Рудный жылу желілері мекемесінің меншігінде 182 шақырым құбыр бар. Жыл басындағы көрсеткішке сүйенсек, магистральдық жылу желілерінің 66 пайызының тозығы жеткен.
Жылу құбыры жаңартылды
Кеншілер қаласында жылу желілері құбырын жаңарту жұмыстары өткен жылы басталған. Магистралдық құбырлдарды қайта құру туралы екі жылдық келісім-шарт жасалған. Биыл 20 шақырымға жуық құбыр ауыстырылған. Бұл жайлы Рудный жылу желілері мекемесінің директоры Олег Абылкаиров айтып берді.
“Биыл да екі жылдық келісім-шарт аясында жұмыстар жалғасын тапты. Жалпы жұмыс құны 10 млрд теңге болатын 18 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Кварталішілік желілердің үш шақырымы ауыстырылды. 40 лет Октября көшесінде магистральдық құбырды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шілде айының соңына дейін жұмыс толық аяқталады. Сондай-ақ, Топорков көшесінде диаметрі 530 мм, ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын үш учаскеде магистраль құбыр ауыстырылады. Жұмыс құны шамамен 5 млрд теңге. Ол көшедегі жұмысты қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған”, – деді Рудный жылу желілері мекемесінің директоры Олег Абылкаиров.
Кеншілер қаласында жылыту кезеңінде құбырдан 248 ақау анықталған. Оның дені жеке секторда болған. Осыны ескерген мекеме жеке секторда да жылу желілерінің жөндеу жұмысын атқарып жатыр. Оған облыстық бюджеттен 245 млн теңге қаржы бөлінген.
“Бөлінген 245 млн теңгеге 4 шақырым жылу желісін ауыстырамыз. Сондай-ақ, тариф құны есебінен жеке секторда 1,3 шақырым желіге күрделі жөндеу жүргіздік. Биыл жеке секторда 300 шақырым болатын желіні қалыпқа келтірдік. Абаттандыру бағдарламасы бекітілген. Мердігермен шарт жасалып, тас жол жабынын төсеуге кірісті. Сондай-ақ, тротуарлар қалыпқа келтіріліп, Ленин көшесі абаттандырылады. Енді Марита көшесіндегі магистральдық құбырды қайта жаңарту жұмысы аяқталды”,– дейді мекеме директоры.
Жолдың жай-күйі
Қалада автомобиль жолдарын орташа жөндеуге қомақты қаржы бөлінген, 1 млрд теңгеден астам. Биылдың өзінде 39 көшені орташа жөндеу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін тас жол болмаған көшелер де қамтылған. Олар Космодемьян, Макаренка, Герцен көшелері.
“Бүгінде 10 көшеде орташа жөндеу жұмысы аяқталды. Корчанин, Гагарин көшелерінде жұмыс жалғауда. Жеке сектор бойынша шағын ауданда орналасқан Перов, Бажов, Аманкелді көшелерінң бір бөлігіне асфальт төселді, жұмыс толық біткен жоқ. Жеке секторда әлі 10 көшенін жолы істеледі. Соның бірі Бейімбет Майлин ауданына шығатын беткейдегі жол, Торғай көшесі. Жол жөндеу жұмысы мұнымен бітпейді, өйткені, әлі 50-ге жуық көшеге асфальт төсеу керек. Алдағы бірнеше жылға жоспар бекітілген”, – дейді Рудный қалалық әкімдігінің ТКШ бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов.
Тұрғындардың өтініші бойынша да жөнделетін жолдар есепке алынады. Адамдар жолдың тарлығына, жаңбырдан соң судың біраз уақыт ешқайда ағып кетпей тұрып қалатынына шағымданған.
“№1 емханаға және 4-ші мектепке бартын жол жөнделді. Бұл көше бойынша тұрғындардан бірнеше шағым түскен еді. Адамдардың шағымы ескеріліп, ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қазір ешқандай ескерту, шағым жоқ. Жаңбыр суы тұрмас үшін жол көлбеу жасалды. Сондай-ақ, 10-шы балабақша, 10-шы, 27-ші, 15-ші, 21-ші мектептердің кірме жолдары жөнделді, бірнеше мектеп аумағында жұмыс жалғасуда. Жантеміров көшесіндегі жұмыстар аяқталды”, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов.
Бұл әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды “Самұрық Строй Групп” ЖШС жасайды. 26 мыңнан астам шаршы метрге тас жол төсеу үшін, 240 млн теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмысы мен материалдардың сапасына “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” мекемесі сараптама жасайды. Аталмыш мекемемен 19,9 млн теңгеге келісім-шартқа отырған.
Абаттандыру жұмыстары
Кеншілер қаласында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, қаладағы бірқатар ескерткіштер ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңарып қалған. Кеңес заманынан бері ауыстырылмаған тротуарлар жаңартылып, тас төсемдер төселген.
“Биыл ескерткіштерге ерекше көңіл бөлінді. Бірнеше жыл қатарынан жөндеу көрмеген ескерткіштер жаңартылды. Жұмыстар сәулетшілермен кеңесе отырып істелді. Мысалы кеншінің құрметіне қойылған ескерткішке сырлау жұмыстары жүргізіліп, тас тұғыры жаңарып, маңайына брюсчатка төселді. Осы сынды Космонав көшесіндегі ҰОС жылдарында қаза тапқандарға арналған ескерткіштерге жөндеу жүргізілді. Жалпы алғанда қаладағы барлық 15 млн теңгеге жуық қаржыға ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жүргізілді”, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов.
Қалада гүл отырғызу жұмысы да қарқынды жүргізілген. Қала бойынша 7 мың шаршы метрге жуық аумаққа гүл отырғызылған. Әр түрлі тұқымды ағаштардың 5 мыңнан астамы егілген.
“Гүл егу жұмысымен “Рахат – 2018″ ЖШС айналысты. Жаз мезгілінде жасыл желектерді суару және күтіп ұстау жұмысы тұрақты негізде ұйымдастырылады. Абаттандыру аясында Космонав, Ленин, Комсомольский көшесінің айналма жолына жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сондай-ақ, ойын алаңдарын жасау жұмысы атқарылуда. Жалпы, күн сайын қала бойынша абаттандыру шеңберінде үлкен жұмыс жүргізілуде, ол жаз бойы жалғасатын болады”, – дейді Юрий Итемгенов.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қас беттерін жаңалау үшін қомақты қаржы бөлінген. Ленин көшесіндегі 10 бес қабатты және 5 тоғыз қабатты үйлердің сырт келбеті жаңарған. Онда яғни, қасбеттерімен бірге шатырлары да жаңарған. Жұмыстар қаланы көркейту және біртұтас сәулеттік келбетке келтіру бағадарламасы шеңберінде атқарылған.
“Қаржы өткен жылы бөлініп, екі жылға келісім-шарт жасалды. Маусым айында Ленин көшесіндегі 15 үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бес қабатты үйлерді жөндеуге 103 млн теңге қарастырылса, ал тоғыз қабатты үйлерді жөндеуге 89 млн теңге бөлінді. Алматылық мердігер шатырды жөндеумен айналысуда. Екі қабатты жабын төсеп, жаңбыр суы кірмейтініне 5 жылға кепілдік беріп отыр. Ал қолданылған материальдың өзіне 10 жылға кепілдік бар”, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН
Рудный қаласы