Тіл үйренуге тамаша мүмкіндік

Тіл үйренуге тамаша мүмкіндік

Ағылшын тілін екі жыл тегін оқуға мүмкіндік бар. Енді қостанайлық оқушылар “English Access Scholarship Program” бағдарламасының қатысушысы атана алады. Ол үшін ашық байқауға қатысуға деген ынта-жігер болса жеткілікті. Мұндай игілікке өңірдегі белгілі ұйым жол ашып беріп отыр.

Қостанай облысының “ГрИн “Азаматтық альянсы” қоғамдық қоры АҚШ елшілігінің қолдауымен, әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан, 13-15 жас аралығындағы, оқуда үлгерімі жақсы жасөспірімдерге стипендиялық бағдарлама ұсынады. Олар осы бойынша ағылшын тілін тегін үйренудің тамаша мүмкіндігін иеленбек.

“Access” бағдарламасы балаларды АҚШ-қа жібермейді, бірақ Қазақстанның беделді оқу орындарына түсу үшін емтихандарға дайындалуға, түрлі халықаралық бағдарламаларға қатысуға кеңінен жол ашады. Қатысушыларға америкалық бағдарламаны бітіргені туралы сертификат пен Alumni (американдық бағдарламаның түлегі) мәртебесі беріледі.

Айта кету керек, “Access” бағдарламасы аясында тегін ағылшын тілі сабақтары, демалыс кезінде белсенді тілдік лагерь, заманауи оқу материалдары, АҚШ мәдениетімен танысу, жаһандық азаматтық тақырыптар және ХХІ ғасыр дағдылары тұрғысында білім беру негіздері қамтылған. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде жасөспірімдердің оқуына, оқулықтарына, Қостанай қаласындағы жазғы тілдік лагеріне ақы төленеді.

Оқыту бағдарламасы 2024 жылғы 30 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғаспақ. Қабылдау ашық негізде өтеді. Ең басты ескерерлігі, байқауға қатысу үшін ағылшын тілін білу міндетті емес! Үміткерлерге туу туралы куәліктің немесе жеке куәліктің көшірмесін, өткен оқу жылындағы және /немесе семестрдегі бағалары бар транскрипт көшірмесін, отбасы құрамы туралы анықтама, жұмыс істейтін барлық отбасы мүшелерінің табысы туралы анықтама, олардың зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер, жұмыссыздық немесе мүгедектік, зейнетақы туралы анықтама, қамқоршылық, үміткердің мотивациялық хатын өткізу міндеттеледі.

Барлық өтінім қатаң құпия болады және тек осы бағдарлама үшін пайдаланылады. Өтінімді және қоса берілген құжаттарды 2024 жылғы 9 қыркүйек күнгі сағат 18:00-ден кешіктірмей беру талап етіледі. Басты назар аударар нәрсе, үміткердің жасы 13-тен кіші емес және 15 жастан аспаған болуы тиіс. Толық көлемде ұсынылмаған өтінімдер қаралмайды. Байқаудың жартылай финалынан өткендер АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі өкілдерінің қатысуымен өтетін кеңсеге онлайн\офлайн әңгімелесуге шақырылады. Ал оның өтетін кезі мен орны байқаудың осы кезеңінен өткен қатысушыларға жекелей хабарланады. Ал финалға ұзын саны 32 оқушы өткізіліп, екі жылдық бағдарлама бойынша оқытылады.

Өтінімдер мына мекенжайда қабылданады: “ГрИн” Қостанай облысының Азаматтық альянсы” ҚҚ, Қостанай қаласы 1 Мамыр көшесі, 151-ші ғимарат. Байланыс телефоны +7705-281-3801 немесе access.kostanay@gmail.com электрондық поштасы арқылы жүгінуге болады.

 Анна БЛЮМ, 

 “English Access Scholarship Program” (“Access”)

  бағдарламасының Қостанай облысындағы үйлестірушісі

Жаңалықтармен бөлісу