Алматы облысында өткен Республикалық турнирден қостанайлық жас боксшы қыздар жүлделі оралды.
Бірінші орынға ие болған екі жерлесіміз Абу-Дабиде өтетін Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Бес күнге созылған жарыстан олжалы оралған жүлдегерлерді Қостанай темір жол вокзалынан жаттықтырушылары, жақындары мен БАҚ өкілдері күтіп алды.
“Бірінші орын алған екі тәлімгер демалып алып, тамыздың ортасына қарай қайтып Алматыға оқу-жаттығуына кетеміз. Қыркүйек айында Абу-Дабиде Азия чемпионаты басталады. Үмітті ақтады, Азия чемпионатынан да осындай нәтижие күтеміз. Ең бастысы, дайындықтан ауытқымай, жаттығуды үдете түсу керек. Облыста боксқа жақсы жағдай жасалған, бокспен шұғылдануға ешқандай кедергі жоқ”, – дейді Қостанай қалалық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушы-жаттықтырушысы Нұрхан Жалғасбеков.
Мәдина Нұрманов 66 келіде өнер көрсетіп, бірінші орын алды. Ол бұған дейін кіші жас өспірімдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы болып үлгерген.
“Республикалық турнирде екі қарсыласымды жеңіп, бірінші орын алдым. Екінші жұдырықтасуымда қарсыласымды нокаутқа түсіріп, мерзімінен бұрын аяқтадым. Менің салмағымда 14 қатысушы болды. Ешқандай қорқыныш, үрей болған жоқ. Маған оңайға соқты, қатты қиналған жоқпын. Енді Азия чемпионатына тыңғылықты әзірлену керек. Жаттықтырушыма алғыс айтамын”, – дейді жарыс жеңімпазы Мәдина Нұрманова.
Асел Джалибекованың боксқа қатысып жүргеніне бір жыл ғана болса да, чемпионатта бірінші орынға қол жеткізді. Асел спорт шеберлігіне үміткер.
“Чемпионатта 35 келі салмақта бокстастым. Қобалжу болғанын жасырмаймын. Бірақ, екі қарсыласымды жеңіп, бірінші орын алып отырмын. Бірінші бокстасуда ұтылып, қалдым. Реванш алып, жеңіп кеттім. Соңғы жұдырықтасуымда мерзімінен бұрын жеңдім. Енді Азия чемпионатында үмітті ақтап, жеңемін деген ойдамын”, – дейді Асел Джалибекова.
Облыс бойынша чемпионатқа 14 қыз барып, оның екеуі бірнші орын және біреуі үшінші орын алған. Жалпы спорт мектебінде 500-ге тарта бала жаттығады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН