Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаарат тілшісі.
«Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Әйтпесе, көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, экономиканың өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет.
«Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады. Сондай-ақ қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыру – өте маңызды міндет. Биліктің өзгеріс жасауға ықыласты және дайын екенін жұрт көруі керек. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажет. Ел басқару және шешім қабылдау ісіне азаматтарды барынша тартқан жөн», – деді Мемлекет басшысы.