Ауыл шаруашылығы өндірісі мен агробизнестің ең ірі қазақстандық өңірлік көрмелерінің бірі Қостанай облысында өтті.
Екі күнге жалғасқан «Jańa Dala/Green Day ‘2024» мамандандырылған көрсетім-көрмесіне жиылғандар тәжірибе алмасып қана қоймай, жетістіктерін көрсетіп және АӨК-тің маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.
Дала күні заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен өнімділігі жоғары техниканың мүмкіндіктерін, ветеринария, селекция, өсімдіктерді қорғау және органикалық егіншілік саласындағы жетістіктермен таныстыратын өңірдегі ең ірі көрсетім алаңы. Дәстүрге айналған көрмеге еліміздің және көршілес шет елдін жүзге жуық агроөнеркәсіптік компаниялары қатысты.
Қостанай облысында ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Астықты аймақта бұл салаға биыл 175 млрд теңге бағытталып отыр.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Президент тапсырмасына сай 2028 жылға қарай өндіріс көлемін екі есеге арттыру қажет екенін айтты.
“Мемлекет басшысы біздің алдымызға ауыл шаруашылығы саласында нақты міндеттер қойды. Ел Президентінің тапсырмасы орынды. Өйткені, бүгінгі таңда экономиканың осы маңызды саласының әлеуеті толық ашылмай келеді. Кең жер мен аумақтық ресурстарға ие бола отырып, әлі күнге дейін ауыл шаруашылығында нақты өсімге қол жеткізе алмай келеміз. Жыл сайын орта есеппен 4 млн тонна астық аламыз. Егін бітік шыққанда шамамен гектарына 14 центнер алсақ, құрғақшылық болса гектарына 8 центнерге дейін төмендейді. Егіс алқаптарын әртараптандыру ісі жоқ десе де болады. Қазіргі таңда егістің 78% дәнді дақылдардан алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану шартымен әбден қол жеткізуге болады. Аймақтың топырақ-климаттық ерекшелігіне қарай, дақылдардың құрылымын өзгертуге болады. Солтүстік аудандарда алқаптардың 50%-на дейін майлы дақылдарға, дәнді-бұршақты дақылдарға, қалғанын дәнді дақылдар мен буға бөлуге болады. Ал оңтүстік аудандарда дәнді дақылдар 50% – дан аспауы керек. 20-30% дәнді-бұршақты, майлы және жемшөпке бөлінуі керек”, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, саладағы тұрақтылықты ұстап тұру үшін кешенді жұмыс жүргізу керегін жеткізді.
Табыс әкелетін майлы дақылдарды өсіріп, жем-шөп базасын кеңейтіп, мал шаруашылығын дамыту керек екенін баса айтты. Ең маңызды мәселенің бірі, жерден өнім алып, бірақ минералды тыңайтқыштар жерге аз себіледі деді. Өткен жылы 54 мың тонна ғана тыңайтқыш себілген, негізінде 256 мың тоннаға қажеттілік бар еді.
“Бұл мәселеде барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жауапкершілікті сезінуі керек. Жер ресурстары шексіз емес. Жерді ұқыпты ұстап, тыңайтқыштарды себу арқылы ғана қажетті нәтижеге қол жеткізуге болады. Біздің облыста барлық технология талабына сай келетін шаруашылық кешендері бар. Сондықтан олар кез келген жылы табанды әрі тұрақты жұмыс істейді. Мысалы, Федоров ауданының “Олжа Алтын Инвест” ЖШС, Ұзынкөл ауданының “Тойсай” ЖШС, Қарасу ауданының “Құнарлы” ЖШС, Қостанай ауданының “Надеждинка” ЖШС, Денисов ауданының “Сарыағаш” ЖШС атап өтуге болады”, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыстың аграрлық-өнеркәсіптік кешеніне өткен жылы 100 млрд теңгеден сәл жоғары қаржы бөлінсе, биыл саланы дамытуға 175 млрд теңге бөлінген.
Қаржыландыру жыл сайын артып келеді деп айтуға негіз бар. Жақсы нәтижеге жету үшін мемлекет үлкен қолдау көрсетіп келеді.
“Ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 120 млрд теңге жеңілдікті шарттармен берілді. Оның ішінде Аграрлық кредиттік корпорация (30,5 млрд теңге) және форвардтық Корпорация (14 млрд теңгеге) арқылы жыл сайынғы жеңілдікті кредиттерден басқа, “Кен дала 2” бағдарламасы бойынша қосымша 50 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизингпен техника сатып алуға қосымша 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет қолдау көрсетуді жалғастырады, бірақ сонымен бірге тиісті нәтиже талап етіледі”, – деді облыс әкімі.
Комбайндар мен тракторлардың қазақстандық өндірушісі – AGROMASH зауытының өкілдері атап өткендей, былтыр зауытта 1250 бірлік техника шығарылған. Бұл ретте, трактор өндірісі көлемі 939 данаға дейін артып отыр. Келер жылы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер LOVOL және DEUTZ-FAHR тракторлары және ESSIL комбайнының жаңа моделіне қол жеткізе алады.
Ауыл шаруашылығы техникасының танымал неміс өндірушісі «Amazonen WerkeH. Dreyer SE&Co. KG» фирмасы өңірге қуатты техникасымен жақсы танымал.
“Қазақстан өзінің миллиондаған гектар егістік жерімен AMAZONE техникасының әлеуетін арттырып отыр. «JańaDala/GreenDay» қазақстандық Дала күнінің» көрсетім-көрмелеріне тұрақты қатысуымыздың арқасында, «Amazone» өнімі қазақстандық нарықта өте танымалы өнімге айналды, лайықты нәтижелерге қол жеткізілді”, – дейді Amazone» фирмасының аймақтық өнім менеджері Сергей Балтин.
Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының маңызды саласы. Елімізде дәнді-дақылға деген сұраныс айтарлықтай мол, жан басына шаққанда 967 келіден келеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сорттарын арттыру керек-ақ. Көрмеде Қазақстанда жетекші орынға ие Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмысы таныстырылды. Жетекші селекциялық станциялардан жоғары өнімді және сапалы ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары себілген жер телімдері көрсетілді.
“Сорттардың демонстрациялық бөлімі алынды. Мұнда Қазақстанның алты селекциялық мекемесінен 69 сорт дақыл егілді. Оның екеуі ресейлік сорт. Жер жыртылған мен шөптен толық құтыла алмадық. Десек те септік. Фермерлер бұл сорттардың әлеуетін бағалай жатар. Гербецид сеппедік, себебі сорттардың төзімділігін сынап көргіміз келді. Қазіргі таңда мекеме жаңа сорттарды жасап шығу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни, жаздық және күздік жұмсақ бидайдың, жаздық қатты бидайдың, жаздық арпаның, майлы дақылдардың (рапс, зығыр), жемшөп дақылдарының жаңа сорттарын жасау ісі қолға алынды”, – дейді Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы басқарма төрағасының ғылыми жұмыс жөнідегі орынбасары Владимир Чудинов.
Тәжірибе станциясының өндірістік екторында 14 сорт пен дақылға бастапқы тұқым шаруашылығы жүргізіледі. Станция жыл сайын Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы және өзге аймақтардың шаруашылықтарымен 8 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымын өндіреді және өткізеді. Тұқым өндірудегі басты басымдылық жеке және отандық селекция сорттарына беріледі.
Көрмеде қатысушылардың қызығушылығы тудырған тағы бір құрылғы ALATAI AGRO компаниясының өнімі. Құрылғы пайдалану шығындарын азайтуға және өнімділікті арттыруға арналған.
“Тракторларға, машиналарға, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы техникаларына арналған дәл навигацияның автоматтандырылған жүйесі. Кез келген техникаға орнатылатын автоматты электромеханикалық рульдік басқару жүйесіне арналған қозғалтқыш. Механикалық және электронды қосылыстардың дизайны қарапайым жетекке қосымша оңай және жылдам орнатылады. Компанияның барлық өнімдері зерттеліп, сынақтан өтеді. Себілетін тұқымды бақылауға болады, өндімділікті анықтап береді, техниканы автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді”, – дейді ALATAI AGRO компаниясының сату бөлімінің басшысы Темірлан Ерманов.
«Жаңа дала-2024» агро көрмесі өңірдің осы саладағы соңғы жетістіктерін кеңінен таныстыру алаңына айналды. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімін арттырып қана қоймай, тамақ өнеркәсібінің дамуын ынталандыра отырып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ