Қостанай қалалық №2 сотының судьясы “ұлтаралық алауыздықты қоздырды” деп айыпталған Тобыл қаласының тұрғынына қатысты үкім шығарды.
Болған жағдайды кеңінен баяндасақ, Тобыл қаласының тұрғыны Құндызай Кенжетаева күйеуі екеуі 6 ақпанға қараған түні қонақтан шыққан соң такси шақыртады. Екеуі де ішімдік ішкен. Онысын мойындаған. Көлікке отырған соң күйеуі түшкіріп, жөтеліп немесе әдейі түкіргеннен, түкірігі такси жүргізушісінің басына тиеді. Жүргізіп келе жатқан Михаил Галкин көлікті тоқтатып, екеуінің дереу көліктен шығуын талап етеді.
“Көлікке отырғаннан-ақ әңгімеміз жараспады. Күйеуі қазқаша бейәдеп сөз айтты. Мен ішімдік ішкен соң мән бермедім. Кейін басыма әдейілеп түкірді. Сол кезде жолдың шетіне тоқтап: “Көліктен түсіңдер, әрі қарай сендерді апармаймын!” дедім. Екеуі түспей отырған соң өзім шығып артқы есікті аштым, сол кезде күйеуі жұдырық ала жөнелді. Әйелі де біршама айқайлап, бейәдеп сөздер айтты. Сонда: “Орыс, өзіңнің Ресейіңе бар!” деді. Жанжалды телефоныма жазып алдым. Такси паркінің WhatsApp тобына жібердім. Әлеуметтік желіге мен салмадым, сол жерден біреу салған болуы керек”, – дейді такси жүргізушісі.
Сот барысында сотталушы Құндызай Кенжетаева да орын алған жағдайға өзінше түсініктеме берді.
“Жездемнің туған күніне барған едік. Түңгі 2-ден кете қонақтан шығып, такси шақырдық. Күйеуім бір шыныдай ішті. Мен әрі кетсе екі стакан ғана іштім. Күйеуім оның басына түкірген жоқ. Біріншіден ол түкірік емес, алма жеп келе жатқан. Шамасы алдыға ентелеп сөйлеймін дегенде, екі тісі жоқ еді, кертіктен ұшып кеткен болуы керек. Құлағының артына жабысып қалды. Жанжал сол кезде басталды. Артынша телефонын шығарып мені араңдатты, сол кезде өз-өзімді ұстай алмай бейәдеп сөздер айтып қойсам керек. Ол үшін жәбірленушіден кешірім сұраймын”, – дейді Құндызай Кенжетаева.
Жәбірленуші 300 мың теңге өндіріп беру туралы азаматтық талап арыз берген. Екі тарап сотқа дейін татуласып, материалдық шығын өтелгендіктен, сот барысы қысқартылған тәртіпте өтті.
Мемлекеттік айыптаушы жарыссөзде жәбірленушіні айыптап, орыс ұлтының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлады және ол ауыр қылмыс екенін айтты. Прокурор соттан Кенжетаеваны үш жылға бас бостандығынан айырып, сот залынан тұтқындауды сұрады. Ал сотталушының қорғаушысы қылмыстық бап бойынша балама жаза – бас бостандығынан шектеу жазасын қарастыруды сұрады. Жәбірленуші де бас бостандығынан айыру жазасын қолдамайтынын жеткізді.
“Кешірім сұрады. Талап еткен ақшаны төледі. Оның үстіне кәмелетке толмаған екі баласы бар екен. Сол себепті оны бас бостандығынан айырмауыңызды сұраймын”, – деді жәбірленуші.
Сот Кенжетаеваны үш жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге үкім шығарды. Бірақ кәмелетке толмаған балалары бар екені, жәбірленушінің кешіргені ескеріліп, төрт жылға кейінге шегерді. Ергер Кенжетаева алдағы 4 жыл ішінде заң бұзса, ол бас бостандығынан айырылады. Осы аралықта пробациялық бақылауда болады.
“Сотталушының қандай адам екенін біле алмадық. Өйткені істе сотталушыны сипаттайтын ешқандай құжат тіркелмеген. Бұл өте ауыр қылмыс. Жәбірленуші сені кешірді, екіншіден кәмелетке толмаған балардың жағдайы ескерілді. Оларға ана керек. Ендігіде балаларды тәрбиелеумен айналысыңыз”, – деп түйіндеді сот Сатыбалды Оразбай.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор