«Мирас» мәдениет сарайында Қостанай облыстық супер лигасының 1/4 ширек финалдық сайысы өтті. Облыстық Жастар ресурстық орталығының «Қостанай облысында жайдарман лигасының қозғалысын мемлекеттік тілде ілгерілету және дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Лига ойындарына барлығы 20 команда жолдама алған. Оның 16-сы ширек финалда өнер көрсетті.
«Жартылай финалдық сайысқа өткен 8 команда тағы да жекпе-жек форматында ойнайды. Ойын қыркүйек айына жоспарланып отыр. Финалдық сайыс қазан немесе қараша айында өткізілетін болады. Жоба аясында жаз айларында «Жазғы кубок» арнайы жобасы бар» , – деді «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының директоры Марғұлан Бәкір.
Ширек финалдағы командалар ойыны жекпе-жек форматында болды. Барлық қатысушылар Қостанай облысының командалары. Атап айтар болсақ, Қостанай қаласынан 7, Арқалықтан 6, Жанкелдин ауданынан 4, Әулиекөлден бір команда бақ сынады.
Жартылай финалдық бәсекеде 8 команда өнер көрсетеді. Олар: «Рухани жаңғыру», «Қостанай», «Болашақ Астана», «Есте сақта», «Айқаз», «Толқынның қыздары», «Техас» және «Бренд» командалары.
«Бүгін тартысты ойын болды. Алдағы жартылай финалға жолдама алдық. Сайыста лайықты ойын көрсетуге тырысамыз. Дайындықты бұдан да күшейтіп, чемпион болуды мақсат етіп отырмыз», – дейді «Болашақ Астана» командасының капитаны Сырым Сырбайұлы.