Қостанайда қазақтілді балабақша әлі де аз. Тәуелсiздiгiмiзге аттай отыз жылдан асса да, елдiгiмiздi, мемлекеттiгiмiздi бағалай алмай жүргенiмiз бар. Осы күнге дейiн қазақтiлдi емес, орыстiлдi балабақша санының көптiгiне не себеп?! Оған мұқтаждық бар ма? Жоқ. «Тіл мәселесін көтергенімен өздеріңіз бөбектеріңізді неге орысша балабақшаға бересіздер?» деп ащы болса да осындай сауал тастағандар да бар. Рас, мемлекеттiк тiлдің маңызын әлі де түсінбей жүрген қаракөздер жетерлік…
Міндет бар, нәтиже қалай?
Бүгінде облыста 115 мемлекеттік балабақша жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 25-і ғана қазақ тілінде (15 мыңнан 3 мыңға жуық бала ғана) тәлім береді. Осы көріністің өзі қазақ балабақшасына деген сұраныс тудыра алмай отырғанымыздың дәлелі.
Өткен жолы аралас балабақшаларда орыс тілінде тәлім беретін топтардың азаюына қатысты ақпарат тарағанда әлеуметтік желілерде қаншама пікір жазылды. Жоғарыда айтқандай, оның көбі өзімізге, қаракөз бауырларымызға тиетін шындық сөз.
«Биыл жұмыс істеп жатқан балабақшаларда 70-ке жуық қазақша топ ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жылы Әулиекөл ауданында 280 орынға, Арқалық қаласында 148 орынға арналған балабақшалар мемлекеттік тілде білім беруге жоспарланып отыр. Рудный қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылатын 280 орындық балабақшада 6 топ қазақ тілінде оқытылады», – дейді Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қарлыға Исмурзина.
Өңірде жалпы контингенті 111 760 оқушысы бар 445 күндізгі мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Олардан таза қазақша оқытатын 108 мектепте 21 408 бала, 115 аралас мектепте 9 мыңнан астам оқушы мемлекеттік тілде оқып жүр. Нақтырақ айтқанда, 30 566 оқушы немесе 27,3% білім алуда.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен балалар контингентін ұлғайту үшін 2021 арнайы жол картасын әзірлеген. Оны жүзеге асыру мерзімі 2025 жылға дейін. Аяқталуына бір жыл қалды. «Нәтиже қалай?» деген сұрақ туындайды.
«Аталған картаға сәйкес, 2022-2023 оқу жылында орыс тілінде оқытатын 5 білім ошағы аралас мектептерге көшті. Атап айтқанда, Қостанай қаласының физика-математика лицейі, Қостанай ауданының Майкөл ЖББМ, Жуков НОМ, Рудный қаласының №12 ЖББМ және №4 мектеп-лицейі. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы №115 аралас тілде білім беретін мектебі таза қазақша оқытатын болды. Облыс көлемінде 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін мемлекеттік тілде білім алушылар саны 3153 оқушы мен тәрбиеленушіге артады деп жоспарланған», – дейді Қарлыға Исмурзина.
Әуелі ата-ана ойланса…
Кейбір өңірлерде қазақ балабақшасына сұраныс көп. Мысалы, қандастар көптеп қоныс аударған Рудный қаласында. Қазір кеншілер мекенінде 16 мемлекеттік балабақшаның біреуі қазақша тәрбие берсе, тоғызында аралас топтар бар. Жекеменшік мектепке дейінгі бес мекеменің ішінде екі аралас бақшада да қазақ тілінде топтар ашылған. Соған қарамастан, облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, ең төменгі көрсеткіш Рудный қаласында. Мәселен, қазақ тілінде оқытатын тәрбиеленушілер контингенті – 16,8%. Қазақ топтарын ашу жұмыстары сылбыр жүруде. Бұл мәселе кеншілер қаласына тұрақтаған қандастарды толғандыруда. Осы сауалмен облыстық білім басқармасына бірнеше мәрте хабарласқан екен. Соған байланысты, Рудныйда қазақша оқытатын алты топ ашылмақ.
Қазақша тәлім беретін топтарды ашу бағытында Қостанай қаласы көш бастап тұрғанын айта кету керек. Өйткені, үгіт-насихат жұмыстары жақсы жүргізілуде. Облыс орталығында мектепке дейінгі тәрбие балабақшадан басталады десек, Қостанай қаласында мемлекеттік білім беру тапсырысымен барлығы 68 балабақша жұмыс істейді, оның 24-і мемлекеттік, 44-і жекеменшік. Екі балабақша коммерциялық негізде жұмыс істеп тұр.
Үш баланың анасы Қымбат Мұратбекқызы Әуежай шағын ауданында балабақшаға орын бола бермейтінін жеткізді. Тұңғышын қала орталығындағы бақшаға тасып жүр. Ал, дәл орталықтан бөбекжайға бос орын табу оңайырақ екен.
Бұрын балабақшаға кезекке тек қалалық білім бөлімінде (Қостанай қаласы бойынша) жазылуға болатын еді, қазір аталған білім бөлімінің сайтына кіріп, «Индиго» тармағы арқылы жазылуға болады. Мамандар бұл процесс әуелдегіден әлдеқайда жеңілдегінін айтып отыр.
Қазақтілді топтарды көбейтудің артында әрбір баланың тағдыры, әрбір отбасының, ата-ананың сұранысы тұр. Сондықтан, бұл бір күнде іске асырылатын жұмыс емес. Балаға қай тілде тәрбие қажет екені туралы мәселе ата-аналардың сұранысына байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Білім басқармасының басым міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен балалар контингентін ұлғайту. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Қостанай ауданының Еңбек ауылында, Қостанай қаласының Береке және Қонай шағын аудандарында, Рудный қаласында салынып жатқан мектептер мемлекеттік тілде ашылады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2024 жылы Қостанай қаласының Береке-2 және Әуежай шағын аудандарында, Арқалық, Рудный қалаларында, Қостанай ауданының Заречный ауылында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентінде, 2025 жылы Қостанай қаласының Қонай-2 шағын ауданында, Тобыл қаласында бой көтеретін білім ошақтары да қазақ білім береді деп жоспарланған. Біз баланың қай тілде білім алатынына таңдауды ата-аналар жасайтынын білеміз. Сондықтан, баршамыз – қоғам, жергілікті атқарушы органдар мен ата-аналармен бірлесе отырып, осы мәселені шешеміз деген үміттеміз», – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Бағила Ибрагимова.
Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілмен байланысты екені бұған дейін де айтылып жүрген әңгіме. Оның іс жүзінде дәлелін қазір көре бастадық десек жаңылыспаймыз. Билік басындағы жиындарда қазақ тіліне басымдық беріліп келеді. Мемлекеттік тілге үлкен сұраныс легі бар екенін жоғарыдағылар мойындады. Енді бәрі өзімізге байланысты. Бұл жөнінде Президенттің де сөзі бар: «Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ балабақшалар мен мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау туралы міндет жүктеген. Осы міндетті орындау әр қазаққа сын болып тұр.
P.S. Әлеуметтік желіде: «Орын жетпейді, қосымша топ ашу қажет» деп талап етіп жүрген ата-ана да жоқтың қасы, «Орыс топтарындағы балапандардың дені қаракөзділер. Сондықтан өздеріңіз бас болып, қазақ топтарына неге бермеске» деген пікірлерді де оқып қалдық. Қалай болғанда да, тәлім-тәрбиенің түп негізін қалаушы өздері екенін ата-аналар естен шығармаған жөн. Сондықтан тағы да білім саласындағы мамандар пікіріне жүгініп, бұл мәселе ата-аналардың өздерінен ойлы, парасатты тұжырымды талап ететінін ескерте кеткіміз келеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ