Дәмдіде өткен аламан

Дәмдіде өткен аламан

Науырзым ауданына қарасты Дәмді ауылы 37-ші жазғы спартакиаданы жоғары деңгейде өткізді. Екі күнге созылған спорт додасына әр ауылдан жиналған 500-ге тарта спортшы қатысып, мықтыларды анықтады. Спартакиада алауын қазақ күресінен спорт шебері ардагер спортшы дәмділік Темірхан Айдарбеков жақты.

Салтанатты ашылу ауыл, ауылдық округ командаларының таныстырылуымен басталды. Ашылуда аудан әкімі Мәди Ихтиляпов құттықтап, сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауданда жасалып жатқан игі бастамаларға тоқталып, барлық спортшыларға жетістіктер мен зор табыстар тіледі.

– Алда облыстық спартакиада тұр. Осы додада біздің ауданнан шыққан мықты спортшылар биіктерден көріне берсін. Ауданда спортқа тиісті деңгейде көңіл бөлінеді, оны дамыту үшін жан-жақты қолдау бар. Баршаңызға жеңістер тілеймін, – деді Науырзым ауданының әкімі.

Ауданға қарасты барлық ауылдық округтен келген кіл мықтылар спорттың 12 түрінен тартысқа түсті. Бәйгелі додаға жиналғандар көп болды. Мұндай ауқымды спорт сайысы халықты бұқаралық спортқа баулуға сеп болады. Ал, саламатты өмір салтын насихаттау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Атап айтқанда, асық ату, қазақ күресі, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, шағын футбол, волейбол, шахмат, дойбы, үстел теннисі, ат жарыс секілді спорт түрлері қамтылған.

– Өңірімізде бұқаралық спорт түрлерін дамытып жатырмыз. Қай спорт түрін айтсақ та, нәтиже жаман емес. Аудан намысын қорғап жүрген осы ауыл жастары. Сол себепті, әр ауылда спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Спорттық нысандар да жаңартылып жатыр. Осы жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды облыстық спартакидаға апаратын боламыз, – деді Науырзым аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Жабағин.

Жарыс түрлерінің бағдарламасы жарияланған соң, барлық спортшылар белгіленген алаңдарға бөлініп, өз күштері мен шеберліктерін сынады. Ережемен бекітілген майдан алаңында спортшылар әділ түрде айқасқа түсті. Спорттық шара таңертеңнен кешке дейін жалғасын тауып, екі күн бойы барлық ауылдық округтен келген спортшылар намыстарын қолдан бермеуге тырысты. Жарыстар жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Дода жеңіл атлетканың бір түрі – жүгіру эстафетасынан басталып, ат жарыспен аяқталды.

Дәмді ауылында спартакиада соңғы рет осыдан он жыл бұрын өткен екен. Сол кезден бері ауыл стадионы жөндеу көрмеген. Осы іс-шара өтеді дегеннен бері ауыл әкімінен бастап, ауылдықтарға дейін дамыл көрмей, намысқа тырысып, жүгіріс жолдарын,  алаңды, ауыл ішін тазартып, бәрін жөнге келтіріпті. Ұлттық қазақ күресіне ауыл жанашыры жеке кәсіпкер Мұхтар Сыздықов 100 мың теңге көлемінде, ауылдың 79 жылғы түлектері 100 мың көлемінде демеуші болған.

 – Осы спорттық додаға біраз дайындалдық. Ауылдағы ағайын көмек қолын созды. Аудан әкімі аудан орталығында өткізейік деген ұсынысын да білдірген еді. Бірақ біз ақылдаса келе ауылда өткіземіз деп шештік. Ауыл азаматтары «он жылда бір болатын мереке, үлкен той ауылда өтсін» деп тілектерін білдірді. Ауылда өтсе бәріміз де жасап қалатынымыз рас. Көшіп кеткен тұрғындар да келіп, жанкүйер болып жатыр. Халықтың тілегін жерге қалдырмаған аудан әкімі, құптап, ақша бөлінді. Ауыл бюджетінен миллионнан астам ақша шығардық. Оған қосымша ауылдық шаруа қожалықтары да демеушілік жасады. Ат жарысқа бөлек қаражат жиналды. Осындайда ауылдың ауызбіршілігі көрінеді екен. Халықтың әсіресе жастардың спортқа деген бетбұрушылығы жылдан-жылға артып келеді. Оны осы додадан-ақ байқауға болады. Қатысамын, бақ сынаймын дегендер көп. Барлығы 8 ауылдан командалар келді, – дейді ауыл әкімінің міндетін атқарушы Еламан Өтегенов.

Ұлттық ат спорты ойындарының бірі – ат жарыс та өте қызғылықты да, тамаша, тартымды өтті. Тай бәйге 300 шақырымдықта бірінші орынды Аманкелді ауданынан келген «Жұмбақтас» атты сәйгүлік жеңіп алды. Ал топ бәйге 9 шақырымдықта өтті. Жарыста Өлеңді ауылының «Бақторы» атты жүйрігі мәреге бірінші болып жетті. Аламан бәйгеде 12 шақырымда Қостанай жылқы зауытының «Расул» деген сәйгүілігі бірінші болып жетті.

–Ат жарысқа 1 милионннан артық жүлде қоры қойылды. Кіл жүйріктер жиналды.

  Бәйге демеушісі – Науырзым ауданы ат спорты федерациясы филиалының басшысы, жеке кәсіпкер Әлібек Темірбаев, жеке қожалық басшысы Сәкен Бердібаев сынды ел азаматтары. Ат жарыс әділ әрі қызықты өтті деп ойлаймын. Атқа мінген шабандоз жігіттер күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін көрсете білді. Ат үстінде мығым отырғанына жиналған қауым куә боп, қол  соғып жатыр. Делебені қоздырар қызықты жарыс болды. Шабандоздардың аттарын қалай баптап үйреткендері осындайда байқалады. Аламан бәйгеде «Расул» деген тұлпар Қостанай жылқы зауытынан келді. Бапкері – Берік Әміров. Оның шабандозы Нұрислам Ораз, – дейді «Қостанай жылқы зауыты» қауымдастығының инспекторы Руслан Таңқыбаев.

Нұрислам Ораз мен Нұрасыл Ахмет аламан бәйгеде оза шапқан шабандоздар. Бірі – бас бәйгені, екіншісі екінші орынды иеленді. Екеуі де Заречный ауылында тұрады.

–Атқа шабуды ағамыздан үйренген едік. Ат жарыс болады десе бірден сол жаққа барамыз. Бірнеше бәйгеде өзімізді көрсете білдік. Атқа шабу үшін тәжірибе керек. Денсаулыққа да пайдасы зор. Ұтыстарымыз да қомақты, – дейді қос шабандоз.

Барлық жарыс түрлерінің жеңімпаздарына мадақтамалар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бұл жеңістер спортшылардың өзіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Спорттық іс-шаралар аяқталысымен аудандық спартакиаданың жабылу рәсімі өтті. Жалпыкомандалық 1 орын — 102 ұпай жинаған Дәмді селолық округі, 2 орын — 94 ұпаймен Қарамеңді селолық округі, 3 орын — 77 ұпаймен Шолақсай ауылы иеленіп, жеңісті олжалады.

Аудан әкімінің орынбасары Елдар Ысқақов барлық спортшыларды жеңістерімен құттықтап, аудандық спартакиаданың эстафетасын Шолақсай ауылдық округіне табыстады.

–Дәмді елді мекенінде өткен аудандық спартакиада көпшіліктің есінде қалары анық. Өзім осы спартакиадаға арнайы келдім. Ауыл мектебінде бірнеше жыл мұғалім болып, осы жерде өсіп, өркендеген едім. Маған бұл мекен өте ыстық. Қайда жүрсек те бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Ауылдың жайы да жаман емес екен. Осы стадион 1989 жылы салынған еді. Бірінші спартакиада да да сол кеңес жылдары өткен. Содан бері небір жағдайлар өтті. Ауылдар бұзылды ғой. Бірақ ауыл стадионын бір айдың ішінде жаңартып, сырлап, әктеп, дайындағаны көрініп тұр. Екі күннен бері қаншама жарыстар өтіп жатыр, ризамыз. Ауыл азаматтары да, жанкүйерлер де жақсы той өткізе блді. Осындай іс-шаралар көтпеп ұйымдастырылғаны дұрыс. Ауданымызда спорттың кең етек алуы біз үшін үлкен жетістік. Жетістіктерге қол жеткізген спортшыларымыз бен спорт сүйер жанкүйерлеріміз көбейе берсін, – дейді зейнеткер Рахымбек Арғынұлы.

Шынымен де Дәмді ауылы бұл күндері қуанышқа кенелді. Жергілікті тұрғындар спартакиаданың бірінші күні Науырзым ауданының өнерпаздарының өнерін тамашалады. Осылайша ауылдағы ағайынның көңілі бір жасап қалды.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан

Науырзым ауданы,

Дәмді ауылы.

 

.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу