Арқалықта халықпен кездесу басталды

Арқалықта халықпен кездесу басталды

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жылына екі рет барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері өтеді. Осыған орай, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов белгіленген кесте бойынша екінші жартыжылдықтағы тұрғындармен кездесулерін бастады.

Әкімнің халықпен кездесулері ең алдымен қалаға қарасты Фурманов, Восточный және Үштөбе ауылдарында бастау алды.

Кездесулерде қала басшысы тұрғындарды алғашқы кезекте қалада атқарылып жатқан ауқымды жобалармен таныстырып,ауыл әкімдерінің ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептерін тыңдады.

 

Қазіргі таңда Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан!» экологиялық бағдарламасына ауылдардың қосып жатқан үлесіне жіті мән берілді. «Фурманов» ауылында 160 тонна, «Восточный» ауылынан 1 мың 700 тоннакүл-қоқыс шығарылып, ал «Үштөбе» ауылында 4 бұзылған үй мен 4 рұқсат етілмеген қоқыстартазартылған.

Тұрғындардың көтерген мәселелеріне орай иесіз иттерді оқшаулау шараларының қолға алынғандығы алға тартылды. Қалада қаңғыбас иттерді аулап, арнайы орында ұстайтын кәсіп иесі жұмысын бастаған.

Тірек ауылдар санатына енетін қос ауылда көп мәселе көтерілмегенімен Үштөбе ауылының тұрғындарын ауыз су және жол қатынасы қинап отырғаны тағы бір мәрте көтерілді.

Қала әкімі бұл сұрақтардың назарда екенін, ауылды сумен қамту жобасы жосықты мердігерлердің табылмауы салдарынан екі – үш жылдан бері күн тәртібіне енгенімен кешеуілдеп келе жатқанын, таяуда тағы тендр жарияланғанын жеткізді. Жол проблемасы да жақында оң шешімін тапқалы тұр. Облыс қазынасы бөлетін қаражатқа көтерме жолға қиыршық тас төселіп берілетін болады.

Сондай – ақ, «Үштөбе» ауылында мектептегі бала санының аздығы да алаңдатпай қоймайды. Мектеп күрделі жөндеуден өткенімен онда оқитын оқушылар саны аз. Сол себепті, қала әкімі ел болып ауылға көпбалалы отбасыларды тартып, мектепті ұстап қалуға күш салуды тапсырды.

Кездесулерге қалалық ішкі істер басқармасы, өңірлік аурухана басшыларының орынбасарлары, мемлекеттік мекемелермен кәсіпорындар басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу