Сарыкөлде жалауы XXXVII рет көтерілген аудандық жазғы спартакиаданың бағдарламасына ұлттық ойындардың енгізілуі көптің қызығушылығын туғызды. Халықтың асық ату, көкпар , қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сынды осы ұлттық ойындарымызға ерекше ықыласы оянды.
Спартакиаданың осылайша алғаш рет ауылдық жерде өткізілуі, сорочиндіктердің көңіліне қуаныштың нұрын сепкендей болды.
Спартакиадаға ауданнның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінен келген 12 ауылдың спортшылары өзге де бірнеше спорт түрінен сынға түсті. Атап айтсақ футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, гір көтеру т.б.
Спорттық доданың ашылу салтанаты дәстүрлі түрде көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен басталды. Әуелі спортшылар шеру жасап, әнұранымыз шырқалды. Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің әншілері мен бишілері мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Жиналған жұртшылыққа шашу шашылып, “Таған” театры қойылым көрсетті.
Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғарин қатысушыларды құттықтады.
“Спорт қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Адамның дене қабілеттерін дамытумен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің саласы. Ауданымызда спорт түрлерінен жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Солардың бірі жасөспірімдер арасында гір спортынан Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы , гір көтеруден спорт шеберлігіне үміткер Алижан Байдосов. Әскери қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, Мәскеу қаласында өткен жек-жекпектің әлем чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемионы Дмитрий Барабаш. Ұлттық асық ату ойындарынан қазақстанның екі дүркін күміс жүлде иегері Мария Страх. Аталған спортшылар ауданымыздың ғана емес, Қазақстанның намысын шет елдерде қорғап үздік нәтиже көрсетіп келеді. Біз олармен мақтануымыз керек. Спорт-денсаулық кепілі. Баршаңызды салауатты өмір салтын сақтауға шақырамын” , – деді аудан әкімі.
Анатолий Сергета, Владимир Бойко , Игорь Кухаренко, Алсу Зулкарнеева, Алижан Байдосов, Мария Страх, Дмитрий Барабаш, Карина Косоговская , Нұрша Данияров сынды аудан спортына үлес қосқан спортшылар мен ардагерлер аудан әкімінің грамотасымен марапатталды.
Спартакиаданың екінші күні ел назары Сорочин ауылының ипподромына ауды. Мұнда ұлттық ат спортынан көкпар, қыз қуу ойындары өткізілді.
Көкпардан Сарыкөл кенті мен Севастопол, Барвин, Веселый-подол ауылдарынан келген құрама командалар жүлдені өзара таласқа салды. Елді елең еткізген қыз қуу ойыны болды. Қыз қуу ойынына Баян және Кәусар есімді қаракөздеріміз шығып, жігіттерді қапы қалдырды. Жігіттерді қамшының астына алған аруларымызға, ауылдың үлкені батасын беріп, ақ жол тіледі.
Баян қыз қуу ойынынан бөлек көкпардан “Намыс” командасының мүшесі. Ол соңғы екі жылда ұлттық ат спортына бейімделіп келеді. Көкпардан үлкен ойындарға шықпаса да команда ішіндегі ойында салым салып, үлкен додаға дайындалып жүр. Айтуынша, сегіз жасынан бастап атқа отырған. Содан бері ат үстінде өзін еркін сезінеді.
“Мен алғаш атқа отыруды сегіз жасымда үйрендім. Содан бері өзімнің ат үстіндегі шеберлігімді дамытып келемін. Отбасым да ұлттық құндылықтан алыс жандар емес. Жалпы отбасымызбен жылқыға жақын жандармыз. Бауырымда ат спортына үлкен қызығушылықпен қарайды. Ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыстарға үнемі қатысамын. Жылқы менің өмірімнің сәні. Өзімнің Қарасай атты жеке тұлпарым бар. Маған жылқыларды баптап, оларға күтім жасаған ұнайды. Сабақтан босай салысымен бар уақытымды жылқыларға арнаймын. Қазіргі таңда атқа отыратын қыздар сирек кездеседі. Солардың бірі болғаныма қуаныштымын. Он бес жасымнан бастап осы ұлттық ойындарға ерекше ден қойып жүрмін. Алдағы уақытта үлкен сайыстарға шығу ойымда бар” , – дейді он жеті жасар Баян.
Ал, Баянның бапкері Кенжебай Балкенов одан үлкен үміт күтетінін айтып отыр. Кенжебай ағамыз “Намыс” көкпар командасының жетекшісі. Ол аудандағы көкпар ойынын да тілге тиек етті.
“Мен ардагер көкпаршылардың бірімін. Біздің ауданда алғаш көкпар құрамасы құрылғанда қиыншылықтар болды. Әрине, бәрі бірден тамаша болып кетпейді. Ол кезде атқа қажетті әбзелдер тапшы болатын. Соның бәрін көзімізбен көріп ауданымызда ат спортының дамуына үлес қостық. Қазір командамыз сақадай сай. Жарыстарға бару керек болса аудан тарапынан, кәсіпкерлер тарапынан көмек бар. Бүгінде командамыз Қарасай, Сымбат, Шерхан сынды үздік тұлпарлармен толықты. Команда үшін жылқылардың жақсы болуы маңызды. Олардың күтімі де ерекше болып келеді. Жалпы ауданымызда ұлттық спорт түрлерінің дамып келе жатқандығы қуантады. Ауданымызда ат спортының болашағы бар десем қателеспеймін” , – дейді Кенжебай Балкенов.
Спартакиада қорытындысы бойынша жалпы есепте бірінші орынды Солтүстік өңір ауылдары (85 ұпай), екінші орынды Сарыкөл ауданы (82 ұпай), үшінші орынды Батыс өңірі ауылдары (50 ұпай) еншіледі. Ал төртінші-бесінші орындарға Шығыс өңірі ауылдары (40 ұпай), Оңтүстік өңірі ауылдары ( 25 ұпай) жайғасты.
Екі күнге созылған байрақты бәсеке Сорочин ауылы тұрғандарын қуанышқа бөледі. Ауыл тұрғындары да спартакиаданың өтуіне ерекше дайындалғаны көрініп тұр. Киіз үй тігіп, алтыбақан құрып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан. Қонақтарға екі тәулік бойы қызмет етіп, құрмет көрсетті.
Ернұр ӘУЕЗХАН
Сарыкөл ауданы