Күтімді егін бітімді келеді

Күтімді егін бітімді келеді

Облыс диқандары күзгі жиын-терім жұмыстарына тас-түйін отыр.  Егін шығымы жақсы. Техника біткен сақадай-сай. Жанар-жағар май қоы жеткілікті. Дегенмен, күн райы ырық бермей тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің  айтуынша, бүгінгі таңда  барлық дәнді-дақылдың пісіп жетілуі көңіл тоғайтады.  Яғни, пісіп, жетілген өнімнің  69,9% – інің жағдайы жақсы. 28,9% -ні қанағаттанарлық. Тек, шамалы бөлігінің ғана шығымы төмен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда  көп-көрім жоғары.

–Биыл  АӨК-ні дамытуға 176 млрд теңге берілді. Бұл бұрнағы жылдарға қарағанда, ең көп бөлінген қаржы. Оның  ішінде субсидиялауға және бюджеттік кредиттеуге 56 млрд теңге жұмсалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизинг бойынша техника сатып алуға қосымша 25,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, Аграрлық-кредиттік корпорация және форвардтық Азық-түлік корпорациясы  арқылы жыл сайынғы жеңілдетілген  кредиттерден басқа,  “Кең дала 2” бағдарламасы бойынша қосымша 50 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдау құралдары ауыл шаруашылығы құрылымдарына егінді қорғау бойынша шаралар кешенін жүргізуге мүмкіндік берді. Осындай  тиімді шаралардың арқасында зиянкестердің таралуына жол берілмеді, ошақтары жойылды, – деді басқарма басшысы.

Дегенмен, алабұртқан күн райы шаруалардың көңіліне күдік ұялатып отыр.  Бірнеше күн бойы толассыз жауған жауын жайқалып тұрған егінге өз әсерін тигізбей қоймайды. Биылғы ылғалдың мөлшерден тыс көптігі алаңдауға негіз болатын фактор.

 – Ауа-райы күн сайын құбылады. Бұрын осы мезгілдерде жиын-терім басталып кететін. Қазір жауын-шашын толастамай тұр. Ылғал көп. Сондықтан, егін орағын сәл кешеуілдетін бастауға тура келеді. Сондықтан, аудан басшылары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен бірлесіп, ораққа қажетті техникаларды, қоймаларды  дайындап қоюларыңызды сұраймын. Қалай болғанда да бір дәнді шашау шығармай, құрғақ, сапалы күйінде жинап алуымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Оның айтуынша, облысқа қажетті мөлшерде жеңілдетілген жанар-жағар май әкелінген.  Шаруалар уақытылы ақшасын төлесе дизельдік отыннан тапшылық болмайды.  Жыл сайын  маусымдық дала жұмыстарына 83 мың тонна сұйық отын қажет көрінеді. Ол жиын-терімді  аяқтауға еркін жетуі тиіс.

 – Облыстың алдында үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығының  өнімдерін екі есеге арттыру қажет. Сондықтан, біз осы мақсатқа жету үшін барлық шараны дер кезінде қабылдауымыз керек. Өңірдегі ең маңызды кезең – егін жинау маусымы басталмақ. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 5,2 млн гектарға себілді.  Табиғи климаттық жағдайлар егін орағына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан, біздің негізгі міндетіміз егінді  уақытылы жинау әрі сақтау.  Сонымен қатар, жиналған астықты сақтауда проблемаларға жол бермеу қажет.  Өткен жылдың қалдықтарын ескере отырып, астық қоймаларын дайындауға әлі уақыт бар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс басшысы техника паркін үнемі жаңартып отыру қажеттігін алға тартты.  Айтуынша, жыл сайын техника сатып алуға қомақты қаржы бөлініп отырады.

Биыл  “ҚазАгроҚаржы” АҚ желісі арқылы 25 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа техникалар сатып алынған.  Жанар-жағар маймен қамту мәселесі де қол байламауы тиіс. Сондықтан, аудан, қала әкімдері бұл мәселені қадағалап отыруы керек.

Біз осы бастан бастап келе жылдың егіні туралы ойласуымыз қажет. Оның негізін бүгін жасамасақ кеш болады.  Минералды тыңайтқыштарды молырақ енгізу де мол өнімнің кепілі.

 – Өткен аптада ұйымдастырылған агро-көрмеде біз бұл мәселенің маңыздылығына  кеңірек тоқталдық.Мен мұны “ҚазАзот” және “ҚазФосфат” зауыттарының жетекшілерімен бірге үнемі назарда ұстап отырмын.  Біз олармен алдын-ала келісім-шарт жасасқанбыз, – деді облыс әкімі.

Биыл еліміздің бірқатар өңірінде қара шегіртке егінге қауіп төндіргені есте. Бірақ, уақытылы шара қолданудың арқасында біздің облыстың егінжайы зиянкестерден аман қалды.  Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бір миллион гектардан астам алқапқа химиялық өңдеу жүргізілген. Нәтижесі айқын. Ендігі міндет, өсіп-өнген өнімді шашпай-төкпей жинап алу.

              Әлібек ЫБЫРАЙ 

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу