Солтүстік Қазақстан облысы мен Ұзынкөлді жалғайтын күре жол қатынауға қолайсыз. Кеңес уақытынан бері жөндеу көрмеген тас жолдың қалпына келтірілуі, әсіресе, осы ауданның дамуына серпін бергелі тұр.
Бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан елдің бүгінде дегені орындалып, аталған аумаққа қан жүгіре бастады.
«Тас жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасын былтыр жүзеге асырғымыз келді. Сәті биыл түсті. Бастысы, құрылыс басталды. Біз тұрған Федоров ауылының тұсы — осы жолдың маңызды аумағы. Ауданның он алты ауылын байланыстырады. Жанындағы Троебрат ауылы мен элеваторға жиі қатынайтын диқандарға да тиімділігін көретін боламыз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында да жол жүйесін цифрлардыруды қатаң тапсырды. Бастысы — жұмыстың сапалы болуы», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
«Мәселен, Миролюбов елді мекені мен Ұзынкөл аралығындағы жолдың ой-шұқыры көп. Ол жерлер 2020 жылы ғана қалпына келтірілгенімен, бәрібір күрделі жөндеуді талап етіп отыр. Былтыр салынған Қостанай-Петропавл жолын жергілікті тұрғындар қайта жөндеуден өткізуді сұрайды.
Жергілікті жердегі жол құрылысына Федоров ауылындағы «Веста» шаруа қожалығының да үлесі зор.
Бүгінде бидайдан бөлек, бұршақ дақылдарынан мол пайда көріп отырған шаруашылық Федоров селосының гүлденуіне септігін тигізіп жатыр.
«Жерді алуын алып, басқа жақта тұратындар бар. Алғасын сіздер сияқты жергілікті халықты да ойлауы керек. Биылғы Президент Жолдауында осыған баса мән берілді. Түбегейлі тәртіп шаруашылық аумағынан басталуы керек. Қазір гектарына 20 центрден өнім алып жатсыздар. Ол – үлкен нәтиже. Халықпен қарым-қатынас та үнемі жақсы болған дұрыс. Екіншіден, алған өнімді жергілікті шаруалар өздері өңдеуді ойлауы қажет. Биыл Қостанайда бұршақ дақылдарын өңдейтін зауыт салынып жатыр. Өндірушіні сырттан іздегенше, өз өнімімізді өзіміз өндірген абзал”, – деді әкім.
Иә, Федоров ауылында «Веста» шаруа қожалығы тарапынан ел талабы үнемі ескеріліп отырады. Жуырда Дзэбчук отбасына көмек көрсетті. Үйіне газын өткізіп, қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етті.
Былтыр ауылдың үш көшесі жөнделді. Әр бұрышқа жарық тартылып жатыр. Бірақ елді мекенде клуб жоқ. Жастар демалатын қоғамдық орындар көбейсе дейді ауыл тұрғындары. Жергілікті кәсіпкер әуелі жолды дұрыстап алып, орта мектептің қалыпты жұмыс істеуін қадағалауды жөн санайды. Шаруашылықтағы техника паркі тоқсан пайыз жаңа. Мың гектар жер игерілді. Екі мың тонна бидай бастырылды. Әйтсе де басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін дәріхананың жайы қиын. Аудан бойынша бар-жоғы үш дәріхана бар делік. Демалыс күндері соның біреуі жұмыс істемейді.
Аудан әкімі Марат Жұрқабаев ол мәселе жайлы кәсіпкерлермен келісіп жатқанын айтты. Жуырда ауылда балалар алаңы салынды. Барлық көше асфальтталған. Тағы екі көше жөнделетін болады.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тазалыққа қатты мән берді. Айналаның таза болуы шарт. Барлық тұрғын өз аулаларына жауапты. Оған әкім мен учаскелік полицей қарауы қажет. Әр ауылда шағын саябақ болуы керек. «Веста» шаруа қожалығы бұл үдеден шығып отыр», – деді әкім Федоров ауылының тұрғындарымен кездесуінде.
Аудан орталығындағы тұрғын үйлердің жылыту қазандығын салу жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселеге айналды.
«Екі жыл бұрын аудан әкімдігіне осы туралы айтқан болатынбыз. Биыл жаңа келген әкім уәде беріп отыр. Осыған байланысты облыс әкімінің шешімін естігіміз келеді. Қаржыландыру жағы қалай болады? Орталықтандырылған жылу жабдығына қосылған күннің өзінде, газ келгенде ауыстыруға жеңіл жағы қарастырылса», – дейді Ұзынкөл ауылының тұрғыны Балтакерей Бақытжанұлы.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жөнінде “Қазақ газ” компаниясымен келісімге келгелі отырғанын баяндады.
«Алдағы уақытта Меңдіқара ауданын газдандыру үшін “Қазақ газ” компаниясымен шартқа отырамыз. Ол жобаға үлкен сома салынады. 20 милиард теңге. Келесі кезеңде осы ауданды газдандыруды қолға алатын боламыз», – деді Құмар Ақсақалов.
Ауданда шаруасын жаңа бастап жатқан кәсіпорындар да жоқ емес. Солардың бірі – “Кең дала” шаруашылығы Сатай ауылында былтырдан жұмыс істеп жатыр. Егін, мал шаруашылығымен айналысады. Жер көлемі шамамен жиырма мың гектардай болады. Биыл инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 600 миллион теңгеге тапсырыс бергенімен, ашылғанына екі жыл болмағандықтан, өте алмай жатқан жайы бар. Аудан әкіміне жазылған хат бойынша жобаны жүзеге асыруға қайта өтініш білдірді. Ол қаржы мал азығын дайындайтын зауыт салу үшін қажет. Қойма салып, бидай кептіретін құралдар алуға да қаражат керек-ақ. Биылғы орақтан 5 мың тонна астық жинаған шаруашылық өнімін қалай сақтаудың амалын таппай жан ұшыруда. Компанияның жартысынан көбі — отызға дейінгі жастар.
«Жанымыздағы Пресногорьков ауылындағы элеваторда астық кептіретін газ жоқ. Амалсыздан Солтүстік Қазақстан облысына баруға тура келеді. Қостанайға тасу біз үшін алыс», – дейді шаруалар.
Ал Троебрат ауылындағы су тарату қондырғысының құбыры бітелгелі бірнеше жыл болды. Бүгінде краннан таза су ағызып алу мұңға айналған. 1 млрд теңгеден астам қаржыны талап ететін жобаға биыл 10 миллион теңге бөлінді. Келер жылы толықтай іске аспақ. Жанындағы мұнай базасы қалпына келтірілгенімен, бірақ ауылда жанармай құю станциясы жоқ.
«Жол жөнделсе, сұраныс та артады. Станция салынады. Троебрат ауылы арқылы өтетін көлік көбейе түседі», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев