“Біздің таңдау – жемқорлықсыз қоғам”

“Біздің таңдау – жемқорлықсыз қоғам”

Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлық жайлаған жерде мемлекеттің дамуы, алға басуы тежеледі. Елдің болашағына қауіп төндіреді десек артық болмас.
Бүгінде ел аумағында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Соның бір үлгісі ретінде А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де өткен дөңгелек үстелді айтуға болады. Іс-шараға университеттің оқытушы-профессорлары, облыстық әкімдіктің қызметкерлері және студенттер қатысты. Жиналғандар “Біздің таңдауымыз – жемқорлықсыз қоғам” тақырыбында пікір алмасты.
– Жемқорлыққа қарсы іс-шаралар университетімізде ұдайы ұйымдастырылады. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда бұл мәселе бірінші орында тұрады. Оқу орнында жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жауапты арнайы өкіл бар. Үш жылдық жоспар аясында жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шараларды өткізеді. “Саналы ұрпақ” жобалық кеңсесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Аталған кеңсе бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментімен бірлесе белсенді жұмыс істеуде, – деді П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденов.
Ел аумағында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру мақсатын көздейді. Қоғамда жемқорлыққа қарсы құқықтық сана және мәдениетті қалыптасырудың жолдары туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің басшысы Мұрат Искаков баяндады.
– Сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңде жатыр. Бүгінде ел ішінде “өз мүддеңді қорғау үшін сыйлық беру керек” деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. “Пара беру арқылы мәселені шешуге болады” деген көзқарас та бар. Ұзақ жылдар бойы санада жатталып келген мұндай көзқарастар жемқорлықтың қоғамның індетіне айналуына себепші болды, – деді Мұрат Искаков.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу