Батыр ананың тарихта қалған аты – Тасбике. Жолымыз түсіп тарихи қорымды біз де өз көзімізбен көріп келдік. Сапар барысында жолбасшымыз белгілі қолөнер шебері, тарихшы, өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдаұлы біраз сырдың тиегін ағытты.
“Қазақ халқы сан ғасырлар өзінен бірнеше есе күшті жауларымен күресіп, елін-жерін, Отанын қорғап келді. Әсіресе кешегі жоңғар қалмақтары шабуылы, Ақтабаншұбырынды, Ресей империясының жауыздығынан жан сауғалап Моңғолия, Қытай асқан қандастар тағдыры өте аянышты. Қытайдың темір құрсауына шыдамай Гималай арқылы Пакистан, Түркия асқан бауырлар биік шыңның басында ақ қар, көк мұзда қырғынға ұшырап он мың ағайыннның осы жолда екі мыңы ғана Түркияға жеткен. Осындай тағдыр тауқыметімен Түркия, Алмания, Америка асқан бауырлар тілін, ділін, дінін ұлттық құндылықтарын жоғалтпай алғашқы атажұртқа қара шаңырағы Қазақстанға оралып жатыр. Өз -өзіне келген ағайын ата-тегін, атамекенін, атажұрт қара шаңырағын аңсап, әр әулет өз тарихын зерттеп, тағдырын саралап ата-баба аруағына құран бағыштап олар тұрақтаған мәңгілік мекенді үнемі іздеумен келеді”, – деп сөзін сабақтайдыел тарихының шежіресін шерткен тарихшы Шөптібай Байділдаұлы.
Өлкетанушы ағамыздың айтуынша:«Өлі жебемей, тірі байымайды» деген мақсатпен таяуда аруақты бабаны, киелі ананы, атажұртты аңсап, әулетін, туыстарын іздеп Торғай, Семей, Өскемен өңірін аралап Қаман, Ақылбек, Ғибадат,Қапас атты азаматтар қажетті деректер іздеп елдеріне көңілдері жай таппай оралған екен. Батыр Тасбике ананың жерленген жерін осы азаматтар күні кешеге дейін іздеуде болған.
Жаста болса бас болып: Қуаныш Базархан, Шашубай Әбділқажыұлы алғашқы Тасбике дерегін тауып (2024 жылдың маусым айында), 1742жылы қыркүйекте Пенза горнизондық жаяу әскер қолының майоры Гиммлердің жорығына арнап Жоңғарияға қазақ елі арқылы барар сапары жайлы түсірілген және 1869 жылы жасалған Орынборлық атлас карта бойынша Мұхаммед Жәбілұлы, Қуаныш Базархан, Шашубай Аусағи қайта-қайта картаны зерттеп, Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Тасты елдімекенінен «Тасбике бұлағын» тауып, жергілікті тарихшылармен сөйлесіп қайтқан болатын. Үш ғасырды артқа тастап батыр аналарына құран бағыштап, көптен ойлаған арман-мақсаттарына жеткендей қуанышпен ағайындарына сүйінші хабармен оралды. Бұл жаңалықты Торғай елі азаматтары да құрметпен қабылдады.
“Тасбике анамыздың азан шақырып қойған аты-Жәмлиха Дәуітбайқызы. 1631 жылы Қызылорда облысы, Ақтөбеде туып, 1741жылы 110 жасында Қостанай облысы Аманкелді ауданы Тасты елді мекенінде алты ұлының бірі Елібай шаңырағында қайтыс болған. Тасбике анамыздың руы кіші жүз. Адай ұлысы, Құнан руынан шыққан. Орта жүздің Абақ-Керей ұлысынан ойып орын алған үш Жәнтекейдің бірі болсада бірегейі – Алашқа ұран болып ел бастаған Толағай батыр, айыр тілді шешен, Сүйінбайдың бел баласы Сәменбет атамыздың ортаншы әйелі алты ұлдың анасы Тасқайнат батыр ана Тасбике (Жәмлиқа) Дәуітбайқызының көне қорымы табылғанда Тасбике ұрпақтарының қуанышында шек болмады. Алдағы уақытта батыр аналарының басына ескерткіш кесене орнатып, рухына құран бағыштасақ, ас берсек, ғылыми-практикалық конференция өткізсек деген ойлары бар”, – дейді Шөптібай Байділдин.
Абақ-Керейдің жартысын Жәнтекей, Жәнтекейдің жартысын Тасбике руы құрайды, Жәнтекейден Сүйінбай, Сүйіндік, Сүйіншіәлі тарайды. Ал, Сүйінбайдан Сәменбет, Сәменбеттен он бір ұл, Тасбике анамыздан алты ұл тараған. Сәменбет батыр қазақ тарихында аты аңызға айналып ұран болған бабалары 1626жылы Қызылорда облысы Ақтөбеде туып, 1723жылы 97 жасында Қарағанды облысы Нұра елді мекенінің Көбетай деген жерде жоңғар соғысында алған ауыр жарақаттан қайтыс болған. Күмбезі Көбей ауылында тұр.
Тасбике ана жайлы әркезеңде тарихшылар, зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар қалам тартқан. Тарихқа үңіліп қарар болсақ ұстаз, тарихшы Әділ Тәуекелұлы «Дарабоз ана Тасқайнат батыр-Тас бике» еңбегінде, тарихшы-ғалым көрнекті ғұлама жазушы – Асқар Тананайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес», Шәміс Құмарұлының «Тарих томдары» шежіресі, Ілияс Сиыршыбайұлы, Шерман Орайханұлы, Отарбай Рақыдылұлы тағыда басқа басылымдарда Тасбике анамыздың көреген әке, аяулы ана тәрбиесінде ақылды да зерек қайсар батыл болып бойжеткені айтылады. Әкесі жасынан жылқы бақтырып еркін өсірген. Сәменбет атамызбен отбасын құрып киелі қара шаңырақта биліккеде араласа бастаған. Тасбике атануының себебі жүкті болғанда құм қайрақ жеп, жерігі басылмай ұстаған тасын үгітіп жіберген екен. Тасты құм қылған қайсарлығын көрген жұрт Тасбике деп атаған екен. Қартайған шағында атамекеннен ат басын Алтайға бұрған заманда бір көшке Сәменбет батыр, Тасбике анамыз екінші көшке басшылық жасайды. Жол жөнекей Жоңғарлардың қанды шабуылына тап болып мол шығынға ұшырайды. Жау жағы басым болып ақыры Сәменбет батыр атамызға сегіз жерден найза тиіп хал үстінде қалады. Тасбике ана қысылтаяң кезде ақыл тауып Сәменбеттің кер атына мініп, сауытын киіп ақ найзаны қолға алып жекпе-жекке шығады. Жоңғардың екі батырын өлтіріп елін аман алып қалады.
Абақ-керей тарихшылары «Қайың сауған жұт» атты еңбектің «ағайын естелігінде» Тасбике ананы Есағасы деп ерекше атайды. Яғни, аяулы ана батылығымен қатар асқан ақыл иесі екенін жазады.
Елбасына күн туған қиын кезеңдерде, елдің амандығына, бірлігіне билік айтқан Әз Ана болған. Жоғарыда аталған алты ұлы алты аймаққа тарап, алты рулы ел болып отыр, өткен кезеңдерде, яғни үш ғасыр ішінде көрген бейнет, тартқан азап тарихи отанын амалсыз тастап тарыдай шашылған, соғысқа, аштыққа ұшыраған, қуғын-сүргін көрген, ауыру-індетке ұшыраған ағайын әр ұлттың босағасында жүрседе қара шаңырағы қазағын, атамекені Алтайын ұмытпай Жаратушының жақсылығымен ата-баба топырағына аман оралған Би ана, батыр ана, дана ана Тасбике ұрпағы бүгінде Аллаға шүкір жеті мың түтінге (үй) жетіп, мүмкіндгі барлары «Жат жерде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан боламыз» деп тарихи отаны қасиетті қара шаңырағы Қазақстанға оралып жатыр.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «оралман» деген сөзді қойыңдар қандастар деп атаңдар деп қанымызда, жанымызда бір, бір шаңырақтың адамы екенімізді барша әлемге паш етті. Өткен үш ғасыр ішінде осы ағайындар қаншама қасірет-бейнетті көрмесе мұнан да еселеп көбейер еді-ау. Өткен ғасырдың ортасында Қытайдың қыспағынан қашқан ағайын Гималай тауынан асып, көрмеген бейнеті, тартпаған азабы қалмай биік шыңдағы жалтыр мұзға кілем-текеметін, көрпесін, киімдерін төсеп қақаған суықта аш-жалаңаш, үскірік жер қарлы-боранға әрі аса биік таудың қысымына шыдамай он мың ағайынның екі мыңы ғана Тибетке одан Индиямен Пакистан шекарасына жеткенде екі жақтың қырғын соғысының үстінен түсіп, топталып үрейлері ұшып, сасқалақтап есін жинай алмай отырғанда араларындағы көш бастаған қариялар батырлары, ер азаматтары кешкі бесін намазын оқыған. Тибет жақтан келіп намаз оқып отырған топтың сапқа тұрып сәждеге бас қойғанын Пакистан жағының әскери басшысы көріп «Оу, мыналар мұсылман ғой!»- деп адам жіберіп, Қытайдан ауған қазақтар екенін білгеннен кейін, қамқорлық жасап, Пакистан елінен кіргізген.
Тілі бөлек бөтен елге сіңісе алмай азапты күн кешумен екі жыл өткізгенде Түрік мемлекетіне Пакистанда Қытайдан ауған мұсылмандар бар, жағдайы ауыр деген хабар жетіп топ басшыларымен хабарласып Түркиядан кеме жіберіп көшіріп алады. Осылай қандастар Түркия, Америка, Германияға қоныстанып ес жинаған соң атамекені Баян-Өлгей, Шыңжаң, Құлжа, Алтай, Мори, Шонжыға қайта қоныстанады. Осы ел басына күн туғанда Тасбике ұрпағынан шыққан Сұлубай батыр көтерілісті басқарады, әнші-күйші композитор Тайыр Белгібайұлы тағыда басқа азаматтар еліне қамқор болған. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген өлең Тасбике ананың шығарғаны екен, жаугершіліктен қашып Торғай асып, одан атамекені Алтайға жете алмай, елін аңсағанда шығарған өлең, ақыры Алтайына жете алмай Торғайдың киелі топырағына мәңгілікке тұрақтады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ руға, жүзге бөлінбей барша қазаққа ортақ қара шаңырақтың уығын биік, керегесін кең ұстар кезеңде ата-бабасын, әулетін, асылзада киелілерін іздеген ағайынға қамқор болу әр азаматтың парызы.
Ұлт үшін ұран болған, жауға қарсы шауып артына есепсіз ұрпақ қалдырған алтын құрсақ ананы құрметтеу парыз, осы парызды киелі Торғайдың текті азаматтары тиянақты орындап, Тасбике анаға арналған іс-шараларға белсене атсалысады деп сенемін.
«Киелі жер иесіз болмас» – деген. Осы киелі жерде талай жақсылармен жайсаңдар өмір сүрді, халқына пана болды, аттары тарихта қалды. Батыр ер азаматтармен қатар, батыр аналарда аса көп болған. Солардың бірі де бірегейі – батыр ана Тасбике.
“Біздің парызымыз – өткен тарихымызды зерттеп, бүгінгі ұрпаққа насихаттау, аруағына бас иіп, рухына құран бағыштау, басына кесене тұрғызып, ескерткіш белгі қою. Ұлттық «Мәдени-мұра» бағдарламасына кіргізіп, ғылыми – практикалық конференция өткізу, зерттеулер жасап баспасөз беттеріне шығару – бүгінгі ел азаматтарының басты парызының бірі болса керек. Еңбастысы – бүгінгі жастарымызды Отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу, осы салада ұлтымыздың тарихымен тағдырын газет арқылы көпшілік оқырманға насихаттау”,– деп ой түйіндейді көненің көзін көрген тарихшы ағамыз Шөптібай Байділдаұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы