«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың қасиетті сөзінен отбасының бала тәрбиесіндегі орны ерекше екенін көруге болады. Отбасынан бастау алған бала тәрбиесі, балабақша тәрбиесіне ұласады. Баланың сәби кезіндегі аса жауапты тіршілік әрекеттері, отырып- тұрудан бастап, тамақ ішу, тазалық сақтау, бір-біріне қайырымдылық жасау, тіл үйрену, айналаны танып-білу балабақшадағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны даусыз. Осы заманғы балабақша, мектеп тәрбиесі бұрын-соңды болмаған отбасы қолдауын қажет етеді. Сондықтанда бала тәрбиесін дұрыс жолға қою үшін тәрбиешілер мен ата-аналар барлық уақытта да өзара ынтымақтастықта болуы керек.
Отбасы – мектеп жасына дейінгі бала үшін оның өмірін қоғамдық ортамен байланыс- тыратын негізгі және бірінші буын. Отбасындағы дәстүрлер ондағы болашақ мектеп оқушысының баланың орны, отбасы мүшелерінің оған қатысты тәрбиесі осыған барлығы тәуелді.
Көбіне баланың мектептегі сәтсіздіктері, олардың ұжымға енуі, оқығысы келмеуі немесе оқи алмауы – ата-аналардың қателіктерінің нәтижесі. Ата-аналар баланың материалдық қамтамасыз етілуіне басты назар аудара отырып, оның кітап оқуға деген қызығушылығының қалыптасуына, баланың сөйлеуінің дамуына, еңбекке, еңбекті сүюге психологиялық дайындығына аса мән бермейді. Осының салдарынын балада білімге деген жағымсыз қатынас қалыптасады.
Жазушы-педагог Жүсіпбек Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», – дейді.
Мектеп жасына дейінгі бала тұлғасының рухани-өнегелі дамуы мектепалды даярлық тобы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Әрбір бала қандай да болмасын бір міндетті орындау үшін, өзіндік ерекше жағдайлар жасалады.
Дұрыс тәрбие балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды.
Баланы тәрбиелеу мен дамытуда мынаны ескеру қажет: білім баланы ақылды етуі мүмкін, бірақ шындығында оны бақытты етуге оның жақындарымен және жақсы көретін адамдарымен, отбасымен араласу арқылы қол жеткізуге болады. Ата-ана баланы тек алдағы уақытта жақсы оқуға ғана даярлап қоймай, сондай-ақ болашақ сыныптастарының ортасында өзіне лайықты орынға ие болу, мектепте өзін жайлы сезінуге жағдай жасауы қажет.
Ата-ана өзінің баласына қолдау көрсету үшін мектепке дейінгі ұйымның педагогтарымен ықпалдастықта әрекет ете отырып, өзінің баласы туралы мынадай ақпараттарды білуіне болады:
– бала қандай дыбыстарды дұрыс айта алмайды;
– оның сөзді естуін қалай дамытуға болады;
– оның сөздік қорының даму деңгейі қандай;
– бала өзінің ойын дұрыс жеткізіп, диалогқа қатыса ала ма;
– қолдың ұсақ бұлшық еттерінің даму деңгейі қандай және тағы басқа.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәр биесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Рухани – өнегелі бала ұқыпты, ұстамды, мейірімді, сыпайы, білімді, мәдениетті болуы керек. Қорытындылай келе, мына өлең шумағымен аяқтағым келеді.
Әкем, анам үлкенді сыйла деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан, кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Осы астарлы сөзді әрқашанда ұмытпайық.
Әр бала – дара тұлға. Бала тәрбиесінде жаман қылықтар көрсетуден аулақ болып, балаға өнеге бола алсақ, жан-жақты дамыған, шығармашылық қызығуы бар ұрпақ тәрбиелей аламыз. Мектеп жасына дейінгі бала тұлғасының қарқынды дамуында іргетас дұрыс қалану керек. Әрине, бұл жас аралығында отбасы ең маңызды рөл атқарады. Бала – толыққанды өзіне сенімді, жеке тұлға болып қалыптасса, әрине, бұл бірінші кезекте отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмыстарының жеңісі деп білемін.
Айткүл АҢСАҒАНҚЫЗЫ,
Арқалық қаласы А.Байтұрсынов атындағы бастауыш гимназиясының мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі