Қасбеттер жөнделіп, шатыр ауыстырылады

Қасбеттер жөнделіп, шатыр ауыстырылады

Қостанайда тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда Досжанов және Майлин көшелерінде орналасқан үйлер жөнделуде. Алдағы бірнеше айда жұмыстар толық аяқталатын болады. Жұмыс барысымен қала әкімі Марат Жүндібаев және депутаттар танысып қайтты.

Айта кету керек, облыс орталығында жалпы құны 2,3 млрд теңгеге 57 көпқабатты үйге жөнеду жүргізіледі. Яғни, қасбеттері жаңарып, шатырлары ауыстырылады. Сондай-ақ, балкондары бір стильде әйнектеліп, сәулеттік жарықтандыру орнатылады.   

Досжанов көшесінде үш бес қабатты тұрғын үй жөнделеді. Онда қасбеттен басқа шатыр да жаңартылады, өйткені, әбден тозығы жеткен. Жоба екі жылдық.

Мердігер тамыз айының басында жұмысқа кіріскен, алайда бүгінгі күнге дейін тек қоқыс жинаудан басқа іс бітірмеген. Қала әкімі ширақ қимылдау керегін айтты

“Шатырлардың түсі әртүрлі болмау керек. Неліктен біреу көк ал өзгесі қоңыр түсте болады? Біз бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру үшін көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеп жатырмыз. Сол себепті еқшандай айырмашылық болмауы қажет. Жобаны қарап, шатырларды біркелкі етіп жасау керек”, – деді Марат Жүндібаев.

Алайда, мердігер ұйым басшысы Талғат Жангисин шатырларға тапсырыс беріп қойғандарын жеткізді. Қала әкімі қайта тапсырыс беруді тапсырды. Жаңадан келген шатырларды басқа кәдеге жаратыңдар деді.

“Қыркүйек айының соңына дейін екі үй шатырлануы керек. Жауын-шашын жиілеп кетті, оны да ескеріңіздер. Шатырларды алып тастаған соң жаңбыр жауса, пәтерлерге су өтеді. Сізге жөндеу жүргізуге тура келеді. Шығыңға батасыз. Өткен жылы ондай жағдай орын алған. Десек те, бұл жөндеу жұмыстары тұрғындар мен пәтер иелерінің тұтыну кооперативі үшін жақсы болмақ”, – деді шаһар басшысы.

Майлин көшесінде орналасқан 41 және 43-ші үйлерде жаңартылып жатыр. Онда жұмысты Жилстройсервис 98″ мердігер ұйымы істеп жатыр. Бұл ұйым өткен жылы да осындай жұмысты атқарған. Сол себепті тәжірибесі бар деуге болады.

“Жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар сатып алынды. Жоба бір жылдық болғандықтан екі үйдің шатыры мен қасбетін күз бітпей жөндеп бітіруіміз қажет. Екі үйде екі бригада жұмыс істеп жатыр. Келісімшарт бойынша төрт ай берілген, бірақ мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамыз”, – дейді ЖШС директоры Шыңғыс Әлиасқаров.

Қала әкімі бірінші кезекте шатырларды жауып алуды тапсырды. Ал термопанелдермен күн суықта да қаптай беруге болатынын жеткізді. Бұл үйлердің төрт жағы да жөнделеді. Тек ішкі беті сыланып, боялады. Яғни, термопанелдермен қапталмайды. Ішкі жақ беттің балкондары да өзгеріссіз қалады.

Кск ауданында едәуір үйлер жөнделгелі жатыр. 57 үй болса, соның 38-і осы ауданда орналасқан. Қазір біраз үйдің ажары кіріп қалған. Бұл ауданда жұмыстың 80 пайызы аяқталып тұр. Үйлер көп болғандықтан бірнеше мердігер еңбектенуде.

“Қалада үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмысы 2019 жылдан бастап қолға алынды. Осы уақыт ішінде 93 көпқабатты үй ретке келтірілді. Енді бір жылдың ішінде 2,3 млрд теңгеге 57 үйді жөндейміз. Бұл жұмыс жалғасатын болады”, – деді қала әкімі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН

Жаңалықтармен бөлісу