Ежелгі Түйемойнақ топырағында көз тартар көрікті жерлер аз емес. “Солнышко” лагері аудан орталығынан шамамен екі шақырым қашықтағы биік шатқалдың етегінде орналасқан. Баурайында Тобыл өзені сылдырай ағып жатыр. Қарағай мен қайыңы аралас қалың нудың ішін жайлаған жазғы лагерьге осымен төртінші рет мүмкіндігі шектеулі жандар жиналды.
Облыстың түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам мүмкіндігі шектеулі жандар осы жерде екі күн бойы спорттың тоғызұмалақ, дартс, асық ату, нысана көздеу, шахмат, дойбы, стол теннисі, жеңіл атлетика тәрізді түрлерінен сынға түсіп, өз бақтарын сынады.
–Биылғы тасқын кезінде лагерьдегі бірнеше үй-жайды су басты. Абырой болғанда, облыс басшылығының қолдауымен қысқа мерзім ішінде демалыс орнын жөндеп, қайта қалпына келтірдік. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, база ауданымыздағы ең көрікті жерде орналасқан, орталықтан онша қашық емес. Мұнда жазда оқушылар да демалды. Енді, міне, мынадай жақсы бір іс-шараға куә болып отырмыз. Лагерьге келіп, демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан, бұл спорт фестивалі жылда тұрақты түрде өтіп тұрады, – дейді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев.
Жарысты ұйымдастырушылар фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне аса мән берген. Мүгедек-ғаріп жандардың тек спорт алаңдарында ғана емес, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, екі күн бойы табиғат аясында тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Концерттік бағдарлама, би кеші өткізіліп, таза ауада дастарқан жайылды.
Қостанай ауданынан келген Гүлшанды Сәрсенбаева фестивальге осымен екінші рет қатысып отыр. Үш баланы тәрбиелеп, өсірген жалғызбасты ана омыртқасын зақымдаған. Ота жасатыпты. Он төрт жылдан бері мүгедектер арасында өтіп тұратын жарыстарға қатысады. Бірнеше рет жүлделі орындарды жеңіп алған.
– Жолдасым ерте қайтты. Жалғыз өзім шиеттей үш баланы жеткізу үшін жұмыстың ауыр-жеңіліне қарағаным жоқ. Бала-бақшада тәрбиеші болдым, еден де жудым. Сөйтіп жүргенде осындай кеселге ұшырадым. Құдайға шүкір, қазір соның бәрі артта қалды. Балаларым да өсіп, жетілді. Өзім де таяуда зейнеткерлікке шықтым. Жалпы, қарап, бос отыруды жаным қаламайды. Сосын осындай іс-шараларға қатысып тұрамын. Алған жүлделерім де аз емес,– дейді Гүлшанды Сәрсенбаева.
Ал Арқалықтан келген Айбек Жұман осыдан жиырма шақты жыл бұрын жол апатына түскен. Содан бері таяққа сүйенеді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтіп тұратын жарыстардан қалып көрген жоқ. Облыстық фестивальге осымен үшінші рет келіп отыр.
–Адам баласы бейнетті сұрап алмайды. Бұл да Алланың бір сынағы деп есептеймін. Ешкім пешенесіне жазылған тағдырдан қашып құтылмайды. Өзім коррекциялық мектепте жұмыс істеймін. Отбасы, бала-шағам бар. Мен бұл жарысқа жылда келемін. Мұндай фестивальдер мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қуаныш, үміт сыйлайды. Ел, жер көресің. Дос табасың. Алыс-жақындағы ағайынды көріп, шүйіркелесудің өзі адамды үлкен әсерге бөлейді. Алдыңғы жылы дойбыдан 1-орын алдым. Дартс, стол теннисінен екінші, үшінші орынды иеленгенмін. Бұйыртып жатса, бұл жолы да құр қол қайтпаспын, – дейді Айбек Жұманұлы.
IV-ші облыстық фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Бекболат Байжанов соңғы жылдары өңірде параолимпидалық ойындардың қарқынды түрде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар елімізден тысқары, халықаралық ареналарда көзге түсіп жүр.
– Біздің облыстың спортшылары, параолимпиадашыларымыз бірнеше рет әлем чемпионаттарында, Азия Кубогында сынға түсіп, олжалы оралды. Мұның бәрі облыста спортты дамытуға жасалған қамқорлықтың арқасы деп білемін. Биыл өңірде үш спорт кешені ашылды. Жыл аяғына дейін тағы бірнеше ауданда ойын алаңдары, жаңа спорт кешендері ел игілігіне беріледі. Әсіресе, қысқы спорт түрлеріне маңыз беріп отырмыз. Биыл Қарабалық ауданында жазғы спартакиада өтеді. Сол кезде облыстық білім басқармасымен бірлесіп мектеп, студенттер лигасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс көп. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі өңірде бұқаралық спорттың дамытуға бағытталмақ, – дейді облыстық спорт, туризм және денешынықтыру басқармасының басшысы Бекболт Байжанов.
Негізі, облыста мүмкіндігі шектеулі жандар арасында мұндай спорт шаралары жиі ұйымдастырылады. Соның әсері болар, көпеген спортшы өздерінің мүмкіндігіне қарамастан әлемдік додаларда бақ сынап, ел намысын уыстан шығарып көрген жоқ. Мәселен, қостанайлық Тұрсынай Қабыл Париж төрінде түндігі түрілген паралимпиадашылар жарысына жолдама алды.
– Біз Тұрсынайдан мол үміт күтіп отырмыз. Ол осыған дейін дүниежүзілік ойындарда бірнеше рет ел абыройын асқақтатқан. Бұл жолы да сенім үдесінен шығады деген ойда отырмыз. Сәттілік тілеймін! Бүгінгідей спорт фестивальдері осындай талантты ұл-қыздарымыздың көптен шығуына себесін болары анық. Оның үстіне мүгедек жандарды спортқа тарту арқылы, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға мол мүмкіндік жасалған, – дейді фестивальдің бас төрешісі Анатолий Писковой.
Айтпақшы, облыста жеті жылдан бері параолимпиашылар федерациясы жұмыс істейді. Оған Дүйсенғали Оспанов жетекшілік етеді. Параолимпиада ойындарына спорттың жиырма үш түрі енгізілген. Кейінгі кезде тоғызқұмалақ, асық ату сияқты қазақтың Ұлттық спорт ойындарына да едәуір қызығушылық артқан.
– Біздің спортшылардың көрсеткіштері өте жоғары. Мәселен, пауэрлифтингтен, арба биінен, жеңіл атлетикадан, нысана көздеуден аолған жүлделеріміз қомақты. Бұған осы сияқты спорт фестивальдерінің көп көмегі тиді. Спортшылар өз шеберліктерін шыңдайды, дамытады. Соңғы уақытта бәсекелестік нығайып келеді. Өйткені, әр ауданда, қалада мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып жүр. Сонда көзге түскен мықтылары облыстық фестивальде бақ сынайды. Бұл жарыстың Денисов ауданында өтуі кездейсоқ емес. Жарыс өте ыңғайлы жерде ұйымдастырылған.Табиғаты көркем. Біздің мақсатымыз, осындай іс-шара арқылы ауыл-аудандардағы мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, олардың өмірге деген құштарлығын сорт арқылы арттыра түсу, – дейді облыстық параолимпиадашылар федерациясының президенті Дүйсенғали Оспанов.
Екі күнге созылған сппорт фестивалінде жекелеген спорт түрлерінен оза шауып, көзге түскен спортшылар арнайы медаль, Кубоктермен, Алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.Спорт мерекесі Денисов аудандық көркемөнерпаздар ұжымының концертіне ұласты.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор
Денисов ауданы