Қостанайдан шығаберістегі жазық алаңда алдағы жылдары екі бірдей шағын аудан пайда болмақ. Әулиекөл тас жолының маңындағы алаңда осы бастаманың ашылуы сән-салтанатымен ұйымдастырылды. Қазақстандағы танымал жұлдыздар – «Ирина Кайратовна» тобы, The Kitchen Songs және Назима атты әншілер шақырылған іс-шарада көрер қызық аз болған жоқ.
Көңілді кештің арасында жазық алаңқайға жиналған қауым үшін ұтыс ойындары ойнатылды. Карина есімді ару отбасымен концерттік бағдарламаға келерде ғана әсем баннерлердің шетіне бейнеленген QR кодын сканерлеген. Есімі аталғанда төбесі көкке жеткендей болды. Осылайша, ол жаңа үлгідегі теледидардың иесі атанып шыға келді. Ол ол ма, осы ұтыс ойындарында бес жүз мың, миллион теңгенің сертификатын иеленгендер де бар.
Қас қарайғанда Тобыл қаласының «Астана» және «Бәйтерек» атты шағын аудандарының құрылыс жобасы таныстырылды.
«Бүгін біз жаңа шағын аудандардың құрылыс алаңында тұрмыз. Ол дегеніміз, жаңа болашақтың бастауы. Жобалау кезінде бірегей шешімдер қабылданды, жаңа технологиялар қолданылды. Бұл жерге 154 тұрғын үй салу жоспарланды. Әртүрлі спорт нысандары бой көтереді», – деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов.
«Астана» мен «Бәйтерек» шағын аудандары 2026 жылға қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба бойынша аудан орталығының ең биік үйлері орналасады. Бұл аумақта алдымен 29 үй пайда болады, оның 12-сі тоғыз қабатты, бесеуі он екі қабатты, екеуі 14 қабатты және оны бес қабатты тұрғын үйлер. Жоспарда әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер салу көзделіп отыр. Тұсаукесерде жаңа шағын аудандардың тұрғындарына арналып еліміздегі ең ірі спорт кешені, үлкен сауда ойын-сауық орталығы салынатыны экранда көрсетілді. Еліміздің картасы түріндегі «Тәуелсіздік» саябағы осы шағын ауданның қақ ортасында орналасатын болады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, жасалып жатқан дүниелердің бәрі, ең алдымен, халықтың игілігіне бағытталған.
«Бүгін біз облыс өміріндегі маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бірнеше жылдан кейін бұл жерді танымайсыздар. Екі бірдей шағын аудан бой көтереді. Уақыт талабына сай заманауи үйлер, әлеуметтік және спорттық нысандар пайда болады. 1млн шаршы метртұрғын үй салынады. Бұл 60 мың тұрғынға арналған 14 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі деген сөз»,– деп облыс әкімі құрылысты бастауға рұқсат берді. Экскаваторлардың шөміштері жаңа шағын ауданның бірінші үйінің іргетасының шұңқырын қазуға кірісті.
Жанна Қосқолова есімді келіншек Қостанайдан бала-шағасымен осы концертті тамашалауға арнайы келіпті.
«Әулиекөл тас жолының бойында үлкен концерт болатынын естіп, бәріміз қалмай жеттік. Жаңа осы жерде зәулім тұрғын үйлер салынатынын естіп, бір марқайып қалдық. Бұл жастарға үлкен көмек, бір жағы еліміз, айналамыз гүлдене түседі», – дейді Жанна Қосқолова.
Міне, көптен күткен жұлдыздар сахнаға шықты. «Ирина Кайратовна», Назима бастаған жұлдыздар мерекеге жиналғандарды арнайы құттықтап, өздерінің сүйікті хиттерін орындады. Концерт арасында елге деген ыстық ықыластарын да білдірді.
«Бұл мен үшін жүрегімде ерекше кеш болып қала береді. Тылсым табиғаттың құшағында, жазық далада сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын. Осы тарихи күн мәңгі жадымда қалады», – деді Назима.
Осылайша жұлдыздар көрермен қауымға ұмытылмас кеш сыйлады.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай ауданында жаңа шағын аудандар салу жоспары төрт жыл бұрын басталған еді. Содан кейін үш тұрғын алабы пайда болады деп болжанған – біреуі Тобыл қаласында, атап айтқанда, «Автомобилист» саяжай қоғамының орнында және екеуі – Мичурин ауылының жанында. Ал «Астана» мен «Бәйтерекке» қатысты сметалық құжат әзірлеу, инженерлік коммуникацияларды тарту және тікелей жоспарлау бойынша атқарылған жұмыстар заманауи технологиялар арқылы жүргізілді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ, Ернұр ӘУЕЗХАН
Қостанай ауданы