Көктемгі тасқыннан кейін қалыпты режимге көшкен ауданның қазіргі ахуалы қалай? Үйінен, мал-мүлкінен айрылып, шығынға ұшыраған халыққа көмек уақытында берілді ме? Аманкелді ауданының әкімі Талғат Карбозов бізге осы сауалдар төңірегінде айтып берді
– Талғат Тойшыбекұлы, биылғы су тасқынынан облыста ең бірінші болып сіз басқарып отырған аудан зардап шекті. Осындай алапат су келеді деп күтпедіңіздер. Бірақ қандай да бір әзірлік жұмыстары жүргізілген болар?
– Әрине. Бұрын-соңды мұндай алапат тасқын болмаған. Жыл сайын оқу-жаттығу жұмыстары өткізіледі. Онда құтқарушылардың, техникалардың дайындығы, алдын алу іс-шаралары сарапталды. Бірақ ешкім мұндай топан су келеді деп күткен жоқ. Ауылдарға инертті материалдарды алып қою, еріктілерді даярлау, шаруашылықтарды көшіру жұмыстары, барлығы алдын ала ескертілген. Төтенше жағдай өкілдері де бәрін қадағалап отырды. Тасқын басталды дегенде де қауіп төнген ауылдарға көшіңдер деп айтылған. Техника да, күш те дайын еді. «Ертең-арғыкүні көшем» деп, су ортасында қалып қойғандар болды.
Оның үстіне былтыр бес айда жаңбыр жауып, жер үстінде бір метрден артық тоң жатты. Қар суының жерге тез сіңіп кетпеуіне ол да әсер етті. Қызыл су сай-саланы қуалап, сөйтіп әбігерге салды. Енді соның бәрі артта қалды.
– Тасқыннан кейін ауданда бірқатар серпінді жұмыс жүріп жатқаны байқалады. Бірақ әлі де болса кезегін күткен мәселелер бар. Мысалы, кейбір ауылдың тұрғындары жарық жоқ деп дабыл қақты. Оның бәрі бірте-бірте шешілетін түйткіл екенін түсінеміз. Десе де, оның жай-жапсарын оқыр-ман қауым білгісі келеді…
– Иә, қаншама қиындықтан кейін жаңа күн туып жатыр десек артық айт- қандық емес. Әр жамандықтың соңында бір жақсылығы болады деуші еді. Тасқыннан зардап шеккендерге үйлер берілді. Олар аудан ортасынан ойып тұрып жаңа баспана аламыз деп ойлаған жоқ. Көктемде ғана қайда барамыз деп қамыққан жұрттың игілікке қолы жетіп, мәре-сәре болғанына біз де қуанып қалдық. Облыс әкімі келіп құттықтап, үйлерді өзі көріп кетті.
Рас, тасқын Қазақстан үшін үлкен сынақ болды. Бәрімізді ширықтырды, біріктірді. Еріктілер штабы құрылып, жастар көп еңбек сіңірді. Тасқынның екпіні қаттылығы сондай, аудан орталығын да басып кетуі ғажап емес еді. Бірақ атқарушы билік пен жергілікті халықтың тізе қосып жұмыс істеуінің арқасында барлық қиындық еңсерілді.
Жапа шегіп, дүние-мүлкінен айрылған жандарға Президентімізден бастап, облыс басшылығынан, жергілікті азаматтардан да көп көмек келді. Жан-жақтан, тіпті бауырлас елдер де көмек қолын созды. Әйтеуір, бастысы адам шығыны болған жоқ, соған шүкір дейміз. Жол, электр жүйесі, байланыс бірте-бірте қалпына келіп жатыр.
Аудан бойынша 30 елді мекен бар. Тасқын кезінде соның жиырма алтысында электр жарығы сөніп қалды. Үлкен күшпен бәрі реттеліп жатыр. Кейбір ауылдардың маңында су кеппей, құлаған бағандарды тұрғызатын техника бара алмады. Мысалы, Қабырға мен Әбусыздықта жарық бертінде ғана қосылды. Қалған екі-үш елді мекенге енді беріледі деп отырмыз. Ұялы байланыс желісі бар. Аманкелді-Үрпек жолын қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ол жөнінде газет бетінде жазылды. Ендігі бір мәселе – апат шығынының орнын толтыру.
Апат өткеннен кейін бір жарым, екі айдан соң арызын алып келгендер болды. Негізгі тәртіп бойынша бір айдың ішінде өтініш беріп үлгеруі керек. Қанша түсіндірсек те, сөйтіп мүмкіндігінен айрылып қалған жерлестеріміз бар. Алайда, оларға гуманитарлық көмекпен жеткізілген дүниелерден керек-жарағын үлестірдік. Кешігіп қалған адамдарға қоғамдық қор өкілдері де жәрдемдесіп, баспана алып беріп жатыр.
Қарап отырсақ, өңірде ең көп көмек алған біздің аудан екен. 685 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы берілді. Комиссия қорытындысына сәйкес, 98 үй апатты жағдайда деп танылды. Ал алпыстан артық үй жөндеуге келеді деген шешім шығарған. Жоспар бойынша 27 баспана салыну керек: аудан орталығында 18 үй, Қарасу ауылында 2 үй, Амантоғайда 1, Есір ауылында 2, Байғабылда 1, Ағаштыкөлде 3 үй тұрғызылады. Барлық баспаналардың құрылысын шілде айының соңына дейін аяқтап бітіреміз деген жоспар бар.
Апатты деп танылған үйлердің бәрі сүріледі. Бірақ жаңа үйлерді сол жерге салмаймыз, өйткені тасқыннан тағы қауіп төнсе, еңбегіміз зая кетеді.
Ауданда 32 қыстақ бар. Ондағы тұрғындарға «баспананы Аманкелдіден әлде Арқалықтан аласың ба?» деп ұсыныс жасадық. Әрқайсы өз таңдауын айтты. Мал шығыны да аз болған жоқ. Бәрі өтемақысын алды. Ережеге, талапқа сай көмек көрсетілді.
– Комиссия тұруға жарамды деп шешім қабылдағаннан кейін, бірнеше күн өткенде қабырғасы қисайып қалған үйлер де бар екен. Олардың мәселесі қалай шешілмек?
– Иә, жерасты дымқыл болып, содан іргетасы төмен түсіп, қабырғасы сөгілген үйлер бар. Олар сот арқылы дәлелдеп, соның шешімі бойынша көмек алады деп отырмыз.
– Жөндеуге жарайды деген үйлерді құрылыс компаниялары жөндеп бере ме, әлде иелері өздері жасай ма?
– Керек қаржы есептеліп, қолға беріледі. Өздері жөндеу жасаған соң, дәлелін комиссияға ұсынады. Ақшаның мақсатты жұмсалуы қадағаланады. «Кредитім бар еді, әуелі содан құтылайын, жөндеуді кейін көреміз» деген болмайды. Осы тасқынның әуресімен жүріп, әртүрлі пиғылдағы жандармен кездестік. «Мемлекеттің ақшасы көп, көмектесе береді» деп ойлайтындар бар. Тәубесін, рахметін айтып жатқандар да көп. Ел болған соң, оның бәрін түсінеміз. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп қоямыз.
– Осы жағдайдан кейін алдағы жылдарды алдын ала саралап, болжап, қам жасап жатқан боларсыздар?
– Облыс басшылығы да бұл жөнінде бәрімізге ескертіп, тапсырма берген. Қай жерлерге тоған салу керек, судың екпіні қандай болуы мүмкін, соның бәрін арнайы мамандар зерделеуі қажет. Біз, әрине, қай жерге су көп жиналатынын, қауіп төнуі мүмкін ауылдар туралы ақпаратты өзімізше саралап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ
Аманкелді ауданы