Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында Ботай деген жер бар. Ол маңды ертедегі ата-бабаларымыз алғаш жылқы ұстап, қолға асау үйреткен дала деседі. Биыл Ұлы дала жорығы эстафетасы сол тұстан бастауын алып, Астанаға дейін төрт жүз шақырым қашықтықты шауып өтпек.
Ол додаға биылғы іріктеуден өткен жүйріктер қатысады.
«Біздің облыстан бес ат бар. Ең кемінде үш ат мәреге жетуі керек. Командалық жарыста одан кем болса, есепке алынбайды. Дайындық әзірге жаман емес. Қыс бойы әзірленіп жатыр. Сәйгүліктеріміздің бағы жансын дейміз. Былтыр жіберген қателіктерімізді ескереміз», – дейді облыстық ат спорты федерациясының президенті Нұрбол Әбдірахманов.
Ұлттық ойынның бұл түрі жаңа басталып жатқанымен жыл сайын түрленіп келе жатыр. Қостанайлық команда бірінші жылы қатыспай қалғанымен, былтыр 1300 шақырымда Ардакүрең атты арғымағымыз көмбеге алғашқы жеткен еді. Сол тұлпар биыл үшінші рет бабын сынап көргелі тұр.
Жүйріктің иесі – Науырзым ауданының тумасы Арман Жылқыбай.
«Үшінші кезең қатысушысымыз. Былтыр да қатыстым, биыл да дайындық жақсы. Арда күрең атты өзімнің тұлпарыммен былтырғы 1300 шақырымда мәреге бірінші жеттік. Биыл да Павлодар Астана бағытында шауып өттік. Осы жолы да байқап көргелі отырмыз. Осы жерде айтарым, халықаралық стандарттарға сай ара қашықтың қысқартылып жатқаны басқа аттарды сақтау үшін өте қажет дүние деп ойлаймын. Сол себепті өзге командаларның қатар шауып келгенін тілейміз», – дейді Арман Жылқыбай.
Алдыңғы жылы жарысқа түскен аттардың орташа жылдамдығы сағатына 13-14 шақырым болатын болса, былтыр 18 шақырымнан асып кеткені белгілі. Мамандар биылғы стандартқа сай меженің өзгертілуі осы жылдамдықтың күрт артуына ықпал ететінін айтып отыр.
«Аттарымызды төрт жүз шақырымдық жаңа стандартқа сай бейімдеп жатырмыз. Жануарлардың тері алынып еттері түсіріп аламыз. Көшпенділер ойыны халықаралық жарыс болғандықтан өздерінің стандарттарын ұсынады. Ғаламдық шарт бойынша аттың шабысы төрт жүз шақырымнан аспауы қажет», – дейді облыстық ат спорты федерациясының президенті.
Алдағы жарыс бесінші көшпенділер ойындарымен тұспа-тұс келді. Шамамен 13-15 команда қатысады деп жоспарланып отыр. Шетелден де бірнеше ұжым қатысуға ниет білдірген. Күніне белгіленген меже жүз шақырмнан аспауы шарт.
«Бізге жарастың өтетін жері солтүстік аймақ болғасын қолайлы. Екі жақтың табиғаты бірдей. Сол жағынан біздің жылқылардың артықшылығы бар ма дейміз. Бәйгеден бәрі дәмелі болып келеді. Екі дүркін чемпион Жетісу командасы бар. Маңғыстаудың Адай командасы да осы сайыстың фовариттері. Тек қана өзіміздің Қазақстан ғана емес, Оңтүстік Африкадан Арабтар келе жатыр. Моңғолия, Ресей, Түркімен еліне қатысушылар келеді. Бізге қойылған талап – жеңіс Қазақстанда қалуы керек», – дейді Нұрбол Әбдірахманов.
Әсіресе, Қостанай жылқысының әмбебап жылқы екенін көрсету бұл жерде басты міндет. Оның шыдамдылығы, жүйріктігі жарыс барысында көпке танылып жатса құба-құп. “Арғымаққа көп міндім, садақа кетсін буданнан” деп Шалкиіз жырау айтқандай, осы Қостанайдың жылқысы буданға жатады. Үлкен аламанға, жорыққа батырлар мінген қазанаттардың қатарынан. “Тағы айта кетейік, төрт жүз шақырым болғаннан кейін бұл жолы аттың шабысы жылдамдығы қатты болғалы тұр. Ана жылы бәрі біздің соңымыздан еріп отырған. Көктемде біздің жылқылар дайын болмады. Ол жағы біздегі климат жағдайымен байланысты. Маңғыстау, Жетісу аттары наурыздан бастап бәйгеге шауып жүреді. Сол себепті көктемде бізге жарысты бастау қиындау болады”, – дейді Нұрбол Әбдірахманов.
Игілік Кәрманов биыл жорыққа бастар сәйгүліктерді бір айдан бері баптап келе жатыр.
«Жорық күн санап жақындап келеді. Қызу дайындалып жатырмыз. Аттардың аман-есен шауып келуіне тілектеспіз. Жанкүйер болып отырған барлық Қостанай облысы бар. Жақсы нәтиже көрсетіп, елдің үмітін ақтауға тырысамыз. Ат дайындап жүрген маман ретінде айтайын, суытып, тер алуымен қатар жем-шөбі қуатты болуы керек. Дене бітімдерінің қалпын сақтап отыратын витаминдерді қажет етеді. Жемге, суға қосып беретін қосымша дәрі-дәрмектерін алып жатырмыз. Етке салатын комплексті заттары жетеді. Солардың бәрін алып, сетка бойынша беріп жатырмыз», – дейді Игілік Боранбайұлы.
Алайда осы тұста алаңдатарлық жағдайды да айтпай кетуге болмайды. Қазақ көлік ретінде атты көп қолданған. Салт мінді, арбаға жекті. Қазір машина көбейгеннен кейін аттан түстік. Малды мотоциклмен бағатын болды. Аттың ел арасында сынақтан өтуі нашарлады. Сол себепті ел мініп жүрген атты халық арасынан таңдап алуға мүмкіндік атбегі қауымның мүмкіндігі азайды. Қостанайлық шабандоздарға лайық сәйгүліктер былтыр Өскеменнен әкелінген. Ол ат баптаған ағайынға оңай шаруа емес.
Бұл жерде сәйгүліктердің бабы ғана емес, атқа шабатын балалардың да дайындығы сай болуы керек. Команда құрамы ол сыннан әлдеқашан өтіп қойды. Былтыр 1300 шақырымға шапты. Көктемде бес жүз километрді еңсеріп келді. Айдың аяғында Қостанай облысының командасы Ұлы дала жорығының үшінші кезеңіне аттанады. Осы жорықта Тобыл-Торғай шабандаздарына сәттілік жолдас болғай!
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков