Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға бірдей бастапқы мүмкіндік беру мақсатында мектепалды дайындыққа арналған «Балақайлар мектебі» атты қысқа мерзімді бағдарлама ұйымдастырылды деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.
Аталған бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.
«Жазғы кезеңде мектепалды дайындықтан 115 мыңға жуық бала өтіп, 2,9 мың мектептің 5,1 мың бастауыш сынып мұғалімі мен мектепалды даярлық педагогтерінің қатысуымен оқыту ұйымдастырылды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, сондай-ақ мектепке оң көзқарасын дамытуға басымдық берілді», – дейді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Айта кету керек, мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға арналған. Білім беру процесін білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері жүзеге асырды. Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы