Айназ “Домбыра думан” байқауының жеңімпазы атанды

Айназ “Домбыра думан” байқауының жеңімпазы атанды

“Қостанай таңы” газеті редакциясы ұйымдастырған “Домбыра думан” байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға облысымыздағы алыс-жақын өңірлерден 20 ға жуық өтінім келіп түсті.

Олардың ішінен үш өнерпаз үздік деп танылды. Үздік үштіктің ішінде Қарағұл Айназ байқау жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді.
Айназ домбырадан басқа “жетіген” , “шертер” , “шіңкілдек” сынды бірнеше аспапта еркін ойнайды.

Жанкелдин ауданына қарасты, Торғай ауылында ашылған Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің түлегі. Бүгінгі күні сол ауылдағы “Dan-As” шығармашылық орталығының ұлт-аспаптар бөлімінде шеберлігін шыңдау үстінде. Айназ облыстық байқаулардан бөлек республикалық, халықаралық домбырашылар байқауының жеңімпаз, жүлдегері.

Бойындағы дарынын байқаған ата-анасы оны сегіз жасынан бастап өнер мектебіне беріп, талабын ұштаған. Бүгінде күрделі күйлерді орындап көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.

“”Домбыра думан” байқауы менің алғашқы байқауым емес. Бұған дейін бірнеше байқауда гран-при жеңіп алдым. Ең алғаш 9 жасымда Астана қаласында өткен “Вольшебный микрофон” конкурсында аспапта ойнау номинациясы бойынша бірінші орын иелендім. Одан кейін республикалық “Битва талантов” байқауында бірінші орынға қол жеткіздім. Халықаралық “Alash Star” , “Өнерге қанат қаққандар” атты бақуларда да жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орын бұйырды. осы жылы қатысатын байқауларым жетерлік. Бұйыртса күзде Түркия елінде өтетін үлкен байқауға аттанбақпын. Бүгінде ауданымзыдың атын облысқа, қала берді республикаға танытып жүрген өнерімді бағалап, Жанкелдин ауданы жастарының “Алтын кітабына” есімімді енгізді. Бұл байқау басқа байқауларға қарағанда орны ерекше болды. Байқауға Құрманғазы атамыздың “Төремұрат” күйін орындап жібердім. Бұл күй күрделі күйлердің бірі. Дегенмен бар шеберлігімді салып жақсы орындауға тырыстым, нәтижесінде байқау ұйымдастырушыларының оң бағасын алып жеңімпаз атандым. Осы сәтті пайдаланып ұйымдастырушыларға және өнеріме жетекшілігін жасаған ұстаздарыма алғысымды білдіремін” , –дейді байқау жеңімпазы Айназ Кемеңгерқызы.

Байқауымызда жүлделі екінші орын алған Қуандық Елжас.

– Біз Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылында тұрамыз. Елжастың алғашқы ұстазы осы ауылдағы клуб жетекшісі Бақыт Кенжетайұлы болды. Бақыт Кенжетайұлы Елжасты 7 жасынан бастап домбыраға баулыды. Елжастың болашағына үлкен сенім артатын. Кейін ауылымыздағы клуб жетекшісі қызметіне Байзақов Медет Дәндібекұлы келді. Медет ағайы Елжастың қабілетін көріп, оның арықарай дамуына көп үлес қосты. Қазіргі таңда ұлыма Айнұр Қайырғалиқызы жетекшілік жасап жүр. Айнұр апайы келгеннен бері көптеген байқауларға қатысуда. Бүгінде Қостанай қаласында өткен облыстық “Алтын домбыра” байқауында үшінші орын, республикалық “Я звезда” байқауының гран-при иегері. Халықаралық “GULNAR FEST” көп жанрлы байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Аталған жетістіктері тек есіме түскен байқаулары ғана, одан бөлек қаншама конкурста топ жарып келеді. Байқауды ұйымдастырушы “Қостанай таңы” газеті редакциясына алғысымды білдіремін. Балалардың талабын ұштайтын ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай беріңіздер”, – дейді Елжастың анасы Индира Рамазанқызы.

Байқаудың үйлестірушісі, әріптесіміз Жандос Жүсіпбек қатысушыларға алғыс білдірді:

“Біріншіден осы байқауға қолдау білдірген “Шаңырақ” ұлттық кәдесыйлар дүкеніне ынтымақтастық үшін алғысымды білдіргім келеді. Байқау өзіміз ойлағандай жақсы көрсеткіш көрсетті. Қуантатыны қатысушылардың көптігі, әрі олардың домбырада ойнау шеберлігі болды. Бұрын атын естімеген балалардың өнерін көріп, ерекше қуанып қалдық. Әсіресе, үшінші орын алған Бақытбек Жанасылдың болашағы зор”, – дейді Жандос Жүсіпбек.

Ернұр Әуезхан

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу