Белгілі қайраткер Орал Таңжарықов өмірден озды

Белгілі қайраткер Орал Таңжарықов өмірден озды

Белгілі қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының білгірі Оралхан Әбдірахманұлы Таңжарықов сексенге қараған шағында дүниеден озды.

Оның еңбек жолы өзі туып-өскен Меңдіқара ауданының Қаратал кеңшарында механизаторлықтан басталып, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудан әкімі қызметіне дейін көтерілді.

Оралхан Әбдірахманұлы туған өлкесіне жанашыр азамат еді. Іскерлігі мен ізденісіне, талапшылдығы мен табандылығына риза болды. Ауданды басқарған жылдары мамандарды білгірлікпен іріктеп, оларды тәрбиелей білді. Рухани өмірге де жаңа серпін берді. Спандияр Көбеев, Ғаббас Жұмабаев сынды ақын-жазушылардың есімін ел жадында жаңғыртты. Ауданға өзінің тарихи атауы қайтарылды. Меңдіқарада тұңғыш рет қазақ газеті дүниеге келді. Мешіттер салынып, қазақ мектептері ашылды. Соның бәрі Орекеңнің туған жеріне қалдырған ескерткіші десек артық емес.

Ол облыстық «Қостанай таңы» газетінің де жанашыры болды. Тілшілер қауымын арқасынан қағып, үлкенге іні, кішіге аға бола білді.

Қайраткер азамат өзінің іскерлік қабілеті, адамгершілік келбетімен ел арасында зор құрметке кенелді. Еңбегі бағаланып, «Тыңға 10 жыл», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «Тыңға 50 жыл» медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Меңдіқара ауданының құрметті азаматы атанды.

Орал ағамыз біздің мәңгілік жүрегімізде. Отбасы, бала-шағасы, туған-туыс жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

«Қостанай таңы» газеті редакциясы

Жаңалықтармен бөлісу