болды десек артық емес. Нелер қиын кезеңде босып келген оларды құшағына басып, бауырына тарту арқылы нағыз қонақжайлығын, дарқандығын көрсеткен қазақ жұртына олардың да айтар алғысы шексіз.
Спорт пен өнер, мәдениет және достық мерекесі түркі халқы ғана емес, дүниенің төртбұрышын мекен еткен барша адамзат баласының ортақ қуанышына айналды.
Төрткүл әлемге паш еткен этникалық, дәстүрлі спорт түрлерінің жарысы 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді. Төртінші дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды. Бұл жолғы байрақты бәсекені ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақ елінің астанасында өткізу ұйғарылыпты. Сарыарқа төсін апта бойы думанға бөлеген дүбірлі додаға сексен тоғыз елден 2500 спортшы келген. Олар ат бәйгесі, қыз қуу, асық ату, белбеу күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аударыспақ тәрізді халқымыздың ежелден келе жаитқан Ұлттық ойындарынан сынға түсіп, өз шеберліктерін көрсетті. Мұнда тек қазақтың ғана емес, қырғыз, өзбек, түрік, басқа да бауырлас елдердің төл спорттық ойындары көрсетілді. Адын-ала хабарланғандай, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға шартараптан жүз мыңнан астам турист келген. Бәрі қазақтың байырғы тарихымен, салт-дәстүрі, әдет ғұрпымен, тұрмысымен жақынырақ танысуды ниет еткені сөзсіз.
“Қазанат” атшабарында қоныстанған этноауыл құдды бір халқымыздың ежелгі тұрмыс-салтын көз алдыңа әкелгендей. Қаз-қатар тігілген жүздеген ақшаңқан киіз үйлердің маңайы иін тірескен халық. Олардың бәрі қазақтың ежелгі саф өнеріне, салт пен дәстүріне, ата-бабаларымыздың тұтынған заттары мен киімдеріне, өмір сүру дәстүріне таңданыстарын жасырмады. Әр облыс тіккен киіз үйлер өңірлердің өздеріне тән тарихын, жеткен жетістігі мен даңқты жерлестеріміз туралы кең малұматтар беруге тырысқан. Ешқайсынан мін таба алмайсың. Бәрі көздің жауын алатындай керім көріністер, сирек кездесетін жәдігерлерін ала келіпті.
Польшалық турист Рафаэль Стигорскидің бұған дейін де біздің елге жолы түсіпті. Онда да қазақтың бай дастарханынан дәм татып, қонақ болғанын айтады. Ал, мына дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылуына еріксіз бас шайқайды.
– Мен Польшадан осы номад ойындарын көруге арнайы келдім. Бұрын да сіздердің елдеріңізде бір мәрте болғанмын. Содан бері қазақтың бай тарихынан ептеп хабардармын. Қонақжайлылығын да сезініп үлгердім. Шыны керек, кітаптан, интернеттен көріп, естігенім болмаса, дәл мұндай ғажайып көрініске тап боламын деп ойлаған жоқпын. Осындай салт-дәстүрге берік, ғұрпын қастерлеген елге қалайша тәнті болмайсың! Мен де көзіммен көргенімді айтып жеткізе алмаймын! Қазақ еліне келіп, осындай мәртебелі жиынға қатысқаныма әлі сене алар емеспін, – дейді ол.
Шетелдік туристер халқымыздың аңшылық, саятшылық өнеріне, ат бәйгесі, аударыспақ, қыз қуу тәрізді ұлттық спорт ойындарына таңырқағандарын жасырмады. Этноауылда осының бәрін театрландырылған қойылымдармен сәтті көрсете білген ұйымдастырушылардың еңбегі өте зор. Өйткені, ешқайсынан жасандылықтың ізі де байқалмайды. Қазақтың әргі-бергі тарихындағы мұрасы сол күйінде әдемі бейнеленген, бедерленген.
Алқа-қотан тігілген ақбоз үй, алтыбақан тебіскен қыз бен жігіт, бес қаруын сайланған батырлар мен қолдарына домбыра ұстаған ақын-жыраулардың бәрі осында. Тазы ертіп, қыран-құстың томағасын сыпырған саятшыларға да жұрт қызыға қарайды. Қыштан құмыра жасап, темір балқытқан небір қолөнер шеберлері, ат әбзелдерін, қалы кілем, оюлы текеметін жайған апа-әжеріміздің өнерін қалай дәріптесең де артық емес.
Ежелгі дала өркениетін көруге алыс-жақыннан ат сабылтып, арнайы келген қонақтар көп. Мәселен, Түркиядан автобуспен шыққан, Сингапурден мотоциклмен келген саяхатшыларды көзіміз көрді. Солардың арасында он алты күннің ішінде 1800 шақырымды жүріп өткен Қытайдағы қазақ жігітінің ерлігіне көпшілік аса тәнті болды. Айбар Тұрсынбай Құлжа қаласының маңындағы елдімекенде туып-өскен. Ата-жұртқа осымен екінші рет ат басын бұрып отыр. Бірақ, бұл жолы велосипедпен саяхаттауды құп көріпті.
– Жолда әрине түрлі қиындықты бастан өткердім. Кедірлі-бұдырлы жерлер кездесті. Әсіресе, таулы аймақтардан өткенде қатты шаршадым. Екі тізем ауырып қалды. Алайда, “шешінген судан тайынбас” дейді ғой халқымыз, әдейі ниет қылған соң кері шегінбеуге тырыстым. Мен Астанаға кеше кешке қарай келдім. Ең соңғы 78 шақырым қалғанда, әбден болдырып, қалжырағанымды байқадым. Сонда да күш-жігерімді жинап, міне бүгін алдарыңызға кеп тұрмын. Мені қарсы алып жатқан барша ағайынға, бауырларыма алғыс айтамын. Қайтарда енді велосипедті ағамның баласына тарту етіп, машинамен кетемін, – дейді қаршадай ғана қазақтың жігіті.
Айбарды қарсы алған азаматтар қол-аяғын жерге тигізбей алып жүрді. Алдынан шығып сусын ұсынды. Қазақтың өнерлі қыз-жігіттері ән мен жырдан шашу шашты. Киіз үйлерді аралатып, хаоқымыздың мұраларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Айбар қайда барса да, соңынан қарақұрым ел еріп жүрді. Шетелдік репортерлер де оны фотонысанаға алып, бейне ленталарына жазып жатты. Солардың бірі – ағылшындық Кэввин Стоун. Бұрын атбегі болған азамат көрінеді. Қазір бизнес саласында жұмыс істейді. Жаһанды саяхаттауды жаны сүйетін Кэввин мырза да Қазақ даласында өтіп жатқан бар қызықтан құр қалмауды ұйғарыпты.
– Негізі, белгілі бір елге келмес бұрын, сол елдің тарихы мен мәдениеті туралы аз-кем мағлұмат жинайтыным бар. Қазақстан жөнінде бұрын көп біле бермейтін едім. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болады дегенде дегбірсізденіп отыра алмадым. Мен мұнда жалғыз келген жоқпын. Бірақ, мына көп адамның ішінен досымды таба алмай қалдым. Оқасы жоқ, қазір табысамыз ғой, маған ұнағаны – осындай мың жылдарға ұласқан тарихы бар Қазақ елінің бай дәстүрі, тарихы бүгінге дейін сол әуелгі қалпында жетуі. Сіздердің халықтарыңыз өте жауынгер, батыр болған екен. Қонақжайлылығы да ерекше әсер етті, – дейді К.Стоун.
Шетелдік қонақтар біздің облыс апарған киіз үйлерге кіріп, ондағы жәдігерлермен, өңірдің тарихымен кеңірек танысып, таңдай қаққанын көрдік. Көбі ұлттық нақышқа бай жәдігерлердің жанында суретке түсіп, енді бірі ежелгі ата-бабаларымыздың тұтынған заттарын ұстап көріп жатты.
– Біздің облыс төңірегінен көптеген артефакт табылған. Олар әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Мәселен, көне ғасырлардан сыр шертетін құмыралар сол қалпында тұр. Бұл шетелдіктерді аса қызықтырды. Өйткені, олар неолит дәуірінен бергі көне бұйымдардың бір бөлігін ғана тапқан. Ал бізде барлық артефакт әдемі сақталған. Осындай көшпенді халықтардың ойындары өтіп тұрғаны дұрыс. Сол арқылы біз тек Ұлттық ойындарымыз ғана емес, ежелгі замандардағы халқымыздың дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға мүмкіндік алып отырмыз, – дейді дала музейімен таныстырып жүрген Регина Қосанова.
Айтпақшы, біздің облыс тіккен үш киіз үйдің бірінде қазақтың қонажайлығы көрініс тапты. Яғни, келген қонақтардың бәрі дастархан толы дәмнен ауыз тимей шыққан жоқ. Балбырап піскен жылқы, қой етінен ауыз тиіп, қымыз, шұбаттың дәмін татты. Ыстық бауырсақ, құрт-май, ежігей мен жент те көздің жауын алады. Үстеріне ұлттық киім киген қыз-жігеттер қонақтарды ілтипатпен қарсы алып, қол қусырып қызмет етуі жұртты таңқалдырмай қоймады. Әсіресе, шетелдік қонақтар халқымыздың ән мен күйіне елітіп, бірге билеп те берді. Мұндай көріністі тек көру керек. Бәрін жіпке тізгендей етіп, айтып шығуға бір газеттің беті аздық етер еді.
Дүбірлі тойға арнайы апарып тіккен біздің облыстың киіз үйлері жоғары бағаға ие болып, көптен озып шықты. Мамандардың айтуынша, Тобыл-Торғай өңірінен көшпенділер ойындарына екі жүз елуден астам өнер шебері барыпты. Олардың арасында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония, І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері, “Ақжелең” ансамблі, жекелеген өнер шеберлері бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына еліміздің өңірлерінен келген қонақтардың саны өте көп. Солардың бірі Алматы облысының Кеген ауданынан келген Марат Мұқиев. Ол 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынының ұйымдастырылуына ризашылығын білдірді.
– Досым екеуміз Ұлттық спорт ойындарын көрейік деп арнайы келгенбіз. Кеше көкпарды тамашаладық. Жақсы ойын болды, бірақ, қырғыздар жағынан сәл кемшілік болды. Енді олардың өкпелейтін реті жоқ. “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде” деген бар, атам қазақ ешкімге өкпелемеген. Біз қырғыз-қазақ көрші ауыл тұрамыз. Олар ер Манастың тұқымдары ғой, онша байланып қалуға болмайтын еді. Қателік болады. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” деген бар емес пе, қателік кеткен шығар… Ат үстінде адамда желік болады, жігіттер шамалы қызбалыққа салынды. Ондайда бір-бірімізді кешірмесек несіне елміз. Әйтпесе, мына ойындарды ұйымдастыруы өте жақсы. Бүгін енді бәйгені көреміз. Бізде “Жұмыртұяқ”, “Мамайқара”, “Бақторы”, сияқты небір жүйіктер бар ғой. Қырғыздардың шашасына шаң жұқтырмаған “Қарақыз” деген сәйгүлігі өте қауіпті. Мен содан қорқам. Ол біздің “Мамайқарамен” түсіп, елу метрдей алда еркін келген. Біздің жүйріктер бір-бірімен құйрық тістесіп, қатар келеді. Бұл жолы тыңнан қосылған ат көп. Мәре сызығын солар бірінші кеседі деген үміт басым, – дейді Марат жанкүйер.
Иә, жалпы қай спорт түрі болсын, біздің елдің құрамасы жүлде біткенді қарпып қалды. Болмысымызға тән спорт түрлері болғасын, Қазақ ұландары аянып қалған жоқ. Жалпыкомандалық есепте біздің елдің мерейі үстем болды. Қырғыздар екінші, жүлделі үшінші орынды Ресей құрамасы жеңіп алды. Бұл да енді үлкен тарихқа айналары даусыз. Ал көшпенділер ойындарының басты символы – су толтырылған торсық Қырғыз еліне жол тартты. Енді 2026 жылы 6-шы дүниежүзілік ойындар сонда өтеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор
Қостанай-Астана-Қостанай