Былтырғы уәде бойынша ауыл халқы Рахмет ауылында өздері салып алған қарашаңырақта тағы да бас қосты. «Киелі жер – иесіз болмас» деген осы болса керекті.
Бұл жерлер тарихи тұлғалар мекен еткен дала екені баршаңызға мәлім. Кезінде билеушілердің әділетсіз биліктеріне қарсы Алтай, Тарбағатай қазақтары наразылық көрсетіп, басқа жақтарға үдере көше бастады. Алғашқысы Алтайдан Тибетке ауған Бөке батыр ауылы еді.
1903 жылы Бөке батыр қайтыс болғанда басқыншылар қабірін қазып, басын кесіп алып,Үрімжі қаласының халық көп жүретін жеріне іліп қояды. Кейін баласы басын Алтайға апарып жерлейді де батырдың денесі Тибетте қалады. Ал енді осындай оқиға киелі Рахмет ауылында да қайталанып отыр.
1923 жылы әділетсіздікке қарсы күрескен Кейкі батырды да жазалаушы қызылдар аяусыз өлтіріп, басын кесіп алып, Торғайдың көшесіе іліп қойған. Кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі араласып, Ресейден басын алдыртқанының куәсі болдық. Сөйтіп, батырдың денесі Жыланшықта қалып, басы Тастының бойына жерленді.
Мінеки, сол бабалар мекен еткен жерде туып, өсіп еңбек еткен кейінгі ұрпақ өкілдері жиналып, әруақтарға құран бағыштады. Биылғы жиынға жергілікті сазгер, ақын, куйші Қайырғали Әбіш жұбайымен және өнердегі жолдастарымен келді. Астанадан, Алматыдан, Қызылордадан, Жезқазғаннан қонақтар келді. Олар Кейкі батырдың денесі жаткан бейітіне барып, құран оқыды. Қонақтарға жерлесіміз Құлсейт Амангелдіұлы батырдың өмірінің соңғы күндері туралы айтып берді.Өнер иелері ауылдың табиғатының аясында ән мен күйден жыр шашты.
Елге арнаған әндерінің күйлерінің түсауы кесілді. Сонымен қатар жерлесіміз Астанадан келген Асан Саматовтың қарашаңыраққа арнап әкелген кілеміне қазақтың «Аунату» жоралғысы жасалды. Туған жердің топырағына аунау салт дәстүрі жалғасын тауып, жиналғандар ерекше сезімде болды.
Алматыдан арнайы экспедициямен келген, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық лабораториясының ғылыми қызметкері Ермек Қазмұхамбетов ауыл халқының қонақжайлығына және алған әсері туралы айтып, өз ризашылығын білдірді. Жас маман өзінің болашақ ғылыми жұмыстарының қоржынына мол мәліметтер жинағанын айтты. Осы кездесуді ұйымдастырушылар Олжас Махатов, Еркін Сейтжанов, Бекзат Шекеровтерге және алдын ала елге барып қызмет жасаған Көбек Ағатановпен Нұрлан Бексейтұлына және Медет Қуанышұлына халық алғыстарын жеткізіп жатты.
Сөйтіп, иесіз жатқан ауылда Рахметтің байырғы тұрғындары 2-3 күнде туған жерді сүюмен тәлім-тәрбиелік, салт-дәстүрлік, ғылыми, рухани негізде көптеген іс шараларды өткізді.
Ауыл күнін қортындылай келе, ауылдастар келесі жылды осы ауылда туған балалардың кіндігін кескен дәрігер аналарға арнау туралы бір шешімге келді.
Сейдағалым Алшорин
Аманкелді ауданы