Биыл қамыстылық диқандар мол өнім алудан үмітті. Үш мың гектар алқапқа егін себіліп, 1655 техника дайындалған. Ылғалдылық мөлшері 16 пайызды көрсетіп тұр. Астық сақтайтын кептіргіш орындары да сақадай-сай. “Қайрат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары соңғы төрт күнде ауа райы қолайлы болып тұрғанын айтады.
Ол жердегі егінді жинауға жиырма бес адам жұмылдырылған. Былтыр бұл алқаптағы өнім көрсеткіші 12-13 центнерден келген еді. Ауа райы кедергі келтірмесе, өнім мөлшері одан сайын арта түспек.
«Дала жұмыстары қызу еңбекпен бірге уақытты тиімді пайлануды талап етеді. Үкімет дер кезінде егінді сеуіп, диқандардың төкпей-шашпай жинап алуына жағдай туғызуды тапсырды. Ең алдымен техникамен қамтамасыз етуді дұрыс жолға қою қажет. Сонда өнімділік артып, жағдайдың жақсара түсуіне ықпал етеді. Көктемде сұйық қоспаны пайдаланған тиімді. Шегірткелерге қарсы шараларды жиі қолға алып тұрған дұрыс», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов серіктестік шаруаларымен кездесуінде.
Аудан экономикасындағы негізгі сала ауыл шаруашылығы. Дей тұрғанмен, кейінгі жылдары қамыстылықтар боксит өндірісіне де ден қойып келе жатыр.
Аудан шекарасында “Алюмин Қазақстан” акционерлік қоғамына қарасты Краснооктябрь руда кен басқармасының кеніштері орналасқан. Бүгінде ERG тобындағы бірден-бір боксит жеткізуші кәсіпорынға айналып үлгерді. Шикізат қорын темір жол арқылы Павлодардағы алюмин зауытына тасымалдайды.
«Краснооктябрь кен басқармасының екі жерде кені бар. Красногорда үш карер, Аят боксит екі карьері жұмыс істеп жатыр. Екінші кен орны Б.Майлин ауданының территориясында орналасқан. Кәсіпорында 2000 кенші қызмет атқарады. Жұмысшылардың орташа жалақысы 525 мың теңге», – дейді кәсіпорын басшысы Манарбек Нұрмаған.
Қазіргі таңда өндіріс орны Павлодардардағы зауыттың жұмыс қарқыны артуына байланысты боксит тиеу мөлшерін 2,3 пайызға арттыруды көздейді. Жылдан-жылға техника паркі жаңарып жатыр. Осы жылы сегіз самосвал алынды. Үш соңғы маркалы он сегіз адамдық автобус әкелінді. Келер жылы 14 самосвал алу жоспарда бар.
Үш жапон экскаваторы келеді. Екі КамАз-ға тапсырыс беріп қойды. Өндірістегі инвестиция көлемі 12 млрд теңгеге жетіп отыр. Одан құрылыс монтаждау жұмыстарына 5 млрд теңге бөлінді. Құрал жабдықтарды сатып алуға 5 млрд 800 млн теңге қаржы жұмсалған.
«Былтыр құрылыс жұмыстары қарқынды қолға алынды. Өндіріске жаңа жүргізушілерді тартып жатырмыз», – дейді кәсіпорын басшысы.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кен орнының жұмысына оң баға берді.
«Тұрмыста қолданылатын біраз бұйымдар алюминнен жасалатындықтан, қазір сіздердің шикізаттарыңыз нарықта сұранысқа ие болып тұр. Бұл өндіріс орнының тұрақты қызмет атқарып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шешімін күтіп тұрған мәселелер болса қолдауға дайынбыз. Болашақта маман даярлау ісін ойластыру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі», – деді әкім.
Кәсіпорын бұл бағытта да қоғаммен тығыз байланыста. Өндіріске Лисаков техникалық колледжінің түлектерін тартып келеді. Жыл сайын келісімге келіп, оқу орнына қажетті жабдықтарды алып беріп отырады.
«Оқу орнының түлектері біздің болашақ мамандарымыз. Кен орнынан тәжірибеден өтеді. Үш миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсетеміз. ERG компаниясы салған Лисаков қаласындағы алпыс пәтерлі үйден баспана алуға қол ұшын береміз. Октябрь ауылында да сондай қырық бес пәтерлі үш үй бар. Оның бәрін компаниямен келісіп істеп отырмыз», – дейді кәсіпорын басшысы.
Кеншілерге демалыс орындарына жолдама беріп тұру дәстүрге айналды. Бос уақытында спортпен айналысуына да жағдай жасалған. Үш жыл бұрын жаңа жатақхананың екі бірдей корпусы пайдалануға берілген. Ғимаратта тренажер залы да бар. Бір бөлмеге екі адамнан келеді. Онда он бес күнге жұмыс істеуге келген кеншілер орналасады.
«Бұрын ескі жатақханада бір бөлмеде төрт адам тұратын. Осы корпусты салғалы адамдардың жұмысқа деген ынтасы оянды», – дейді кәсіпорын басшысы.
Бұл жұмыстарға 13 млрд теңге қаражат жұмсалған. Киінетін орын 480 адамға жабдықталған. Сүзгіден өтіп, скважинадан таза ауыз су келіп тұр. 120 адамға салынған асхана да осы корпустан орын тепкен.
Кейінгі жылдары Арқа тұрғындары да арқасын кеңге салып жатпағанын байқатып жүр. Аудан орталығынан шалғай елді мекенде тіршілік көзі қайнап жатыр. Ауылдың кіре берісіндегі заманауи стадион бірден көзге түседі. Былтыр сол себепті аудандық спартакиада осы ауылда өткен еді. Алайда біздің айтпағымыз бұл туралы емес. Ауылда тұрғындардың бос уақытын өткізетін кешеннің құрылысы басталып кетті.
Бір ғажабы, ауыл әкімдігінің кеңсесі де, жергілікті учаскелік инспектор да сол жерде орналаспақ. Ішінен жаттығу залы мен мәдени іс-шаралар өткізіп тұруға қолайлы акт залы да салынып жатыр. Облыс әкімі ғимараттың болашақта бос болмауын қадап тапсырды. Ол үшін жылу жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұруы тиіс. Мәдени іс-шаралар жиі өткізілуі керек.
Аудан орталығында 12, 14 пәтерлі тұрғын үй бой көтергелі тұр. Екеуі де газбен жылынады. Ауыз су орталықтандырылған жүйемен келетін болады.
Міне, шалғайдағы аудан қызу тіршіліктің нышанын байқатып, замана көшінен ілгері бола түсуді мақсат етіп отырған жайы бар.
Әйтсе де ел болғасын мәселелер де болмай тұрмайды. Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев қызметіне күні кеше кіріскеніне қарамастан, бұл тығырықтан халықпен бірге шығуды ұйғарып келе жатыр. Мәселен, аудан тұрғыны Василий Нискиннің қазір баратын жері жоқ.
Он үш жасында қамқорлыққа алынып, апа-жездесінің қолында өсті. 2012 жылы тұрғын үй кезегіне тұрды, кейін әскер қатарына шақырылды.
Есепте бірнеше жыл тұрса да осы кезге дейін кезегінің жылжымағанын айтады. Аудан әкімі бұл балаға әлгінде салынып жатқан екі үйдің біреуінен пәтер беруге уәде етті.
Адаев ауылдық округіне қарасты Пушкин елді мекеніне дейінгі көтерме жол да сын көтермей отырғанын айта кетейік. Ол жол, әсіресе, жаңбырлы күндері езіліп, шаруалардың егіс алқабына қатынауына кедергі келтіріп жатыр. Ондағы мәселе де аудан әкімінің үнемі назарында.
«Рудный қаласынан мердігер таптық. Жақында ол жерге құбыр орнатылды. Екі аптаның ішінде жұмысы толық аяқталады”, – деді Ерлан Жаулыбаев.
Алтынсарин ауылында былтыр қыста газ жарылып, апат болғаны есімізде. Жағдайы жеткен тұрғындар ұңғымалары мен газ плиталарын қалпына келтіргенімен, кейбірі әлі күнге дейін зардап шегіп отыр. Солардың бірі Наталья есімді ауыл тұрғыны.
Үйінде жалғыз өзі табыс тауып отыр. Қолында қарт анасы мен мүгедек сіңілісі тұрады. Енді алдағы қысқа тағы қамданып, отын-суын сатып алуға мәжбүр. Ауылдықтарға мәселені толық шешу үшін әлі де 2 млн 600 мың теңге қаражат қажет. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәселені ұзатпай шешіп беруді тапсырды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Есбол Жатқанов