Мал дәрігерлеріне автокөлік кілттері табыс етілді 

Мал дәрігерлеріне автокөлік кілттері табыс етілді 

Қостанай елдің жетекші аграрлық аймағы. Облыста мал шаруашылығын дамыту үшін шексіз мүмкіндіктер бар. Ол туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов ветеринария ұйымдарына автокөлік кілтін табыстау рәсімінде айтты.

Өңірдегі ветеринариялық ұйымдарға 20 автокөліктің кілтін табыс етті.

“Бүгінде облыста 1 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Мал басы саны да 1 миллионнан асты. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді ұлғайтып жатырмыз. Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда”, – деп атап өтті әкім.

Мысалы, жыл бойы халықты таза сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін өткен жылы құрғақ бие сүтін өндіру жобасы іске асырылды.

Биыл  “Милх” ЖШС ірімшік өндіретін зауытты іске қосуды жоспарланып отыр. Сүт-тауар фермаларын салу есебінен сүт өнімдерінің импортын алмастыру біршама төмендеді. Алты ферманың құрылысы басталды, оның үшеуі биыл іске қосылмақ.

“Мал шаруашылығы саласының дамуымен қатар облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын ветеринария жүйесінің стратегиялық маңыздылығы да артып келеді. Облыста эпизоотиялық жағдай тұрақтанды. Жануарлардың бруцеллез, туберкулезбен сырқаттануы төмендеді”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Атап айтқанда, 40 модульдік ветеринариялық пункт сатып алынуда. Осы мақсаттарға бюджеттен 112 миллион теңге бөлінді.

Өткен жылы 65 қорым салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тауып келе жатыр.

Өткен жылдан бері ветеринарлық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 35% – ға өскен.

“Мен жүрген жерімде мал басын барынша көбейту керек екенін айтып жүремін. Осы мақсатта түрлі жобалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Мал бордақылау алаңдарын ашуды да қолға алу керек. Былтыр Торғай өңіріне 1.5 млрд бөлінді. Бұл жұмыстың да нәтижесін көретін боламыз. Ветеринарияға бөлінетін қаржы 700 миллион теңгеге артып, 4 млрд теңгеге жетті, бұл малдың ауруға шалдығуын азайтуға ықпал етеді. Ветеринарлардың жалақысы 35%-ға көтерілді.40 модульдік ветеринарлық пункт ашылып, 65 мал қорымы салынды. Жабдықтауды жақсарту үшін 229 миллион теңгеге 20 жаңа автомобиль сатып алынды. Бұл сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетіп, өндірте түседі деп ойлаймын”, – деді өңір басшысы.

Бүгін жаңа көлік алған жанның бірі Мичурин ауылының мал дәрігері Нұрболат Кәкімбеков. Ол бұл салада 20 жылдан астам еңбек етеді.

“Осыдан он жыл бұрын алған едік көлікті. Енді олар ескерді. Қайта-қайта жөндейтін едік. Енді бүгін жаңа көлік алып қуанып жатырмыз. Мал ауруларының алдын алып, түрлі екпелер жасаймыз. Қостанай ауданын түгелімен қамтимыз”, – дейді ол.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу