Қостанайда екі күнге жалғасатын инвестфорум басталды

Қостанайда екі күнге жалғасатын инвестфорум басталды

Қостанайда “Қостанай Инвест 2024” форумы өтіп жатыр. Іс-шара екі күнге жоспарланған. Алғашқы күні 3 панельдік сессия болады. Онда жұмыс істеп жатқан және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, жас старт-апперлер және жалпы облыс тұрғындары үшін көпшілікке танымал және әлеуметтік желілерде мыңдаған аудиториясы бар табысты кәсіпкерлер мен бизнес-коучерлертегін шеберлік сағатын өткізеді.

Сессияға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов қатысып, ашып берді.

            “Панелдік сессияда тренерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін сату және сатып алу, осы саладағы операциялық процестердің қалай құрылатыны жөнінде айтады. Сондай-ақ, мейрамхана бизнесімен қызмет көрсету саласына қызығушылық танытқандар үшін ұлттық дәстүрлер арқылы гастрономиялық туризмді дамыту жайлы кеңінен баяндайды. Шақырылған спикерлердің барлығы өз саласының озық мамандары, тәжірибелері мол. Сол себпті осы салада кәсібін дамытқысы келетіндер үшін бұл кездесу жемісті болады деген ойдамын. Екінші күні, яғни 25 шілде де пленарлық отырыс өтеді. Айтулы іс-шара отандық және шетелдік бизнес, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа да 500-ге жуық іскер азаматтың басын біріктірмек”, – деді Арман Әбенов.

Қостанай облысында инфрақұрылымды дамытуға, бизнес үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтады “YevniyConsultingGroup”ЖШС басқарушы серіктесі Арман Евниев.

            “Қостанай өңірі стратегиялық орналасуы және табиғи ресурстарға бай екенінің арқасында инвестициялық тартымдылығы жоғары. Оның үстіне жергілікті билік кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетіп келеді. Бұл жағдай инвесторларды одан әрі тартуға көмектеседі. Панельдік сессияда ауыл шаруашылығы саласы жайында сөз сөйледім. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен АӨК саласындағы өнімді жеткізушілердің өзара іс-қимылы жайлы айттым. Еліміздегі басты мәселенің бірі цех, зауытты салып, жабдықтарды сатып алып әрі қарай қимыл әрекетке көше алмау. Өзім Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Екі облыстың да аграрлық әлеуеті зор. Қостанай өңірінікі басымырақ. Мұнда өзге аймақтарда жоқ жер асты қазба байлығының үлкен қоры жатыр. Қос бәсекелестік бар деуге болады. Яғни, агроөнеркәсіптік кешен ғана емес, басқа да салаларды кеңінен дамытуға мүмкіндік зор. Автокөлік жасау кластері құрылды, қызмет көрсетуді алайық, осы сынды көп мысал келтіруге болады. Осындай бағыттар инвесторлардың назарын өзіне аударатыны сөзсіз”, – дейді Арман Евниев.

Әділ Ахметов Алтынсарин ауданындағы “Ахметов Т.Б” шаруа қожалығының басшысы. Іс-шарада перспективалы бизнес-жобалардың нақты мысалдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтады.

            “Кәсіпкерлер, әсіресе жаңадан бастаған кәсіпкерлер қандай субсидиялардың немесе мемлекеттік қолдау шараларының барын, оған қалай қол жеткізу қажеттігін біле бермейді. Аталған практикум барысында қатысушылар қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен оларды тәжірибеде пайдалану жайынан толық ақпарат алды. Кәсіпорынды дамытудың, табысты тәжірибесін зерделеудің және сайып келгенде іскерлік қоғамдастық өкілдері арасында тікелей қарым-қатынас жасаудың тамаша мүмкіндігі. Бұған дейін осындай тәжірибе мен білімді ақылы жетілдіріп жүрдік. Еліміздің әр түкпіріне немесе алыс шетелде өтетін іс-шаралармен тренингтерге қатысуға мәжбүр болдық. Форум іскерлік кездесулер мен кәсіби тақырыптарды талқылау, статистика мен нарық динамикасын далдау, кәсіпорындағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге бейімдеу алаңына айналды”, – дейді Әділ Ахметов.

Форумның осыменен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылдың тамызында «Қостанай Инвест 2023» инвестициялық форумы болды. Онда да өңірдің инвестициялық әлеуеті ұсынылды және өнеркәсіптің түрлі салаларын да ірі жобалардың іске асырылып жатқандығы таныстырылды. Сондай-ақ, форумның қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен ірі инвесторлар арасында сомасы шамамен 440 млрд теңге болатын жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдер жасасылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу